Тағдыр сыйы

Дүниеде туған жерден артық құдірет жоқ. Тірлігінде оның төсін көркейтіп, өріс көкжиегін кеңейту өз алдына, дүниеден өткен соң да киелі мекеніңнен кіндігіңді үзбей, көкірегіне басыңды қойып, тұғырына ту болыт тіктелудің нығметі неде?
Бүгінде Машбек атаның есімі берілген алақандай ауылдың тұсынан ары-бері өткен жолаушыға алыстан қол бұлғап, күлімсіреп қарап тұратын ерлі-зайыпты Машбек ата мен Бибіш апаның ұрпақ көңілінде өрнектеліп қалған өмір тарихымен танысқанда осынау сырдың ұштығын ұстағандай боласың. Ол қандай сыр?
Қызыл өкіметтің өктем саясаты көзі ашық, көкірегі ояу, ағайынға қамқор, әлеуметке жол-жоба көрсете білер әлді-ауқаттыларға құрық сала бастаған кезінде қуғындалудан қауіп қылған Сапарбай әулетіне амалсыз Тәжікстан жерін паналауға тура келген екен. Қорғантөбенің Ұзынқұдық деген жерінде әкесімен бірге саудагерлерге кіре тартуға жалданған өспірімнің көзі бейнетпен ашылды. Керуен жаз бойы астық тасыса, қыста Әмудария бойындағы тоғайдан ағаш кесіп, Самархан асып жатады екен.
Кейін ес жиып, атамекенге бет бұрған ағайынға алдымен аяқ жеткен Өзбекстан жерінде аялдап, жергілікті халықпен бірге мақта егіп, күнкөрісті ажыратуға тура келді.
Бұл кезде жиырмадан жаңа асқан жас жігіт кәсіп сырын көңілге тоқып, әке бейнетін қолынан алып, ағайынға жетекшілікке жарады. Осы үйренген кәсібін 1957 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай ауданы, Алғабас колхозында одан әрі жалғап, он жыл мақта егумен айналысыпты.
«Әркімнің тұрған жері – Мысыр шаһары» дегендей, әрбір атқан таң, батқан күнге сыйынып, күнделікті маңдай тер, адал бейнетінен мағына тапқан пендесінің нәсібіне қарыздар қара жер құр қалдырмай, қарын тоқ, қадірі де жаман болған жоқ. «Жарда өскен жантақты жаннан безген аладының» кебімен жанкешті талабына жалынған қазақ ағайынның бәрібір бөтен жерде көңілі алаң, жүректің бір түкпірінде туған жерге құштарлық жанды байыз таптырмағанын да жасыра алмайды.
Ақыры, 1966 жылдың ерте көктемінде ағайындары Әжібек, Құрбанбек, Бексаба, Жәдігер, Камал, інісі Есенбаймен бірге туған жер – Ақжол ауылына (ол кезде «Политотдел» деп аталады) бет түзейді. Политотдел «Задария» кеңшарына қарайтын. Сонымен Задария кеңшарының директоры Әбдіғаппар Нұртазаев бір жыл бұрын Қазақбай деген жерге келіп қоныстанған Машбекті жаңадан құрылған «Политотдел» бөлімшесіне жетекшілік етуге жібереді.
Бұл ауылда елу үшінші жылдарға дейін екі-ақ үй бар еді. Соғыс кезінде Сунақата су арнасы қазылатын болып, сонда көшірілген қаншама ағайынды осында әкеліп, қайта қоныстандыруға тура келді. Жұртшылық жаппай жұмылып баспана соғып алудың қамына кірісті.
Дарияның ар жағындағы бес шаруашылық алдында Түгіскен ауылдық кеңесі қарауында болса, жетпіс үшінші жылдан бастап жартысы Задария ауылдық кеңесінің меншігіне өтті. Бүгінде бір ауылдың есімін еншілеген Машбек атаның ғұмырдариясы да осы осы кезеңдердің тарихымен тығыз байланысты.
Біз бұл жөнінде деректерді атамекенінде алғаш еңбек жолын бастаған Машбек Сапарбайұлымен тізе қосып бірге еңбек еткен Әлімхан Құрманбекұлынан жан-жақты білдік.
