№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қоңыраумен үндескен қос мереке

Қоңыраумен үндескен қос мереке


Соңғы жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша ауданда үздік көрсеткіш көрсетіп жүрген №54 Ж.Қыдыров атындағы мектептің соңғы қоңырау кеші ерекше мазмұнмен өрбіді.
Салтанатты шара Орынбасар Абибуллаев атындағы өлкетану музейінің ашылу салтанатымен басталды. Тарихын тереңнен алатын білім ордасында 20 жылдан астам басшылық еткен Орынбасар Абибуллаұлының қолданған заттары музейден орын алыпты. Атап айтқанда, қаламы мен костюмі, медальдары мен марапаттары, сағаты және т.б жеке заттарын табуға болады. Музей екі бөлмеден тұрады. Біріншісінде Орынбасар Абибуллаевтың өмір-дерегіне арналса, екіншісінде Бесарық өлкесінде табылған тарихи жәдігерлер қойылған.
Шараға жиылғандар алдында ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев, Үмбет Абибуллаев оның адамгершілік қасиеттерін, халықшыл болмыс-бітімін сөз етті. Рухани шарада музейдің лентасын ардагер ұстаз Исахан Жолтаев қиса, Үкібай Исаев мен Әсия Нұрмағамбетова ел ағасы жайында естеліктерімен бөлісті.
Жиын әрі қарай соңғы қоңырау салтанатымен жалғасты. Мектеп бітіруші 31 түлекті шығарып салуға ата-аналары және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Алдымен, мектеп директоры Нұралхан Түктібаев 2017-2018 оқу жылының жаңалығымен бөлісіп, үздік оқушыларға "Алғыс хат" табыстады.
– Біздің мектептің білім беру ісінде тәжірибе қалыптасқан, кәсіби ұстаздарымен, білімді оқушыларымен мақтана алады. Мәселен, 2017 жылы 94 балл жинап, үздік көрсеткіш көрсеттік. Соңғы үш жылда «Алтын белгінің» иесі шықты. Яғни, 2015 жылы екі, 2016 жылы бір, 2017 жылы бес оқушы алтынға лайық болды. Былтыр екі білімпаз 125 балдан жинап, ауданның абыройын асқақтатты. Биыл ҰБТ-ға 20 оқушы қатысады. Оның үшеуі «Алтын белгіге» және біреуі «Үздік аттестатқа» лайықты білімін көрсететініне сенемін. Соңғы сынама тестте 99,6 балл көрсеткіш көрсеттік. Бір оқушы 130 балл жинады. Сәтін салса, өткен жылдағы биіктікті бағындыра аламыз деп сенемін, – деді директор.
Сондай-ақ,білім саласына зор үлес қосып, жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбектері үшін мектеп мұғалімдеріне аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің грамоталарын табыс етті. Ауыл имамы Сәбит Ахметов, ауылдық ардагерлер және жергілікті қоғамдастық төрағасы Жайынбай Тұрғанбек бітіруші түлектерге сәттілік тіледі.
Шара бітіруші түлектердің әзірлеген концерттік бағдарламасымен ұласты. «Алтын белгі» үміткері Аружан Әбділла мен озат оқушы Рахат Медеубай 10 -сыныптың үздік оқушылары Аязбек Рамазан мен Аружан Божбанбайға Ту тапсырады. Соңғы қоңырау соғу рәсімін Серік Есболат пен Аделя Жанәділоваға табысталды. Бітіруші түлектер жүрек шерін қозғайтын сезіммен тамаша ән мен биден шашу шашып, ұстаздары мен достарын қимастық сезімін білдірді.
Салтантты шараның маңыздылығын арттырып, ардагер ұстаздар да қызмет еткен қасиетті мекенге келіп, білім саласындағы жастардың ізденісін жоғары бағалады. Олардың қатарында Исахан Жолтаев, Шәріпбек Пернабаев, Ханымша Әділбекова, Сара Әділова, Ұлсерік Мәлханова, Әйткүл Кадирова, Күләш Дүйсебаева, Айымкүл Нәлтаева, Наилла Мадиева, Төреқыз Тлеубаева, Жұпаркүл Айменова, Разия Қошқарбаева бар. Ұшқан ұясына, тәлім алған ұстаздарына қайта қауышқан 10 жылдық және 20 жылдық түлектер кездесуге келді. Сондай-ақ, білім ордасының 17 түлектері білім ошағына сағынышпен оралып, жүрек сөзін жеткізді. Осы түлектер арасында елге белгілі қаламгер Байбота Серікбайұлы өмірде өз орнын табуға бағыт-бағдар көрсеткен ұстаздар қауымына алғысын жеткізді. Көптен бері сағынышпен қауышқан құшақтар гүлге толды.

Мақпал Марқабай.
26 мамыр 2018 ж. 1 811 0