№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЛӘЗЗАТ СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ҮЗДІК ҰСТАЗ

ЛӘЗЗАТ СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ҮЗДІК ҰСТАЗ


Биылғы Тамыз кеңесінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов Сыр өңірінен республикалық аттестацияға 17 ұстаз қатысқанын, оның екеуі білім деңгейін дәлелдегенін, соның бірі – №163 мектептің мұғалімі екенін айтты. Біз үздік ұстаз Ләззат Жұмабекова екенін біліп, оның сабағына қатыстық.
«Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанған ұстаздың бай тәжірибесі қалыптасқан. Білікті ұстаз сабақта жаңа оқулықтың мазмұнымен, жаңа оқу жылында қандай тақырыпта сабақ өтетіндері жайлы айтып, оқушылардың сабақ оқуға деген қызығушылығын оятып алды. «Әр күн – тарихтың жаңа беті» дегендей, бүгінгі күн келешек ұрпақ үшін тарих екенін ұқтырған ұстаз алғашқы оқу жылын игі тілектермен бастады.
Алты сабақтың арасындағы үзілісте жас тәлімгерлер білікті ұстаздан сабақ өту барысы туралы кеңес сұрап, бір минут та тыным берер емес. Қалт еткен сәтті құр жібермей, білім беру саласының үздігі, білікті ұстаз Ләззат Жолдасқызынан жетістікке жетудің құпиясын сұрадық.
– Заман ағымымен бірге жаңашылдыққа бет бұрған ұстаз ғана өзін дамыта алады. Ол үшін оқушыға қандай білім беремін? Бүгінгі сабаққа қандай дайындықпен барамын? Баланың зейінін арттыру үшін не қажет? Осы іспетті сұраққа күнде жауап таба білуің тиіс, – деді ұстаз.
Заманның жаңа талабына сай, ұстаздардың біліктілігін жаңа форматта өткізуде тарих пәні мұғалімі алғашқы сатылардан сүрінбей өтті. Кейін, білім саласындағы ең жоғары кезең «Шебер ұстаз» деңгейіне өтуді жөн көрген. Бұл деңгейге жету үшін ұзтаздың білімдігімен қатар жұмыс нәтижесі сараланады. Жалпы, ұстаздың жан-жақты қабілеттілігі сынға түскен шақта, өзі еңбек етіп отырған білім ордасының, ауданның, қала берді облыстың абыройын асқақтатып, ең жоғары деңгейді қорғап шықты. Мұны, ұстаздың өзі мақтан етіп, жарияламаса да, білім басқармасы біліктілігіне бас иді.
Ол осы деңгейге жету жолында көптеген ізденістер жолында жалындады. Бар жігерін балаларға сапалы білім беру мен үздік шәкірттер даярлауға бағыттады. Өзінің ұжымында бірлестік жетекшісі, мектеп тренері және критериалды бағалау бойынша мектеп үйлестірушісі сынды көптеген жауапкершілікті қатар алып жүрді.
Үнемі ізденісте жүретін үлгілі ұстаз өзі еңбек етіп келе жатқан 27 жыл тәжірибесінде бірнеше рет біліктілік арттыру курстарынан өтіп, елімізде білім мазмұнын жаңарту бойынша жүріп жатқан реформаның сәтті жүзеге асуына үлесін қосып, оқушылармен бірге мектеп мұғалімдерінің де кәсіби деңгейінің көтерілуіне ықпал етіп келеді.
Ең алғаш болып ауданда «Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту технологиясы», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университетінің Білім беру факультеті әзірлеген бағдарлама бойынша біліктілік арттыру курстарының I(ілгері) деңгейін оқып бітірді. Сондай-ақ, «Критериалды бағалау жүйесін енгізу бойынша өңірлік және мектеп үйлестірушілерінің» біліктілік арттыру курсын бітірді. ҚР білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша біліктілік арттыру курсынан өтті.
