Есікті кім ашады?
Күндердің бірінде жаңадан үйленген ерлі-зайыпты: «Бүгін үйге кім келсе де есік ашпаймыз!» деп бәстесіпті. Аз уақыт өткен соң есік қоңырауы басылыпты. Олар есіктің саңылауынан қараса жігіттің әке-шешесі екен. Алайда, олар есікті ашпапты. Қариялар күте-күте амалсыз үйлеріне қайтыпты.

Арада көп жыл өтіпті. Олар төрт ұлдың, бір қыздың әкесі болыпты. Қызы дүниеге келген сәтте қатты қуанған әкесі барлық туыс-туған, дос-жаранды шақырып ұлан-асыр той жасапты. Бұл істің байыбына бара алмаған жолдастары одан: «Сен 4 ұлың дүниеге келгенде мұндай қуанбаған едің, ал қызың дүниеге келгенде неге мұнша қуандың?» деп сұрапты.
Сонда балалардың әкесі баяғыда болған оқиғаны әңгімелеп беріп: «Жаратқан иеміз ақыры бізге есік ашып беретін бір перзентті берген екен, бұған неге қуанбасқа?!» деп мәз болған екен.