№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ӨРГЕ БАСТАЙТЫН ЖОБА

ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ӨРГЕ БАСТАЙТЫН ЖОБА

    Нақтырақ айтқанда, өткен апта соңында кен байыту фабрикасының құрылыс жұ­мыс­тары жүргізілетін Шалқия кеніші аумағында «Уақыт капсуласы» белгісі қойылды. 
Келешегі кемел комбинаттың қазығын қағуға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры»АҚ Бас­қар­ма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының Басқарма төрағасы Қанат Құдайберген және ENGINEERIHG DOBERSEK мердігер компаниясының бас ди­ректоры Альбин Доберсек қатысты. Атшаптырым аумақты алып жатқан кеніштің тынысымен танысып, тіршілігін бағамдады. Соңыра, ауданның ғана емес, Сыр өңірі экономикасына серпін беретін стратегиялық жобаның маңыздылығын ескере отырып, Қызылорда облысының әкімдігі, «Шалқия Цинк» ЛТД» АҚ және ENGINEERIHG DOBERSEK компаниясы Шалқия кен байыту комбинатының құрылысына өзара қолдау көрсету мақсатында үш жақты меморандумға қол қойды. Маңызды мәміленің көтерер жүгі жеңіл емес. Себебі, комбинат құрылысының бірінші кезеңі 2 жылға созылуы мүмкін. Десе де, өндіріс орны іске қосылғанда облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, жұмыссыздық деңгейінің қысқаруына жағдай жасайды.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев кенішті қайта құру мен кен байыту фабрикасына қомақты қаржы жұмсалып жат­қандығын, сондықтан мамандардың кәсібилігі мен біліміне баса көңіл аудару қажеттілігін ескертті. Яғни, мониторинг жасау артықтық етпейді. Сондай-ақ, компанияның жұмысын алға сүйрейтін стратегтерді тарту керектігін сөз етті. Ал, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауқымды жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның бас директоры Асқар Жаукенов көптен күт­кен комбинаттың межелі жоспарымен таныстырды.
– Келешекте «Шалқия» тау-кен байыту ком­бинаты жоғары сапалы мырыш және қорғасын концентранттарын өндіретін болады. Өнімнің өңір экономикасына тигізер пайдасы зор. Жалпы жобаның құны – 235 млрд. теңгені құрайды. Ғылыми зерттеу жұмыстарын са­раптай келе, мұнда 2051 жылға дейін кенді өндіру және байыту жоспарланған. «AMC Consultants (UK) Ltd.» компаниясы «Шалқия» кен орнындағы өнеркәсіптік қоры – 4,8 млн. тонна мырыш, 1,3 млн. тонна қорғасын екенін дәлелдеді. Жалпы, әлемдік нарықта мырыш пен қорғасынға сұраныс жоғары әрі бағасы да тұрақты. Негізінде өнімділігі 2 млн. тоннаны құрайтын кешеннің 1-кезеңін 2020 жылғы қазан айында пайдалануға беру жоспарда бар. Ал қуаттылығы 4 млн. тоннаны құрайтын алып кешеннің 2-кезеңінің өз жұмысы 2021 жылы қараша айында басталады деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыру барысында 1500 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі, – деді Асқар Жаукенов.
Сондай-ақ кеніш тынысымен танысу барысында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының бұл саладағы тәжірибесі мен табысты қызметі аталды. Аталмыш компания мыс, мырыш, темір сынды басым металдардан бастап, сирек кездесетін металдарға дейінгі пайдалы қазбаларды өндіру және байытуға маманданған. Оған қоса, бұл технологиялық тізбекке олардың металлургиялық қайта өңделуі де кіреді. Бүгінгі таңда 13 түрлі инвестициялық жобамен айналысып отырған Ұлттық компанияның қатарында елімізге танымал брендті кәсіпорындар бар. Тағы бір айта кетерлігі, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы комбинат құрылысында озық технологиялар мен ең үздік әлемдік тәжірибелерді қолдануда. Бұлда болса, Елбасы Жолдауында жүктеген төртінші өнеркәсіптік экономикаға бейімделудің бірегей үлгісі.
Түйіндей айтқанда, бір кездері Қаратау қойнауында қуатты қарқын алып, Кеңес Одағы тұсында кеншілер қалашығына ай­налған Шалқия тоқырауды бастан өткерді. Сол бір тұста «Шалқия» кенішінде қорғасын-мырыш өндірісі өркен жайып, кеншілер қала­шығындағы тұрғындар саны 15 мыңға жуықтаған. Яғни, өңір экономикасының өріс­теуіне сеп болған Шалқия экономикалық құлдырауды бастан кешірді. Енді міне, бүгінде Мемлекет басшысының индустриялық-инно­вациялық бағдарламасының игілігін сезініп, қайта жаңару, жаңғырту кезеңінен өтуде. Бұйыртса, «Шалқия Цинк» компаниясы толық іске қосылып, өз нәтижесін көрсетер. Бұл алдағы уақыттың еншісінде. Бізді қуантқаны, Шалқияның шаруасы қайта шалқитыны. Комбинат құрылысының бастау алғаны бұқара үшін қуанышты жаңалық. Қаратаудың қойнауындағы кеніштің тамырына қайта қан жүгірер уақытқа аз қалды.

Әбдісамат ӘБДІШ.
30 қазан 2018 ж. 805 0