» » БАСТЫ МАҚСАТ– АУЫЛ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ

БАСТЫ МАҚСАТ– АУЫЛ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ


Ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, ел экономикасының маңызды тірегі. Оның өркендеуі мен тұрғындарының тұрмыс сапасының артуы – мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі көрсеткішінің бірі. Бүгінде ауылдың әлеуетін көтеру тек шаруашылықты өркендетумен шектелмейді. Ол – әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, сапалы білім мен медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, жастарға қолайлы орта қалыптастыру, кәсіпкерлікті қолдау және елді мекеннің келешегіне бағытталған жүйелі жұмыстардың жиынтығы. Осы орайда, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, қол жеткізген жетістіктері мен алдағы міндеттерін білу мақсатында Машбек Нәлібаев ауылының әкімі Бақдәулет Сердалиевпен әңгімелескен едік.


– Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне қарап, оның даму деңгейі мен тұрғындардың тұрмы­сын бағамдауға болады. Әңгімені округтің жалпы әлеуетінен бастасақ. Бүгінде ауылдың демо­графиялық және аумақтық көрсеткіштері қандай?
– Біздің ауыл – өзіндік тарихы, қалыптасқан еңбек дәстү­рі бар елді мекен. Ауылдың бүгінгі дамуы тұрғындардың бірлігі мен еңбегіне, шаруашылықтың жүйелі жүргізілуіне тікелей байланысты. Қазіргі таңда округте тіркеуде тұрған халық саны – 1066 адам. Ауыл аумағында 176 тұрғын үй, 169 отбасы бар. Жалпы жер көлемі 7138 гектарды құрайды. Ауыл халқының басым бөлігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Егін мен мал шаруашылығы ауыл экономикасының негізгі тірегі әрі атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп. Диқандар жердің бабын тапса, мал өсірген шаруалар төрт түліктің өрісін кеңейтіп, ауылдың азық-түлік қауіпсіздігіне де үлес қосып отыр. Ал біздің міндетіміз – осы қалыптасқан шаруашылық әлеуетін тиімді пайдалану, тұрғындардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақты түрде ілгерілету.
– Ауыл шаруашылығы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен төрт түліктің жайы мен шаруалардың еңбегі ойға оралады. Округтегі мал басының қазіргі көрсеткіші қандай? Мал шаруашылығының дамуына қандай мүмкіндіктер бар?
– Мал шаруашылығы – ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзінің бірі. Қазіргі таңда округ бойынша 2209 бас мүйізді ірі қара, 9936 бас қой мен ешкі, 1989 бас жылқы және 115 бас түйе тіркелген. Бұл көрсеткіштер ауыл тұрғындарының төрт түлік өсіруге деген ынтасын, шаруашылық жүргізудегі тәжірибесін аңғартады. Мал өсіру – күнделікті күтімді, жауапкершілікті және тұрақты еңбекті қажет ететін сала. Сондықтан шаруаларға қолдау көрсету, олардың кәсібін кеңейтуіне мүмкіндік жасау маңызды. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несие тетіктері де ауыл шаруашылығын дамытуға оң ықпал етіп келеді. Мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған тұрғындар мал басын көбейтіп, кәсібін ұлғайта алады. Алдағы уақытта да ауылдағы шаруашылықтардың дамуына, тұрғындардың еңбекпен қамтылуына және табыс көздерін арттыруға басымдық беріледі.
– Мал шаруашылығымен қатар егіншілік те ауылдың экономикалық қуатын айқындайды. Биылғы егін науқаны қалай өтті?
