Ерлік жолы


Тағдыры қиын жылдарға тап келіп, жастығын жаудың оғы жаралаған жандардың қатарында Талап ауылының тұрғыны Ысқақ Жұмаділлаұлы да бар еді. Майданнан аман оралғаны болмаса, көзі жұмылғанша жан жарасы да, тән жарасы да жазылмай кеткен қарияның құсалы кеудесінде айтылмаған қанша сыр өзімен бірге кетті. Осынау азаматтың есімін ұрпақ санасында қайта жаңғыртуды құп көрдік.


Ол 1922 жылы май айында Бесарық ауылында шаруа отбасында өмірге келген. Әкесі Жұмаділла жылқы бағып, көкпар шапқан білекті жігіт болған деседі. Алыс-жақын өңірде өткен аламан бәйгеге ат баптап, жүйрік аттарының даңқы алысқа кетуімен өзінің де есімі елге танылған екен.
Өңір тарихына зер салсақ, Бесарық өзені бойындағы ертеден келе жатқан Ысқақ атаның диірменін ел әлі де ұмыта қойған жоқ. Бір күні бәйгеден ұтқан түйесіне диірменнің тасын артып әкелген ағаның көптің қамын жеп өткен адал еңбегі туралы ауылдастары әркез айтып отырады. Су диірменмен бүтін ауылдың азығын қамдап, нан-судан тарықпайтындай тоқшылыққа негіз қалаған ердің еңбегін ерекше айтып өткен жөн.
Диірмен маңына бау-бақша егіп, елді жеміс-жидекке тойындырған еңбегі көптің есінде. Төрт түлікті түлетіп, ешкімге алақан жаймай өткен арлы азаматтың бейнеткештігі өз алдына бір төбе. Қара нардай ағамыз ашылып әңгіме айта бермесе де, төсіне таққан орденінен соғыс жылдарында отан қорғаған қаһарман болғанын жүрек сезетін еді. Жиырмаға толмаған бозбала әскер қатарына алынып, қанды майданның бел ортасына түскен екен.
Елге 1947 жылдың соңында оралады. Ауылда шағын темір ұстахана ашып, егіншілерге күрек саптап, құрал-сайман жабдықтап берумен шұғылданды. Осы жылдары су диірменін іске қосып, ауылды ұнмен, талқанмен қамтамасыз етті. Сол киелі диірмен әлі де халыққа қызмет етіп келеді. Жұбайы Оразкүлмен жарасымды өмір сүріп, 5 ұл мен 4 қыз тәрбиеледі. Осындай еңбек әрі соғыс ардагері болған азаматтың есімін мәңгі есте сақтау үшін, ауылдағы бір көшеге жауынгер есімі берілуі керек деп есептейміз.

Смағұл Садықұлы

11 маусым 2024 ж. 481 0