№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАБИҒИ СҮТКЕ СҰРАНЫС МОЛ

ТАБИҒИ СҮТКЕ СҰРАНЫС МОЛ


Елбасы Жолдауынан туындаған басым бағыттың бірі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Әсіресе, экологиялық таза тағамдарға басымдық беріліп, «Made in Kazakhstan» бренді отандық өнімдердің эталонына айналуы тиіс. Бұл бағытта аудан көлемінде атқарылып жатқан іс ауқымды. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, оның ішінде аргоөнеркәсіп кешенін жан-жақты дамытуға басымдық берілуде.
Десе де, ауыл-аймақта сүт өнімдерін өңдеу және өңдіру саласы кемшін. Сүт өнеркәсібін айтпағанда, шағын сүт қабылдау бекеттерінің өзі жоқтың қасы. Бұл тұрғыда, осы олқылықтың орнын толтырып отырған Өзгент ауылындағы «Ақ бұлақ-Б» ауылшаруашылығы өндірістік коопе­ра­тивінің жұмысы қарқынды. Кооператив төрағасы Ерлан Ерханов өткен жылы құжаттарын жинап, несиеге сауын сиыр алып, сүт және сүт өнімдерін өңдеу мен өндіруді қолға алады. Әуелі аудан төңірегін зерттеп көрсе, табиғи өнімге сұраныс мол. Бірақ іс бастауда үлгі аларлық кәсіпкер таппады. Әйтседе, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына барып, «Бизнес-кеңесші» қысқа курсын оқиды. Одан әрі «Бизнес-бастау» жобасына қатысып, кәсібіне бизнес-жоспар жасатты. Осылайша, 2017 жылдың соңында нартәуекелмен шаруасын бастап та кетті. Бастамасы көңіл қуантарлық. Тек ерінбей еңбек ету ләзім. Бұл – Ерланның ұстанымы.
– Тәуекелмен бастаған бизнесіме қолдау көрсеткен аудан әкімі Ғалым Әміреев пен Марлен Нұртазаев басқаратын кәсіпкерлік палатасына алғыс айтамын. Маған «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ауылдық жердегі кәсіпкерлерге қолжетімді несие беретіндігі жөнінде кеңесін айтты. Одан әрі кооперативке 22 мүше тартып, қолдау несие қаржыға ие болдық. Сондай-ақ, несиенің бір бөлігіне модульді сүт қабылдау бекетін аштым. Оның ішінде, пастелизатор сағатына 250 литр, сүт салқындатқыш 1 тонналық, қосымша лаборатория­сымен жабдықталған. Оған қоса, мұздатқыш рефреризаторы бар Газель автокөлігін алдық. Бүгінде кооператив мүшелерінен күнделікті сүт жинап, аудан орталығына өткізудеміз, – дейді Ерлан Ерзақұлы.
2018 жылдың қаңтар айында толық іске қосылған қожалық 4 тоннаға жуық сүтті «Жаңақорған шипажайы» АҚ-на өткізген. Ол қарбалас жұмыс көктемде басталатынын жеткізді. Өйткені, сауын сиырдың барлығы да сол уақытта бұзаулап, кәсіп қыза бастайды.
– Өздеріңізге белгілі, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы 60-қадамы: «Сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар таратудағы негізгі міндет, үш жыл ішінде ТМД елдері нарығында шығарылатын өнімдердің жартысына дейінгі экспортты қамтамасыз ету, ауылда кооперативтік өндірісті дамыту арқылы шетелдік үлгілерді ұйымдастыру туралы» айтқан болатын. Жалпы, Қазақстан Сүт одағының мәліметіне сенсек, бүгінде нарықта айран, қаймақ, пастеризацияланған сүт, өңделген және тазартылған сүт өнімдеріне сұраныс мол. Бұл бағытта ауданның әлеуеті жеткілікті. Осы орайда, өзгенттік «Ақ бұлақ-Б» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі өзінің сұранысы бойынша модульді сүт қабылдау пунктін ашып, жалпы 162 бас ірі қараны бағуда. Оның 131-і несиеге алынған, – дейді ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бақыт Жексенбаев.
Сүт өңдеу технологиясын енді меңгеріп жатқандықтан әлі де болса, бұл бағытта нарық сұранысына сай өнім дайындау міндеті тұрғанын жеткізген кооператив төрағасы алдағы уақытта сары май мен йогурт өндіретін цех ашатынын жасырмады. Бүгінде табиғи сүтін өткізбекке аудан орталығына барғанда алдынан шығатын бір кедергі бар. Ол – сүтті пакеттеп өткізу. Әрі мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу арқылы сүтін пұлдау.
Бұл бағытта іскер азамат интернеттің игілігін икемдей отырып, пакеттеу технологиясын меңгеруде. Әрі мұндай аппараттың қалай қол жеткізуге болатындығын зерттеп зерделеуде.
Түйін орнына, еліміздегі сүт өндірісінің әлеуетін бағамдап көрсек. Жалпы отандық сүт нарықта бәсекеге төтеп бере алмай келеді. Өйткені, сүт импортына отандық өнім тойтарыс бере алмай отыр. Кедендік Одақ құрылғалы Ресей мен Белоруссияның сүт өнімдері Қазақстан нарығын шыдатар емес. Кез келген супермаркет пен дүкен сөресінде пакеттеліп және қаптамадағы өңделген сүттің сан түрі сықасып тұр. Құрғақ сүттен жасалған өнімнің сақталу мерзіміде ұзақ. Қорабына көз салсаңыз «нағыз табиғи сүт» деген жарнамасы жер жарады. Десе де, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылға дейін 20 сүт фермасын құруды жоспарлауда. Бүгінде елде жылына 5 миллион тоннаға жуық сүт сауылады. Алайда бұл сүт көлемі сауда жүйелері арқылы халыққа жететін түрлі сүт өнімдерін өндіру үшін жеткіліксіз. Өкініштісі, өзімізде өндіруге болатын сүт өнімдерін сырттан тасып, жақыннан дорбаламай, алыстан арбалап жатқанымыз ақиқат. Әрине, ауыл-аймақта әрбір үйде күнелтіп отырған сауын сиыры бар. Бірақ, сүтін өткізетін орын жоқ. Бұл тұрғыда, өзгенттік Ерлан Ерханов төрағалық ететін модульді сүт қабылдау пунктерінің қатары көбейсе, отандық сүт өнімдерінің нарықтағы пайызы артар еді. Яғни, шағын фермалар мен сүт қабылдау бекеттерін әрбір ауылдан ашсақ, өзгенің құрғақ сүтін талғажау етуден құтылып, отандық табиғи өнімнің көлемін арттырар едік.

Әбдісамат ӘБДІШ.
27 ақпан 2018 ж. 1 261 0