– Иә, егін шаруашылығы округ экономикасының маңызды бағыты. Биыл ауыл бойынша 15 шаруа қожалығы егін және мал өсірумен айналысты. Көктемгі дала жұмыстары уақытылы ұйымдастырылып, егіс науқаны жоспарға сәйкес жүргізілді. Нақты көрсеткіштерге тоқталсақ, биыл 300 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 61 центнерден өнім алынды. Ал 205 гектарға бидай орналастырылып, гектарына 25 центнерден өнім жиналды. Сонымен қатар 130 гектар алқапқа жаңа жоңышқа егілсе, 680 гектар жердегі ескі жоңышқа күтіп-бапталды. Жалпы егіс алқабы 1315 гектарды құрап, оның игерілуіне тиісті жұмыстар жүргізілді. Сонымен қоса су мәселесін шешуге бағытталған жұмыстардың бірі – Р-26 каналы толық тазаланды. Каналды тазарту егістікке су жеткізуге қолайлы жағдай жасап, шаруалардың жұмысын жеңілдетті. Су арналарының уақытылы тазалануы мен суды тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Жалпы, егіншілік саласында мол өнім алу тек жерге дән себумен шектелмейді. Оған су, техника, еңбек күші және дұрыс ұйымдастырылған жұмыс қажет. Сондықтан алдағы уақытта да осы бағыттағы мәселелерге назар аударып, диқандардың өнімді еңбек етуіне жағдай жасау маңызды болып қала береді.
– Ауылдың экономикалық белсенділігі кәсіп­керлік нысандарының жұмысынан да көрінеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Кәсіпкерлік ауыл экономикасының маңызды бөлігі екені рас. Қазіргі таңда округте 40 кәсіпкерлік нысан тіркелген, оның 25-і жеке кәсіпкерлер. Олар тұрақты жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлік нысандарының қызметі тұрғындарға қажетті тауарлар мен қызметтерді ұсынумен қатар, жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік береді. Бүгінде ауылдық округ бойынша 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар биыл 10 жұмыссыз азамат қоғамдық ақылы жұмысқа тартылды. Мұның өзі тұрғындарды еңбекке араластыруға және уақытша болса да жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың бір бөлігі. Алдағы уақытта да кәсіпкерлікті қолдау, тұрғындардың өз кәсібін бастауына мүмкіндік жасау және мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Өйткені ауылда кәсіпкерлік неғұрлым дамыса, тұрғындардың табыс табу мүмкіндігі де соғұрлым артады.
– Ауылдың ажары мен тұрмыс сапасы оның инфрақұрылымына тікелей байланысты. Кейінгі кезеңде елді мекеннің көркін келтіру, жолдарды жақсарту және қоғамдық орындарды көбейту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Елді мекеннің таза, көрікті әрі тұрғындарға қолайлы болуы – күнделікті назарда ұстайтын мәселелердің бірі. Ауылдың дамуын тек экономикалық көрсеткіштермен бағалау жеткіліксіз. Тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруы, демалысы, қауіпсіздігі мен қоршаған ортаның тазалығы да маңызды. Осы бағытта Абылайхан даңғылының бойына 140 метр жасыл желек қоршауы орнатылды. Бұл жұмыс ауылдың көркін жақсартып, елді мекеннің абаттануына үлес қосты. Сонымен қатар ауылдың кіреберісіндегі Абылайхан көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді. Сондай-ақ, экологиялық тазалық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ауыл шетіне қоқыс полигоны орналастырылып, пайдалануға берілді. Бұл тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орынға жинауға және елді мекеннің тазалығын сақтауға бағытталған маңызды қадам. Ең бастысы ауылдың кіреберісінде заманауи саябақ салынып, тұрғындардың тынығатын орнына айналды. Саябақ маңынан волейбол және кіші футбол алаңдары да салынды. Бұл нысандар демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды. Осындай игі істерге қолдау білдірген азаматтардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ауылдың көркеюіне жергілікті қауымдастықпен қатар, елге жанашыр азаматтардың да қосқан үлесі зор. Бұдан бөлек, ауылда Адырбек Сопбеков атындағы кітапхана филиалы ашылып, төрт адам жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен қатар қазіргі таңда ауылдағы электр желілерін жаңарту жұмыстары аяқталды.
– Халықтың денсаулығын сақтау – қоғам үшін басты міндет. Ауыл тұрғындары медициналық көмекті қай деңгейде алып отыр?
