№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МАҢДАЙЫМА ӘНҰРАННЫҢ АВТОРЫ БОЛУДЫ ЖАЗЫПТЫ

МАҢДАЙЫМА ӘНҰРАННЫҢ АВТОРЫ БОЛУДЫ ЖАЗЫПТЫ


Мемлекеттің негізгі нышанының бірі – рәміздері. Әсіресе, саңлақ спортшылар әлемдік деңгейдегі додалардың биігіне шыққанда Әнұран шырқалып, ұлттың рухы асқақтап жататыны бар. Осы ретте, Конституция күні қарсаңында Қазақстан Республикасының ескі Әнұраны авторларының бірі – Жадыра Дәрібаеваны әңгімеге тартқан едік.
Апаймен әңгімелесу барысында әкесі Ыбырайым Исабаевты жақсы танығанымды, оның інісі Нұртас Исабаевпен бірге мектеп бітіргенімді жеткіздім. Осылайша әңгімеміз емін-еркін өрбіп, бұрыннан таныс адамдарша тілдестік.
– Адами ізгі ұстанымдарды атам Дәрібай бойыма сіңірді. Төреңөзекте ақыл тоқтатып, білім жолына түстім. Алғашқы өлеңдерімді де сонда жаза бастадым. Қызылорда қаласындағы қыздар педагогикалық училищесіне түстім. Сонда жүріп қазақтың көрнекті сатирик ақыны Асқар Тоқмағамбетов басқаратын әдеби ортада қалыптасып, әдебиет әлеміне ендім, – деп бастады әңгімесін ол.
– Сіз мектеп бітіргеннен кейін біраз жылдар Мәскеуде білім алдыңыз. Сонда жұмыс істедіңіз. Бүкіл Одақтас Республикалардан келген жастарды мәскеулік зиялы қауым қалай қарсы алды?
– 1970 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының студенті атандым. Әдебиет пен өнердің барлық саласы бойынша дәріс берілетін институтта одақтың түкпір-түкпірінен келген жас ақын-жазушылармен араласа бастадым.
Сол кездегі атақты Сергей Залыгин, Виктор Астафьев, Лев Озеров, Лев Ошанин, Петр Прос­курин, Василий Белов, Алексей Михайлов және т.б ақын-жазушылар шығармашылық семинарлар жүргізетін. Мұнда кезекпен әрбір студенттің шығармалары талқыланады. Осындай түбегейлі талдаудан жақсы пікір алып қанаттанушы едік. ХХ ғасырдың 70 жылдары Кеңес одағына әйгілі Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Роберт Рождественский, Белла Ахмадуллина, Римма Казакова сынды ақындарды тыңдау бақыты бұйырды. Сондай әдеби-рухани ортаның бір бөлшегі болғаныма дән ризамын.
– Мәскеуде жүргенде қазақ ақын-жазушыларымен байланысыңыз қандай болды?
– Қазақ көркем аударма тобында Қазақстаннан Невель Әбілов, (ол бір жылдан соң қайтыс болды). Қайрат Бақбергенов, Бақыт Қайырбеков, Ерлан Сатыбалдиев, Баян Бұлғақбаева және мен оқыдық. Елден келген ақын-жазушылар бізді тауып алып қазақ әдебиетінің, елдің жағдайына қанықтыратын. Біз бірінші, екінші курста жүргенімізде КСРО Жазушылар Одағындағы қазақ әдебиеті бойынша кеңесшісі болған жазушы Тәкен Әлімқұлов бірге қызмет атқарды. Онымен жиі кездесіп, сұхбаттасып тұрдық. Кейін оның орнына жазушы Роллан Сейсенбаев келді. Сол кезеңде Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы қызметінде қазақтың көрнекті жазушысы Әнуар Әлімжанов еді. Ол кісі келіп бізді жинап, ақыл-кеңесін беріп тұратын. Мәшһүр ақын Олжас Сүлейменов те жиі келіп жырларын оқып, ой бөлісетін.
Қазақтың көрнекті жазушылары: Кемел Тоқаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Төлеген Тоқбергенов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Әнес Сараев, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжанов, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Адам Мекебаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Сағат Әшімбаев сынды тұлғалардың мейір-шапағытынан қуат алып өскенбіз. Халқымыздың аяулы ақын қыздары Мариям Хакімжанова, (ол кісі менің алғашқы кітабыма алғысөз жазған еді) Тұрсынхан Әдірахманова, Роза Қунақова, Батима Батырбекова, Марфуға Айтхожина, Фариза Оңғарсынова, Мағираш Сарикова, Қанипа Бұғыбаева, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Ахметова сияқты апаларымыздың жанашырлық ықыласына талай бөленгенмін.
– Сұрақты Әнұранға қарай бұрсақ...
– Әнұран – алдағы мақсатқа жетем деген адамның кеудесіне намыс отын ұялататын, рухыңды асқақтататын құдіретке ие. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанның бірінші әнұранын рухты әндер санатына жатқызуға болады.
Кеңестік кезеңнің алғашқы 25 жылында әнұран барша республикаға ортақ болды. Тек 1943 жылы Қазақ КСР-ның алғашқы Мемлекеттік Әнұранын жасауға байқау жарияланды. Соңғы нұсқасы ретінде Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди әуеніне жазылған Әбділда Тәжібаев, Қайым Мұқамедханов, Ғабит Мүсіреповтың мәтіні қабылданды. Әнұран 1945 жылы бекітілді. Кеңестік дәуірдегі әнұранның сөзі коммунистік идеология талабына сай, жалған оптимистік рухта жазылған-ды.
– Енді қазақстандықтарды қуаттандырған, жігерлендірген әнұранның шығу тарихы жөнінде тоқталсаңыз...
– Жалпы, туған елдің қадір-қасиетіне сырт жерде жүріп жете түсінеді екенсің. Осындай көңілді кернеген озық та албырт ойлармен елге оралдық.
1991 жылы ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Кеңестік дәуірдің ыдырауымен бірге 1945 жылы бекітілген Қазақстан әнұранының мәні жойылды.
Сөйтіп, мемлекеттік рәміздерге байқау жарияланды. Байқауға өлеңімді жібердім. Оған 300-ден аса үміткер қатысты. Байқауда іріктеліп алынғандардың ішінде Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиевтің бірігіп жазған өлеңі және Қазақ Советтік социалистік Республикасының Гимнінің сөзін жазған Қайым Мұқаметханов пен менің өлеңім болды.
Бұл мәтіндер Жоғарғы Кеңес депутаттарының сессиясында талқыланды. Сол сессияда атақты композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди жазған бұрыңғы социалистік Қазақстанның Гимнінің музыкасы қабылданды.
Енді сөзіне қайтадан байқау жариялансын деп ұйғарылды. Екінші байқауда қазақтың көрнекті сол үш ақындарымен бірігіп жазған өлеңіміз, 700-ден астам жыр додасынан жеңіп шығып, мәреге жеткен еді. Сөйтіп, маңдайымызға еркіндікке жеткен туған еліміздің алғашқы Әнұранының сөзінің авторлары болуды жазыпты.
– Қызықты әңгімеңізге рахмет!

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
30 тамыз 2018 ж. 1 569 0