АРДАГЕРДІ АРДАҚТАУ – АДАМГЕРШІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

1 қазан – Қарттар күні қарсаңында «Әділет» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы, «Жастар рухы» және Жастар ресурстық орталығының өкілдері ардагер Болдықыз Рахишованың шаңырағына арнайы барып, ақ жаулықты әжені мерекесімен құттықтады.
Бұл – жай ғана мерекелік кездесу емес, үлкенге деген құрметтің, жанашырлық пен ізгіліктің көрінісі.
Ардагерге партия атынан сый-сияпат табысталып, жастар ақ батасын алды. Қарияның күнделікті тұрмысына қолғабыс жасап, көңілін сұраған жастардың ықыласы Болдықыз апаның да жүрегін жылытты.
«Жастарды ертіп келіп, жағдайымды сұрап, қолғабыс көрсеткендеріне қуанып қалдым. «Әділет» партиясының азаматтарына алғысымды білдіремін», – деді ақ жаулықты ана.»
Қарияның бір ауыз алғысы мен ақ батасы – жастар үшін үлкен өнеге. Өйткені үлкенді сыйлау – салт, ардагерді ардақтау – парыз.
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасының негізгі мәні де осында. Қарияның халін сұрап, қажет кезінде жанынан табылу – қамқорлықтың сөзбен емес, іспен көрсетілгені.
Жастардың үлкенге жасаған бір жақсылығы – өздеріне қайтатын өнеге. Ал қарияның ақ батасы – жүрекке қалатын ең қымбат сый.
Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы. Сондықтан үлкенге құрмет көрсетіп, ізгілік пен мейірімді дәріптеу – баршамызға ортақ міндет.
Ардагерді ардақтайық. Үлкенге құрмет – ұрпаққа аманат!