– Менің әкемнің әкесі туды-бітті кіндігі осы Ақжолдың топырағына байланған. Осында өмірге келіп, еңбек етіп, ұрпақ жайды. Әкем қой бақты. Мен де әке қолын ұзартып, атакәсіпті жалғар ма ем, колхоз алғаш күріш егуді қолға алғанда аудан орталығындағы кәсіптік техникалық училищеде механизатор мамандығын алуыма тура келді.
Машбек Сапарбайұлымен еңбекке араласқан бірінші күннен бастап тағдырымыз тоғысты. Нақтылап айтсам, 1967 жылдан бастап мен сол кісінің бригадасында трактор айдадым.
Ол кезде басқа егін шаруашылықтары әлі аяққа тұрмаған, үш жоспарды қатар орындадық. Тауқымет деген шаш-етектен. Жабайы жерге атыз салу, арық қазу, күрішті жинау сынды көп жұмыс қолмен атқарылады. Бірақ соның өзінде жақсы өнім ала алдық, – дейді ол.
Диқаншылық кәсіпке тыңнан түрен тартып, тізе қосып ден қойған егінші қауымның жоғары көрсеткішке қол жеткізуінің сырын ол былай жеткізеді:
– Ол кез адамдарында уақытпен, жағдаймен санасу деген болған жоқ. Күн-түн күріштің жағдайымен егістіктің басында болушы едік. Бала-шағаның бет жүзін көру жоқ. Егіндікті баласынан артық мәпелеген диқан қауымының еңбегі ақталып, әр жыл жақсы өнім алып жүрдік.
Әр бригадада үш-төрт трактор, комбайны бар. Жаз бойы егістік басында, ал қыста мал фермасына жем-шөп тасимыз. Күріштікке жаңа жер аршып, шеңгел шабамыз. Техниканың бұзылғандарына жөндеу жұмыстары атқарылады.
72-жылдан бастап төртінші бригада жасақталып, мені соған бригадир етіп жіберді де Машбек аға екеуміз қатар бригадада қанаттаса еңбек еттік. Бұл кезде Задария кеңшарынан бөлініп, Өзгент ауылдық кеңесі қарауына өттік. Осы кезеңдері де ағаның іс-тәжірибесінен көп нәрсені үйреніп, тәжірибеде қолдандым, – дейді ақсақал өткенді еске алып.
Соның бірерінен мысал келтіре аласыз ба деген сауалымызға еңбек адамының жауабы төмендегіше өрілді:
– Ауданның бірінші хатшысы Ахметжан Жанпейісовтің жұмыс тәсілі, түннің қай уағында болсын тосыннан келіп тексеріп кететін әдеті бар еді. Бригадирлер түн баласы да қос басында түнеп, шаруағА қырағы болуымыз қажет. Бірде күріштің ақ мұрт байлаған кезінде егіс басына келген Ахаң «суды тарт» деп бұйрық берді. Бұйрық орындалу керек, әйтпесе бюрода қарайды. Мен ғана емес, басқа бригадирлер де әр науқанда осы бұйрықты орындады. Бірақ біздің мұнымыз дұрыс тәсіл емес екен. Бірде егіс басына келген Машбек аға «Әй Әлімхан, күріштің ақ мұрт байлаған кезінде суды тарту дұрыс емес. Нақ осы кезде судан қалған дән тұзданып күйіп кетеді» деп ескертті. Содан бастап тапсырма берген басшыға көз қылып суды уақытша байласақ та, амалын тауып күріштікті дер кезінде судан тарықтырмауға тырыстық. Соның арқасында жақсы өнім алып жүрдім. Мұның бәрі Машбек ағаның кеңесімен болған жетістік еді» дейді Әлімхан аға.
Көненің көзі – тарихтың өзі. Жанына жақындап кетсең сыр сандығы төгілетін аға ұрпақтың өткен жолынан өнеге түйгенді олжа көріп, әлі де әңгіме тиегі ағытылса деген тілекпен енді Машбек атаның бала тәрбиесіндегі ұлағаты жөнінде білгіміз келді. Оның негізі жоқ емес. Екі бірдей перзенті ауыл, ауданнан асып, облыс басқарған деңгейге жеткен әкенің тәлім-тәрбиесі, дәстүр-ұстанымы жөнінде білу әрине маңызды. Ақсақалдың бұл сұрағымызға берген жауабы аға ұрпақ өмірінің ортақ ұстанымын әйгілеуімен де көңілімізге ерекше әсер етті.
