№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АЙТЫСТЫҢ АҚТАҢГЕРІ

АЙТЫСТЫҢ АҚТАҢГЕРІ


1943 жылы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде елдегі еңбекшілерді еселі еңбекке жұмылдыру, еңбек адамдарының еңбегін көрсету мақсатында тұңғыш рет Республикалық ақындар айтысы өткізілді. Осыған байланысты жер-жерлерде де ақындар айтысы ұйымдастырылды. Сондай айтыс Нартай Бекежановтың ұйытқы болуымен Жаңақорған ауданында өтті. «Кеңесарық» колхозының атынан Манап Көкенов, «Елтай» колхозының атынан Әбжан Құрышжанов айтысқа түсті.
Екеуінің айтысы тартысты да қызықты өтеді. Жұрт риза болды. Айтыстан кейін Нартай Бекежанов Манап пен Әбжанды қасына шақырып алып:
– Дарияның ағып жатқан тұнығысың.
Тұнықтың бойында өскен шылығысың.
Тең түстің Манап, Әбжан қарақтарым
Халықтың ел билейтін құлынысың, – деп екеуінің арқасынан қағып, ақ батасын беріп, ақындық жолына сәт-сапар тіледі.
Бұл – Манаптың тұңғыш айтысы еді. Ел билейтін құлыны болмағанмен, ел сыйлайтын ұлығы боп өскен Манап сол кезде 15 жаста болатын.
Манап ең алдымен елге айтыс ақыны ретінде танылды. Ол алғашқы Әбжан Құрышжановпен айтысынан бастап, соңғы 1987 жылғы Қызылжарда (Павлодар) Тәушен Әбуовамен айтысына дейін 50 рет ақындар айтысына түскен. Соның ішінде 23 рет қыз-келіншектермен айтысқан екен. Мәкеңнің қызбен айтысу нышандары жас кезінен-ақ басталған.
1945 жылы қызыл отауда істеп жүрген кезінде аудандық мәдениет бөлімінің тапсырмасымен «Жайылма» колхозына барады. Тапсырмасы – сондағы кітапхананың жұмысымен танысу. Барса кітапхана жабық. Кітапханашы Гүлсара бір үйде кілем тоқып жатқанын айтады. Жетіп барудың есебін таппай, ойнап жүрген балалардың бірінен Манап дереу мынадай бір шумақ өлеңмен хат жазып жібереді:
– Еңбекке кейде біздің жоқ санамыз.
Көбіне осындайдан ақсағанбыз.
Келіп ем, әдейі іздеп, жоқ екенсің,
Орныңды сипап қалдым Гүлсара қыз.
Біраздан соң әлгі бала жауап өлең жазылған бір жапырақ қағаз әкеп береді. Онда Гүлсара қыз:
– Ал, Манап, өлеңіңді алдық біз де.
Таба алмай ынтық болып жүрміз сізге,
Сендей ақбас СССР бойынша жоқ,
Басыңды ағарттың ба жағып сүзбе? – депті.
Қарап қалатын Манап бар ма, әлгі балалардан кілем тоқып жатқан қыздардың атын, түр-келбеттерін сұрап алып, қолма-қол былай жауап жазып жібереді.
– Гүлсара – алты қыздың апасындай,
Нәлбикең – он сиырдың жапасындай.
Біреудің алтын басын кемітесің.
Міндерің толып тұрып тап осындай.
Міне, қызбен алғаш сөз қағысудың осылай бастаған Манап ақын енді 19 жасында Жетісай жақта өтіп жатқан үлкен бір тойда жыр дүлділі Нартаймен айтысқан атақты Іңкәр деген ақынның отыздар шамасындағы Нәбира атты атышулы сіңлісімен сөз сайысында түседі. Айтыс бара-бара қызып, екі жағы да бірін-бірі алдырмай, әбден шарықтау шегіне жеткен кезде Нәбира:
О, Мәке, жұрт көрсек деп көп желікті.
Бұл халқым не десе де өзі ерікті
Қожасың, әр жерде айтып алып жүрсің.
Беріп кет маған қайта теберікті, – деп, Манаптан алым сұрай жабысады. Сонда Манап домбыраны қағып-қағып жіберіп:
Жеңеше-ау, кеп отырмыз тамашаға.
Теберік көп ішінде жараса ма?
Шынымен теберікті қажет етсең
Берейін ебі келсе оңашада, – деген кезде, уәжден ұтылған Нәбира бұл айтысты одан әрі созбай, орнынан тұрып келіп Манаптың қолын алады.
Осындай қызықты айтыстың бірі Манаптың 20 жасар кезіндегі Салқынай деген қызбен айтысы. Бірде аулына келіншек түсіп, сол тойға барса, Салқынай деген құдаша қыз Манапты айтысқа түс деп кеу-кеулейді. Сонда Мәкең: «Айтыссақ айтысайық, құдашасың ғой, айтысты алдымен сен баста» – деп кезекті Салқынай қызға береді.
Әдетте, баяғы кітапханашы Гүлсарадан бастап кейінгі айтысқа түсіп жүрген қыз-келіншектің біразы Манаптың туғаннан шашы, қасы, тіпті білегінің түгіне дейін аппақ болып туғандығын кемсітіп айтып, сөзден осы жағынан ұстамақшы болғандығы көрініп жатады.