– Тұрғындардың денсаулығы мен медициналық көмектің қолжетімділігі әрдайым маңызды. Ауылда алғашқы медициналық көмек көрсететін Ақжол фельдшерлік-акушерлік пункті жұмыс істейді. Ол 2019 жылы жаңа ғимаратқа көшірілген болатын. Қазіргі таңда медициналық пунктте 8 медицина қызметкері және 3 техникалық қызметкер еңбек етеді. Күндізгі бөлімде 2 орындық емделу орны бар. Ауыл тұрғындары алғашқы медициналық көмек алып, денсаулығына байланысты қажетті кеңестерге жүгіне алады. Округ бойынша 128 адам диспансерлік есепте тұр. Тіркелген азаматтар мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
– Ауылдың рухани өмірі мен мәдени ортасы да оның дамуына ерекше әсер етеді. Мәдениет саласында қандай жұмыстар жүргізіліп, өнерпаздар қандай жетістіктерге жетіп жүр?
– Мәдениет – ауылдың рухани байлығы мен ұлттық құндылықтарын сақтайтын маңызды сала. Ауыл тұрғындарының бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру, балалардың өнерге қызығушылығын арттыру және жас таланттарды қолдау бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда ауылдағы 150 орындық клуб үйінде бес үйірме тұрақты жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге 60-қа жуық бала қатысады. Балалардың әнге, күйге, биге және шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылған. Мәселен өткен жылы «Саз» және «Үкілі домбыра» домбырашылар үйірмелері облыстық байқауда екінші орын иеленді. Ал «Жұлдыз» би үйірмесінің тәрбиеленушілері республикалық сайыстан «Алғыс хатпен» оралды.
– Ауыл тарихына да тоқтала кетсек. Бүгінгі атауы мен қалыптасу жолының өзіне тән кезеңдері бар екен. Ауылдың өткенінен қандай деректерді атап өтер едіңіз?
– Туған жердің тарихын білу – кейінгі ұрпақ үшін маңызды. Өйткені әрбір елді мекеннің атауы мен қалыптасу жолында халықтың өткені, еңбегі және тарихи кезеңдері жатыр. Біздің ауылдық округ орналасқан аумақ бұрын «Раман тамы», «Шөлімбет тақыры» деген атаулармен белгілі болған. 1932 жылы қазіргі ауылдың маңында колхоз қайта ұйымдастырылып, «Политотдел» атауымен құрылған. Кейін «Еңбекші қазақ» колхозы ұйымдастырылып, 1936 жылдан бастап осы атаумен аталған. Кейіннен 1974–1992 жылдар аралығында елді мекен Өзгент совхозының бөлімшесі болса, 1992–2005 жылдары «Ақжол» атауымен аталды. Ал 2005 жылғы 24 мамырда облыстық мәслихаттың XV сессиясының №178/432 шешімі және облыс әкімінің шешімі негізінде «Ақжол» ауылдық округінің атауы Машбек Нәлібаев ауылдық округі болып өзгертілді. Бұл деректер ауылдың әр кезеңде түрлі әкімшілік және шаруашылық өзгерістерді бастан өткергенін көрсетеді. Бүгінгі ұрпақ үшін осы тарихты сақтау, елді мекеннің өткенін кейінгі буынға жеткізу маңызды. Өйткені туған жердің шежіресін білу оған деген құрметтің бір көрінісі.
– Әңгімеміздің соңында ауылдың алдағы даму бағытына тоқталсаңыз. Алдағы кезеңде қандай мәселелерге басымдық беріліп, тұрғындар игілігі үшін қандай жұмыстарды жалғастыру көзделіп отыр?
– Біздің басты мақсатымыз – ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Бұл бағытта ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету және инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу маңызды. Қазіргі таңда жаңа клуб үйінің құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы жұмыстарды қолдау да назарымызда. Ауылдағы балалардың сапалы білім алуына, спортпен айналысуына және өнерін дамытуына жағдай жасау – болашаққа бағытталған маңызды міндеттер. Ауылдың дамуы үздіксіз еңбекті, нақты жоспарды және ортақ жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан алдағы уақытта да ауылды көркейтуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға және елді мекеннің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз.
– Әңгімеңізге рақмет. Ауылды өркендету жолындағы әр ісіңізге сәттілік тілейміз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
13 қазан 2026 ж. 74 0