«Ол кісілердің бала тәрбиесімен етене айналысуына уақыты, мүмкіндігі өте тар болды деп айтар едім. Үй ішінде жайланып отырып, бала-шағасымен дастархан басында бірге ас ішуге уақыт тапты ма екен десеңші. Машекеңнің жас кезінен аттың жалында, түйенің қомында, жеке басының емес, мемлекеттің мүддесі үшін жанын жалдап еңбек еткен сәттері көз алдымда сайрап тұр. Жары Бибіш апамыз да звено жетекшісі болды, өзінің қарауына белгілеп берген жерінде күріш егіп, күтім-бағымға алып, тер төкті. Ерлі-зайыптың бала-шағасына берген тәлімі осы.
Өзің үшін ғана емес, көптің игілігі үшін жан аямай еңбек ет, жемісін көресің. Сені бақытқа жеткізетін де, атақ пен даңққа бөлейтін де - еңбек дегенді өздерінің тұтас өмірімен, арада қанша жылдар өтсе де қадірі кемімейтін болмыс биігімен дәлелдеген асылдығы дер едім», дейді қария тебірене.
Машбек атамыздың замандасы, бүгінде жасы тоқсанның бесеуіне шыққан Шайдарбек Әшімұлы былай дейді:
– Мен Түгіскен ауылдық кеңесіне төраға болып барған алпыс жетінші жылдары ауылдық округке Ақжол, 23 партсъезд, Өзгент, Задария кеңшары қарайтын. 1972 жылы әулиелі мекендерді қамқорлыққа алу жөнінде шыққан Үкімет қаулысын пайдаланып, жергілікті салықтан түскен қаржыға Қостораңғылды, Ақжолдағы «Бұйрабаба» зиратын, Сыр Өзгенттегі Қылышты ата мен Төлегатайдың бейітін, Қылауыз атаның басын қоршалап, күтім жасауды жолға қойдық.
Ол кезде мал етінен түтін басына салынатын мемлекеттік салық деген болады. Оған жалпының жағдайы келе ме, сонда елдегі малды адамдардың үлесінен күнкөрісі нашарларға теңдей бөлісіп, салықтан құтылуына жағдай жасауға тура келетін. Осы жұмыстардың барлығында менімен бірдей жүріп, елішілік жұмыстардың оңынан бітуіне жәрдем-көмегін аямайтын Машбек ағаның ұйымдастырушылық қабілетін бір бөлек айтар едім. Ол өз ісіне адал, бір сөзді, жүрегі кең адам еді, – дейді Шайдарбек Әшімұлы.
Жетпіс үшінші жылдары Задария кеңшары өз алдына бөлініп шыққанда ауылдық округтің төрағасы болған жылдарын еске алған қария: «Сол жылдары шаруашылықта төрт-бес бригада болды. Жұмысты ақсатқан жетекшілері ауысып отырады ғой. Менің бір білерім, Машбек бригадирдің жұмысына сын түскен емес. Сондықтан тұрақты өзі басшылық етіп, шаруашылықты аяққа нық қойды. Бүгінде өскен-өркендеген Ақжол ауылының сән-салтанатты келбетінде оның қолтаңбасы бөлек болатыны сондықтан» дейді ақсақал.
Сол кездегі ауылдық кеңес төрағасы Сыр беткейдегі елді мекендерді үйме-үй аралап жүріп, халықты құжаттандыру жұмысымен айналысқандарын айтты. Ол кезде көп отбасында ұл-қызына туу туралы куәлік те алмаған. Еңбек кітапшалары да жоқ. Осы құжаттың барлығын заңдастырып реттеп, тұрғындардың баласына жәрдемақы алуына, зейнет жасына жеткенде зейнетақы алуына да жағдай жасағанын білдік. Міне, тарих.
