» » Мағзұмның мысығы

Мағзұмның мысығы


59-жылы Жаңақорғанды су алды. Осы кезде қызыл су теміржолға дейін барып, бөгеттен аса алмай арғы беті аман қалған.  Ал Төменарыққа қарай жүрер бағытта  24 бекеттің маңайындағы Бөртескен ауылын су басыпты. Өйткені бұл жаққа қарай теміржол еңістеу, ойпаңдау тұсынан тасқын шайып өтсе керек.

Бұл ауылда тұратын біздің Үсейін атамызды  ауыл халқы «мағзым» деп сыйлапты. Сырқаттана қалса алдына барып, дертіне дәру тапқан. Құдай жолында жүрген адамға қалтқысыз құрмет арқылы Құдіреттің разылығына  бөленуге болады деген сенімнің шынайылығы ма, әр басқан қадамына ақсақалдан бата алып, арқа тұтып келген сыңайлы.
Біз атамыздың көзін көрмедік. Алпыс төрттің қақаған қаңтар айында дүниеден өтіпті. Мағзымның денесі салынған табытты жаназадан алып шығып бара жатқанда ауылда бала көтере алмай жүрген келіндерді астынан өткізіп алыпты дегенді еститінмін. Қазірде ол заманның куәгерлері де азайып барады. Жасы жетпіске толған өзімнің Нұрбибі әпкем атамыздың бауырында өскен қызы еді. Сол апамыздың аузынан естігендеріміз қиялымызды бала күнге самғатып, беймәлім сағыныш отын кеудемізге қонақтатаып қоятыны қызық.
Соның бірі – осы Бөртескенді су алғандағы оқиғаны былай баяндап беріп еді: «Түн ортасы. Ай сүттей жарық. Атам бізді оятып, бір киер киім мен керек-жарақты кішкентай шабадандарымыз­ға салдырып, буынып-түйініп, өзімізді арбаға отырғызып, «Бұқа тышқанға» қарай жолға салып, өзі үйде қалды. Су гүр етіп келгенде қатты ұйқыдан дым сезбей, іргеден енген мұздай суға селк етіп шошып оянып, делбе болып қалған ауылдағы бір кісіні кейін атамыз дем салып емдеп жазғанын көзім көрді. Тасқын ауылдағы үйлерді жапырып кеткен ұқсайды. Қолындағы келіні Гүлжамал апамның жарамдылығы сондай, атамның атын ерттеп, ер адам атқаратын бар жұмысты арқалап жүре беретін. Сол жолы атамның айтуымен қорада бір қойды алдына өңгеріп беріпті. Атамыз қолындағы өткір пышақпен қойды бауыздап, тостаған толы қанына кү­бірлеп құран оқып, шашып жіберген жерінде тасқын тоқтап, кері қайтқанын сол жеңешеміздің өз аузынан естідік» дейді.
Бұлар паналаған аралдай шағын аумақты айнала ұшып, төбеден нан тастап кететін самолетке кішкентай балақандар қол бұлғап жүгіретінін айтып берді ол. Оншақты күннен соң ауылға оралған екен. Жағалай су шайып, құлаған қабырғалар қайта тұрғызылып, әркім өз баспанасын салуға кірісіп кетіпті. Бұлардың үйіне су кірмей, аман қалыпты. Сосын төбеде тұрған Күләш апаның үйі орнында екен. Көш кезінде көз жазып қалған қара мысығын уайымдап келген екен. Ол атаның шалғайына жармасып аман жүргенін көріп, қатты қуаныпты.
 Негізі бұл мысық Нұрбибіге ерекше бауыр басқан құсайды. Жеті жасар бүлдіршін тамағының жартысын өзі жесе, жартысын соған беріп әбден дәндендірген ғой. Бұл үйде де мысық мақұлығын жақтырмайтын кісілер болса керек, иесінің көзін ала бере Жаңақорғаннан келген ағайынның көлігіне салып жіберіпті. Мысығын кешке дейін іздеп таппаған бүлдіршінертесі одан күдер үзе бастаған.
Ол кезде Өзбекстаннан Мәскеуге қатынайтын 85 және 86 деген жо­лаушылар пойызы болатын еді ғой. Сол пойыз кеп тоқтап, жағалай жармасқан жолаушылар арасынан жол тауып, ырғып мініп алған мысықты ешкім байқай қоймаса керек. Пойыздың орындық тақтайшаларының бірінің астына кіріп кеткен оны жылжығанда барып байқаған біреуі «Мынау мағ­зымның мысығы ма?» дегені. Сөйтсек, бұл титімдей мақұлық ауылдың адам­дарын танып, соларды маңайлап, солар мінген вагонға тырнақ іліктір­ген болып тұр ғой. Жолсерік келгенде жолаушының бірі марғауды шапаны­мен көлегейлеп, жасыра қойыпты. Сәл­ден соң ақ жарты минутқа пойыздың Бөртескенге бөгелетіні бар. Сол кезде  сыртқа ытылған жануар серіктестерінің алдына түсіп алып, тура мағзымның үйіне қарай тартыпты.
Осыдан он бес-жиырма жыл бұрын осы Нұрбибі апаммен бірге Ақтау қаласына бірге жол жүретін болдық. Пойызға отырғанбыз. 24 разьездің тұсында баяғы өздері отырған Бөр­тескеннің балшық тамдары көзіне оттай басылған апам жанарын бір сулап алды. Шіркін, балалық шағың өткен жер ұмытылар ма? Ал он алты жасынан бастап біз тұратын екінші ауылға аға-жеңгесінің қолына келді ғой осы Нұрбибі апам. Ағайынның татулығының кереме­ті, қазір қай абысын келінінің қолын ұзартуға бойжеткен қызын жіберіп қояды екен. Сол кездері менің осы Нұрбибі апаммен Бөртескенге барып келгенім есімде. Ауылдың мәгәзінінде зат тапшы  ма, көршінің менімен жас­ты қызы Қыдыркүлдің тәпішкесін киіп барғанымды да әлі ұмытпаймын.
Кезінде таскөпірден өтетін суға қыз-балалар шомылып жататын. Су үлкен арыққа құйылып, ауылдың бау-бақшасына белден жарапты. Бұл жердің топырағының берекесі қандай, не ексең де бұрқ етіп шығып, ризық-несібеге көміп тастайды екен. Бұл төңіректе қазір мұның бірі де жоқ, су көзін қолмен бітеп тастағаннан кейін ақтақырға айналған. Бірақ осы бір аяулы мекен менің Нұрбибі апам сынды бірнеше жандардың қиялында әлі өмір сүріп келеді.

Баян Үсейінова
17 қаңтар 2023 ж. 234 0