Ел мақтанышына айналған ұстаз «Түркі әлемі: Түркістан жеріндегі құрылтай» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында «Түркілердің тоғыз тарау мәдениеті» атты мақаласы ғылыми жинаққа енді. Мұнда қазақ мұғалімдерінің үздік зерттеулері ғана енген. Осыдан-ақ, шығармашыл ұстаздың еңбегін бағамдауға болатындай. Осы іспетті көптеген ғылыми жинаққа енген зерттеулері ғалымдар тарапынан жоғары бағаланған.
Биылдың өзінде Республикалық «Intelligence.KZ» ақпараттық, ғылыми-педагогикалық журналының №114 санында «Шілікті және Бесшатыр патша қорғандары» деген жаңартылған білім беру бойынша жасаған үлгісінің қысқа мерзімді жоспары жарияланды. Сондай-ақ,«Білім беру мазмұнын жаңартудың маңыздылығы» атты республикалық семинар-конференцияда «Білім беру мазмұнын жаңарту – оқыту сапасын жақсарту негізі» тақырыбында жасаған баяндамасы ғылыми жинаққа енді, арнайы дипломмен марапатталды.
Айта өтетіні, Республикалық «Қазақ тарихы» журналының 2016 жылғы №4 санында «Музыка өнері» және «Қазақтың дәстүрлі заттық мәдениеті» деген мақалалары жарық көрді.
Ләззат Жолдасқызы бірнеше авторлық бағдарлама иесі. Тарқатып айтар болсам, «Тарих сабағында инновациялық технологиялар негізінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру», «Мәңгілік ел идеясын тарих сабағында оқытудың маңызы», «Жаңартылған білім беру аясында тарих пәнін оқытудың ерекшеліктері» атты авторлық бағдарлама әдістемелік-нұсқаулықтары жарық көрген.
Ұстаздың баулыған шәкірттері түрлі додаларда топ жарып жүр. Олардың зияткерлік қырының ашылуына ықпал етіп, ғылым жолына түсуіне ықпал етіп келеді. Атап айтсақ, «ЭКСПО-2017: Мәңгілік ел құндылықтары» республикалық ғылыми жобалар байқауында 9сынып оқушысы Мүзарап Шұғыланың «Мәңгілік елдің ұлттық тұғыры: Бабалар дәстүрін білу парыз» ғылыми жұмысы жинаққа еніп, арнайы дипломмен марапатталды.
№163 мектебінің директоры Күләнда Жақыпбекова:
– Ләззат Жолдасқызының өзі білім беретін сыныптарда оқу үлгірімі мониторингі жоғары деңгейде. ҰБТ қорытындысы бойынша бірнеше шәкірттері 25 баллдық көрсеткішке жетті. Өзін де, шәкірттерін де биік белестерге жетелеген ұстаз – мектептің алтын діңгегі, – деп, ұстаздың жемісті еңбегін жоғары бағалады.
Жүйелі жұмыс пен өлшеусіз еңбектің өтеуіне 2015 жылы білім саласындағы ерекше еңбегі үшін «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін иеленді. Айта өту керек, биыл 11 сынып жетекшісі ретінде табанды еңбек етіп, 21 оқушыдан 11 грант иегерін және «Алтын белгі» иегерін шығарып, оқу ордасының абыройын асқақтатты.
Ләззаттай білімді де білікті ұстаздан дәріс алған Орынбасар Самат, Мейрамбек Аягөз, Тұрлыбек Гүлнұр, Сатыбалды Айнұр, Хамарова Жанна, Құрбанбай Ақерке, Шахмаева Аружан, Жұпанова Зарина сияқты оқушылары «Алтын белгі» иегерлері атанған. Сондай-ақ, Әбдіманап Әділет, Ертас Әйгерім, Жұманазар Майра, Бұлдырық Назерке, Әлайдар Балнұр, Бақытқызы Айдана «Үздік аттестат» иегерлері, сонымен қатар мемлекеттік грант иегерлері атанды.

ТҮЙІН. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, бар ғұмырын, бар біліктілігін балалардың саналы да сапалы білім алуына жұмсаған ұстаздың бағындырар белесі, асар асуы әлі алда деп сенеміз. «Жақсы адаммен өткізген жарты сағат, жарты ғұмырға азық» екенін Ләззат Жұмабековамен өткен санаулы уақытта аңғарып, рухани қуат алып қайттық.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
08 қыркүйек 2018 ж. 1 154 0