Алғашқы кезде атамекенге келіп қоныстанған ағайынның тұрғын үйден бұрын меншігіне берілген жерге көкөніс пен жеміс ағаштарын егіп, ауыл халқына қияр мен қызанақ жегізгені керемет таңсық жаңалық болғанын да жасырмады қария. Әр отбасы ұрмадан асарлатып там соғып жатса, үкіметтің тұрғызған үйлері де қатарға қосылып, көз алдарында көркейген ауыл бейнесі бүгінде адам айтқысыз өзгеріп, заманауи көрініс тапқанына риза көңілін де бүгіп қалмады.
Көнекөздер шерткен сыр осылай деп толғанады.
КӨРГЕНІ КӨП КӨШ БАСТАР
Алғаш еліміз егемендік алған кезеңде де дағдылы бағытынан бет бұрған жүйеге даңғыл жол таппай дағдарып, билік басындағылардың да беттен басқандай берекесі қашып, ел ерге, ер жерге қараған ауыр кезеңдерді бастан кештік. Жағамыздан алған көзге көрініп тұрған жау емес, жалпақ жұртқа қол бастайтын көсем, сөз бастайтын шешеннен бұрын тұралаған қоғамның тұғырын нықтайтын, есеңгіреп қалған елдің еңсесін жықпайтын, діңі мықты, діңгегі берік жолбасшы керек болды. Не қиындықта да еодің еңсесін тіктеп, тығырықтан алып шығатын қаһарман еңбек адамдараның көшінің басында Машбек қария секілді сан сынақта мұқалмаған мұзбалақтың болуы өтпелі кезеңнің өтінде мұқтаждыққа тіреліп уайым кешкен халықтың мұңын серпіп, жарқын күндерге жігерлендірді. Қай кезде де қайсар мінезінен қайрат алып, жоққа жасымаған, барға тасымаған тау тұлға, өзінен бұрын өткен ата-баба даналығынан дәрмен тауып, келещегіне шырақ ете білген аға ұрпақ тәлімінің асылдығы да осында еді.
АТ ТҰЯҒЫН ТАЙ БАСАР
Отбасында өрбіген сегіз ұл-қызы да ата-анадан алған тәрбиесін лайықты жалғауының өзі өмірдің шын сыйы болса керек.
Тұңғышы Бердібектің мектепті өте жақсыға бітіріп, бала кезінен армандаған мамандықтың жалына жармасуынан әке көңіл көп үміт күткен. Үміті алдамапты. Ол еңбекке араласқан алғашқы күннен бастап-ақ ерекше талантымен танылды. Оған ел басқару ісінің нәзік иірімдерін меңгере білген дегдарлығы себеп десек, оның ар жағында әкеден алған өмірлік сабақтың тәлімі жатыр еді дей аламыз.
Бердібек Сапарбаев қай өңірді басқаруға барса да, қай саланың тізгінін қолына алса да тәртіп пен талапты қатар ұштастырып, жұмыстың алға басуына барын салды. Істің көзін тауып, реформаларды мемлекетке де, халыққа да тиімді тәсілмен жүзеге асыруға тырысты.
Дара болмысымен, көшбасшылық қасиетімен қарапайым ауыл баласынан қайраткерлік тұғырға табан тіреген Бердібек ағамыз қатал өмірдің сынын да, сабағын да аз көрмеді, табанды қайратымен тауқыметтің бәрін еңсеріп, ел басқару ісінде табиғи қарым-қабілетімен ерек таныла білді.
Ел тәуелсіздігіне енді ғана ие болған өтпелі кезеңде ескексіз қайықтай бағытынан жаңылған жүйеден өзіндік сүрлеуін тауып, тұралаған жағдайды жарыққа сүйреуде оған бала кезінен көзін біліп өскен шаруақорлығы бір күш берсе, екінші жағынан жастай жалына жармасып өскен жаңашыл ғылым әлемінен еншілеген білім-білігі сенімді серік болып, ерік-жігерді еселеді. Ешкімге жалтақтамай, есебіңді біліп, шаруаңды түзіп, алға қарай нық қадам басудың үлкен-кіші тәжірибеде игілігі бірдей екеніне елдің көзін жеткізді. Абай атамыз айтқан «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген даналықтың шын қихметін ол осылай өз өмір жолымен дәлелдеді.
