Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлттық домбыра күні ұлықталды

Ұлттық домбыра күні ұлықталды


Ұлттық домбыра күні – рухани жаңғырудың бір парасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шілде айының бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күнін белгілеп, барша қазақстандықтарды ұлттық мерекені тойлауға пәрмен берді. Дүбірлі думан Жаңақорған қонысында да ерекше нақышта өрбіді.
Орталық алаңға жиналған халық ұлттық аспаптың үнін есіп, саябаққа бет бұрды. Аудандық «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің ұстаздары шалқытқан әуен шартарапқа тарап, тыңдармандарын тарта білді. Домбыра үніне қобыздың дыбысы қосылғанда тыңдармандардың демі іштен тынып, әуен ырғағына елтіп, ұйып тыңдады. «Көңілашар», «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Ерке сылқым», «Қаражорға», «Айда былпым», «Кісенашқан», «Қайран шешем» және тағы да басқа күй көкке қалықтады. Күйдің кереметтілігі көз алдыңда жүйріктің шабысы, аққудың қанат қағысы, шашбаудың сылдыры, өзеннің гүрілі елес береді. Бұл базынадан баяндайтын халық тарихы іспетті. Бірде көңіл көтеріп, бірде мұңға батырады. Осындай кеш сыйлаған өнер ұжымына халық та ризашылығын білдіріп жатты. Айман Асқарқызы: «Бүгін балаларымды қыдыртып, орталық алаңды аралауға келгенмін. Біздің жолымыз болған екен, балаларым күй тыңдап, рухани азық алдық. Ұлттық құндылықты ұлықтаушыларға ризашылық білдіремін», – дейді кент тұрғыны.
Тыңдармандар қатарында өзге өңірден келгендер де болды. Солардың қатарында Мухиддин Табылдиев: «Біз Шымкент қаласының тұрғындарымыз. Рақымжан Оразымбетов пен Батырбек Сейтов менің әріптестерім. Біз №65 мектеп-гимназиясының ұстазымыз. Ұлттық домбыра күні Жаңақорғанда қалай аталатынын көрмекке арнайы атбасын бұрдық. Шипажайдағы санаулы сағаттан уақыт тауып, орталық алаңға келіп, Ұлттық мерекені өз көзімізбен көрдік. Жаңақорған – ұлттық құндылыққа толы тарихы терең киелі мекен. Бүгінгі шарасы тіпті, керемет өтті», – деді.
Ұлттық рухты асқақтатқан шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов:
– Елбасы Ұлттық домбыра күнін белгілеудің астарында терең тарихи тағылым, елдік мүдде, ұлттық рух жатыр. Бұл мереке барша қазақстанның төл мерекесіне айнады. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, қолына домбыра ұстап, ұлттық аспапты ұлықтап жүрген жандардың еңбегі өлшеусіз. Бүгінгі шарада өнерін көрсеткен аудан өнерпаздарына халық атынан алғыс білдіремін, – деді.
«Әлшекей» атындағы өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбаев:
– Біз ұлттық аспаптың насихатшысымыз. Өскелең ұрпаққа төл өнерді үйретіп, домбыра мен қобыздың құнын арттырып, қасиетін дәріптейміз. Енді Ұлттық домбыра күні біздің жұмысымызға жаңа серпін бермек. Бұл мереке тек бір күндік емес, жыл бойы жалғасын табуы тиіс, – деді.
Айта өтуіміз керек, Ұлттық домбыра күні елімізде тұңғыш тойланып отыр. Алғаш рет орталық алаңда ұйымдастырылған ұлттық шараға өнерпаздар өз еркімен, жүрек қалауымен келген. Тынымсыз тіршіліктен бірауық ұлттық өнерге бет бұрған жерлестер ұлттық рух атойлаған сәтте жеке мүддеге орын жоқ екенін айтты.

Мақпал Марқабай.
03 шілде 2018 ж. 1 521 0