Бұл тойда айтысты бастаған Салқынай қыз да салған жерден Манапты бірден сүріндірмек болып:
Туғаннан ақ боп тудың шал секілді.
Көзің қысық, басың жауған қар секілді.
Диірмен тартып, от та жағады екенсің.
Екі түрлі қасиетің бар секілді, – деп, ол Манаптың анау шашың аппақ шал секілдісің, әрі диірмен тартып, от та жағатын әйел сияқтысың, екі түрлісің бе, қалай өзі? – деген сыңай танытып, аяғыңнан бірден шалып түсірген шығармын дегендей, Манапқа күлімсіреп қарап отырады. Сасатын Манап па, домбыраны ала салып:
Туғаннан ақ боп тудым шал секілді
Көзім қысық, басың жауған қар секілді.
Менімен бір түнесең, құдашажан
Білер едің қандай қасиет бар секілді, – деген кезде, Салқынай қыз жауап қайтара алмай, төмен қарап үнсіз отырып қалған екен. Сөйтіп, ақын Манап Салқынай қызды табан астынан тапқыр айтылған бір ауыз өлеңмен тоқтатқан, қыз уәжге тұрған.
Манап ақын өз өмірінде шаршы топта талай қыз-келіншектермен, соның ішінде орыс қызы Надежда Лушниковамен екі рет айтысқа түскен. Ол өзінің ең соңғы Тәушен Әбуовамен айтысында:
О, халқым, мені ақын деп таныдыңдар.
Сүйсініп ғалымның бар, дарының бар.
Ризамын ақындық тағдырыма,
Айтыста қыз-келіншектен салымым бар, – деуі де сондықтан болса керек-ті.
Өнер өлкесіне жастайынан қадам басқан Манап тек қана айтыс ақыны емес. Сонымен қатар облыстық және аудандық газеттердің штаттан тыс тілшісі, мәдени және тарихи ескерткіштерді зерттеуші, халық мұрасын қастерлеп жинаушы болды.
Ақын Манаптың шығарған өлеңдері мен айтыстары бірнеше топтама жинақтарға енсе, оның бір топ өлеңдері мен бірқатар айтыстары «Жазушы» баспасынан 1983 жылы «Сырдария саздары», 1991 жылы «Сыр әуендері» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. Мәкең дүниеден өткеннен кейін бұрын жарияланбаған көптеген өлеңдері мен біраз айтыстары жинақталып, 1999 жылы Әл-Фараби баспасынан «Көгілдір күмбездер» деген атпен басылып шығып, оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Мәкеңнің көзі тірісінде аудан мәдениеті мен өнерінің өсіп-өркендеу жолдарын баяндайтын «Екі мыңыншы сапар» атты көркем тілмен жазылған очерктер кітабы 1987 жылы «Қайнар» баспасынан жарық көрді.
Мәкең ертеректе өмір сүрген жергілікті ақын Құлан Алдабергенұлының 3 мың жолдық өлеңін жинап, республика Ұлттық ғылым академиясының алтын қорына тапсырды. Ол отызыншы жылдары өмір сүрген жергілікті күйші композитор Әлшекей Бектібайұлының 14 күйін зерттеп тауып, 10 күйінің күйтабаққа түсіріліп-таралуына да үлкен үлес қосты. Құлан мен Әлшекейдің және Құтбайдың есімдерінің «Қазақ Совет Энциклопедиясына», Құлан ақынның бір топ өлеңдерінің «Бес ғасыр жырлайды» атты көп томдық кітапқа енуіне Манаптың еңбегі зор. Сондай-ақ Өзбекстанда ақын-композитор, әнші-жыршы, термеші, күйші Құтбай Дүрбаев деген қазақстандық тарлан талант тұратынын Қазақ Ұлттық Ғылым академиясындағылардың құлағына салған да Манап ақын болатын.
Биыл халық ақыны Манап Көкеновтың туғанына 90 жыл толды. Осыған байланысты жыл басынан бері бірқатар шаралар іске асырылуда. Аудан кітапханаларында халық ақынының шығармашылығы мен өмір жолдарын көрсететін кітап көрмелері жасалса, аудандық тарихи өлкетану мұражайында ақынның киген киімдері мен ұстаған бұйымдары қойылған. Аудан мектептерінде «Манаптану» сабақтары өткізіле бастады. №1 кәсіптік мектеп әкімшілігі «Дарабоз ақын» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырса, аудандық мәдениет үйінің әдістемелік кабинеті мен Манаптың шығармашылық өнер мектебі «Ақын жүрген іздермен» атты әдеби кеш өткізді. Бұл игі жұмыстар жалғасын табуда.
Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев «Манаптың бір өзі – бір театр екен ғой» деп жоғары баға берген еді. Бұл халықтың да бағасы болатын-ды.

Дайындаған
Шайдарбек қажы ӘШІМОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
16 маусым 2018 ж. 1 461 0