Аудандық әдістемелік семинар

Өткен аптада Келінтөбе ауылындағы №192 орта мектеп базасында Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес «Бастапқы әскери даярлық сабағы: теориялық білім, әскери база және практикалық дағды» тақырыбында аудандық әдістемелік семинар өткізілді. Аққорған аймағына қарасты №184, 192, 209, 240, 256 орта мектептердің бастапқы әскери даярлық пәні оқытушы-ұйымдастырушыларының қатысуымен өткен жиын өте маңызды мәселелерді қамтыды.
Семинардың мақсаты – пәнді оқыту сапасын арттыру, теориялық білімді практикалық дағдылармен ұштастыру, заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану және педагогтер арасында тәжірибе алмасу. Ашылу салтанатында №192 орта мектеп директоры Аманкелді Тұралбай мен аудандық білім бөлімінің БӘД пәні әдіскері Әлішер Камалдин қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Семинар бағдарламасы аясында алдымен Ерлан Сарсенханов (№209 орта мектеп) «Әскери база – практикалық сабақтың негізі» тақырыбында әскери оқу-материалдық базаның мүмкіндіктерін таныстырды. Одан кейін Амантай Сұлтанов (№240 орта мектеп) теориялық білімді практикалық дағдыға айналдырудың тиімді жолдарын көрсетті. Арман Егембердиев (№192 орта мектеп) 10-сыныпта «Конституция негіздері, ҚР Қарулы Күштері» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Шәкірқожа Үсенов (№256 орта мектеп) «БӘД сабағында заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану» тақырыбында панорамалық сабақ ұсынды. Сүннет Абдрашитов (№184 орта мектеп) оқушылардың әскери білімін, логикалық ойлауын және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған «Әскери көшбасшы» интеллектуалдық сайысын ұйымдастырды.
Сайыс барысында БӘД пәні оқытушы-ұйымдастырушыларының әскери білімдері, логикалық ойлау қабілеттері, жылдам шешім қабылдау дағдылары және топпен жұмыс істеу шеберліктері сыналды. Тапсырмалар әскери тарих, әскери жарғылар, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері және әскери-патриоттық тәрбие бағыттарын қамтыды. Сайыс оқушылардың білімін саралауға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және өзара ынтымақтастығын нығайтуға бағытталды.
Семинар қорытындысында қатысушылар өткізілген сабақтар мен практикалық жұмыстарға пікір білдіріп, өзара тәжірибе алмасты. Әскери оқу-материалдық базаны тиімді пайдалану, теориялық білімді практикалық дағдымен ұштастыру, заманауи педагогикалық әдістер мен цифрлық ресурстарды сабақта қолдану мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында ұсынылған тәжірибелер бастапқы әскери даярлық пәнін оқыту сапасын жетілдіруге, оқушылардың әскери-қолданбалы дағдыларын қалыптастыруға және олардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, тәртіп пен азаматтық ұстаным қасиеттерін дамытуға бағытталды. Семинар өз мақсатына жетіп, педагогтердің әдістемелік қоржынын толықтырған, тәжірибелік маңызы жоғары іс-шара ретінде қорытындыланды.
Арман ЕГЕМБЕРДИЕВ,
бірлестік жетекшісі