Жанұяда перзенттің алды болғанның жауапкершілігі үлкен. Егіс даласында тер төккен үлкендердің үлгісімен атыз бойында қалып кетер масақты мәпелеп, талай күріштікке су жібергенде тұтқиылдан лап қоятын тасқынды бөгеп белуардан лай кешкен күндерін Машбекқызы Айсара күні бүгінге дейін ұмыта алмайды.
«Жақсылықтың жолы ұзын. Мейлі үлкен болсын, кіші болсын, мәні, мазмұны әрқилы болсын, қолыңнан келсе, жақсылық жасауды біл». Әкесі Машбек пен аналары Бибіштің отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан ұл-қызының құлағына бала кезден құйған тағылымы осындай еді.
Айсара Машбекқызының зейнетке шыққанына да он жылдан астам уақыт өтті. Десе де қоғам өмірінен қол үзбеген ұстаз ұрпақ тәрбиесіне етене араласумен қатар аудандағы әйел-аналар арасында тәлімдік өнегесін жалғап келеді. Ол ұлттың үлгілі дәстүрлерін ұлықтап отыруды алдымен өз отбасы, әулетінен асып елдік деңгейде насихаттап отыруға үлкен мән беріп келеді.
Ел анасының қоғам, ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектері орынды бағаланып келеді. Білім беру саласының ардагері Айсара Машбекқызы осыдан екі жыл бұрын «Құрмет» орденінің иегері атанды. Жаңақорған аудананың «Құрметті азаматы».
***
«Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Аудан, қала әкімі қызметінен өсіп, төрт жыл өз облысымыздың тізгінін ұстаған, бүгінде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келе жатқан Нұрлыбек Машбекұлы аймағымызға жетекшілік еткен кезеңде Мемлекет басшысының, Үкіметтің, Президент әкімшілігі тапсырмаларының бірінші кезекте сапалы орындалуы күн тәртібінен түскен емес. Оның осы төрт жылда атқарған қыруар еңбегінің жемісі бүгінгі күні де заңды жалғасын тауып, халықтың игілігіне қызмет етіп келеді.
Бұл отбасының тағы бір аяулы перзенті, бүгінде аудан орталығындағы №286 орта мектебін басқарып келе жатқан Ләззат Машбекқызы туралы айрықша тоқталу орынды. Тегінде өзің көңілмен сүйген, тәлімін түйген, шын пейіліңмен беріліп, басыңды иген тұлғалар туралы тереңнен танып, қасиетіне қанып, жүректе орнықтырудың жөні бөлек. Әйтсе де Ләззат құрдасымызбен бір сұхбатымызда өзіне төл есімінің қойылуы туралы тарихқа қанықтық.
Егіннің жайы, шаруаның қамымен мый далада күн кешкен диқан кісінің жазым болып аяқтан жарақат алып, бір аяқтан жарымжан халде аттай он екі ай төсекке таңылған күндер де болды-ау. Бірақ өмір деп соққан жүректің жалыны қауызын жарып, көкке қанат қағып, іңкәр тілекке жалғанып, жаңа үміт пен мақсатқа ұмтылдырған ләззатты сезімнен жаратылған маңдайы жазық нәрестеге «Ләззат» деген есімді еншілетіпті. Міне, сынақты кезеңнің сырлы сипатындай жанының бір бөлшегі – осы перзентіне ата-ананың пейілі бөлекше ауып, омырауына тағып, алақанда ерекше еркелетіп, аялап-ардақтауының астарында осындай сыр жатыр. Үміт күткен перзент те ата-ана сенімін ақтады. Әулет абыройын асырды. Халыққа жақты, ұстаздық ардақты жолдан абырой тапты.
Машбек атаның отбасындағы өзге ұлдары – Әлібек, Батырбек, Пазылбек, барлығы да өз саласында жетістікке жеткен, әке мұратына адал азаматтар.
Сыр өңірінде туып, бейнетіне ғана сыйынған болмыстың сырлы сипатын бойына сіңіріп, талап, еңбек, терең ойды ұштастыра ұлтына ұстын боларлық биіктен таныла білген Нәлібай ата ұрпақтарының өмірі бізге осындай тағылымымен қадірлі.
Баян ҮСЕЙІНОВА




