№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қош келдің, жаңа оқу жылы!

Қош келдің, жаңа оқу жылы!


Күні кеше ғана айналасы тылсым тыныштықта мүлгіп тұрған мектеп ауласы, бүгін қазандағы еттей қайнап жатыр. Жарқын-жарқын шыққан ұлдардың, ауланың екінші жағына қарай сыңқылдай күлген қыздардың үні аула ішін шаттыққа бөлеген. Сынып жетекшілеріне сәлемдесіп, қолдарындағы гүл шоқтарын имене ұсынған шәкірттердің көзі бал-бұл жайнайды. Мұндай мерекелік шара Әбдіғаппар ауылдық округі орталығындағы №213 мектептің көрінісі еді.
Салтанатты шара 11 сыныптың үздік оқушысы Ерік Қалболаттың Мемлекеттік Туды алаң ортасына алып келуімен басталды. Мереке шымылдығын ашқан ауылдық округінің әкімі Жаңабай Орынбасаров:
– Адамға ең бірінші ақыл керек десек, білімнің кілті – мектепте. Ал, ұстаздар санамызға жақсы сөздер сіңіріп, бізге тек жақсылық тілейді. Өмірдің жаңа жолын бірінші сыныптан бастаймыз. Қадірлі жастар, сабақты жақсы оқып, ата-ананың үмітін ақтау міндет. Сондықтан талмай ізденіп, білімді, білікті болуға тырысыңыздар, – деді.
Мектеп директоры Қалдыбай Елемесов жиналған ата-аналар мен шәкірттерді жаңа оқу жылымен құттықтай келе, 2017-2018 оқу жылындағы жеткен жетістіктері жөнінде тоқталды.
– Елу жылдық тарихы бар біздің мектеп 1968 жылы сегізжылдық болып ашылды. Ал, 1970 жылдан бастап орта мектепке айналды. Сонан бері мектеп қабырғасынан екі мыңнан аса шәкірт өмірге жолдама алды. Осы жарты ғасыр ішінде «Өзгенің уақытын аялаған, өз уақытын аямаған» ұстаздар қауымы өзінің білгенін шәкірттерінің санасына сіңіріп, олардың өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар беріп келеді. Қазіргі таңда мектептегі 60 ұстаздың жоғарғы санаттылары – 8, бірінші санаттылары – 23, екінші санаттағылары – 11, – деді мектеп басшысы.
Оның айтуынша, ұстаздар қауымының біліктілігін арттыруда 2014-2018 жылдар аралығында 25 мұғалім, пән бойынша 14 ұстаз білімін жетілдірген. Назарбаев Зияткерлік мектебі мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының жаңа форматты оқыту сатыларынан 11 мұғалім өткен.
Өткен оқу жылында мектепті 15 түлек бітірді. Оның 10-ы тестілеуге қатысып, ҰБТ қорытындысы бойынша 85,4 балл жинады. 7 түлек мемлекеттік грантты жеңіп алған.
Биылғы оқу жылында 396 оқушы оқитын болса, оның 60-ы 1-сынып табалдырығын аттады. Оқушылар оқу құралдарымен 100 пайыз қамтылыпты.
Мектеп директорынан соң сөз алған ата-аналар Төлеген Құлманов пен Әнипа Ержанова өз сөздерінде соңғы 5-6 жылдың көлемінде мектептегі ұстаздар қауымының жемісті еңбектеріне ризашылығын білдіріп, өздерінің ұл-қыздарының сабақ үлгерімдерінің жақсарғанын мақтанышпен айтты.
Шара барысында мектеп өнерпаздары келген қонақтар мен шәкірттерге арнап ән шашуын шашса, бірінші сынып табалдырығын енд аттаған бір топ бүлдіршін тақпақ оқыды. Салтанатты шара мектептің биылғы жылғы бірінші сынып оқушыларының соққан қоңырау үнімен қорытындыланды.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
04 қыркүйек 2018 ж. 1 525 0