№72 (8985) 22

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (8985) 19

19 қыркүйек 2026 ж.

№70 (8984) 15

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК: КІМДЕРГЕ ТИЕСІЛІ?

ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК: КІМДЕРГЕ ТИЕСІЛІ?


Науқастың дертіне шипа – дәрі-дәрмек қалтаға қарай қолжетімді. Ал мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрі-дәрмек мыңдаған тұрғынға осы шығынды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Алайда «кімге тегін дәрі беріледі?», «сырқаттың қай түрі бұл тізімге кіреді?», «балалардың бәрі бірдей тегін дәрі ала ма?», «тегін дәріге қол жеткізудің нақты тәртібі қандай?» деген сауалдардың жауабы көпшілікке толық түсінікті емес. Біз осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Аудандық көпбейінді орталық ауруханасының емхана провизоры Сайлау Түгелбайұлының баяндауынша, аудан бойынша 2026 жылдың алғашқы сегіз айында диспансерлік есепте тұрған 15 253 науқасқа 33 500 рецепт жазылып, жалпы құны 488 403 318,19 теңгенің дәрілік заттары босатылған. Денсаулық сақтау саласында ұзақ уақыт бойы ем қабылдауды қажет ететін созылмалы ауруы бар азаматтар үшін дәрінің қолжетімді болуы тікелей өмір сапасына әсер етеді. Кейбір науқасқа дәріні бірнеше күн немесе бір курс қабылдау жеткілікті болса, енді біріне белгілі бір препаратты ай сайын, кейде өмір бойы қабылдау қажет. Мұндай жағдайда дәрідәрмекті өз қаражатына тұрақты түрде сатып алу отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіретіні түсінікті.
Мемлекетте белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз ету жүйесі осы қажеттілікті өтеуге бағытталған. Бұл тәртіп Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №75 бұйрығымен бекітілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесі негізінде жүзеге асырылады. Алайда мұнда бір маңызды жайт бар, кез-келген ауруға шалдыққан адам кез-келген дәріні тегін ала алмайды. Тегін дәрі-дәрмек нақты диагнозға, науқастың диспансерлік есепте тұруына және бекітілген тізімге байланысты беріледі.
Аудандық емхананың провизоры Сайлау Артықовтың айтуынша, тұрғындар арасында «тегін дәрі барлық ауруға беріледі» деген қате түсінік кездеседі. Бірақ іс жүзінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету нақты талаптарға сәйкес жүргізіледі.
– Амбулаториялық деңгейде тегін рецепт алу үшін науқас емханада тіркелген және электронды диспансерлік есепте тұрған болуы керек. Яғни дәрі алушы кешенді медициналық ақпараттық жүйеде тіркелуі міндетті. Дәрігер науқастың диагнозын, медициналық көрсеткіштерін ескере отырып, бекітілген тізімге сәйкес рецепт жазады. Осы талаптар сақталған жағдайда дәрі тегін босатылады, – дейді провизор. Бүгінде аудандық емханада тегін дәрідәрмекпен қамтамасыз ету электронды жүйе арқылы да, рецепт негізінде де жүзеге асырылады. Дәрілік заттарды қамтамасыз ету ақпараттық жүйесі арқылы препараттар айларға бөлініп, диспансерлік есепте тұрған науқастарға Е-Gov жүйесі арқылы босатылу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай цифрландырудың негізгі мақсаты – дәрі-дәрмек қозғалысын бақылау, пациент туралы мәліметті жүйелеу және препараттың кімге, қандай диагноз бойынша берілгенін нақтылау. Биылғы сегіз айдағы көрсеткішке қайта оралсақ, 15 253 диспансерлік есептегі науқасқа 33 500 рецепт жазылуы – тегін дәрі-дәрмекке деген қажеттіліктің ауқымын аңғартады. Бір адамның жыл бойы бірнеше рет рецепт алатынын ескерсек, бұл көрсеткіштің жоғары болуы заңды. Ал 488 миллион теңгеден астам қаржыға дәрілік заттардың босатылуы мемлекеттік қаражаттың осы бағытқа жұмсалатынын көрсетеді.
Аудандық емхананың фармацевті Гүлсара Қалдыбекованың айтуынша, балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де қолданыстағы тәртіп пен бекітілген тізімге байланысты жүргізіледі.
– Балаларға арналған тегін дәрі-дәрмек мәселесінде жас ерекшелігі мен диагноз ескеріледі. Қолданыстағы тізім бойынша 1-5 жас аралығындағы және 12-18 жас аралығындағы балаларға белгілі бір ауру түрлері бойынша тегін дәрі қарастырылған. Ал 6-12 жас аралығындағы балаларға тегін дәрі босатылмайды. Сондықтан атааналар баласының жасына қарай дәрі міндетті түрде тегін беріледі деп ойламауы керек. Препараттардың қандай диагноз бойынша берілетінін дәрігер нақтылайды, – дейді Гүлсара Құрманбекқызы.
Бұл жерде бір мәселені нақты ажыратып алған жөн. Тегін дәрі беру жас ерекшелігіне ғана емес, ауру түріне және бекітілген дәрілер тізіміне де байланысты. Сондықтан ата-ана баласы белгілі бір жас санатына кіргені үшін кез келген дәріні тегін талап ете алмайды. Медициналық көрсеткіш, диагноз және препараттың тиісті тізімде болуы басты шарт болып қала береді. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінде ересектердің де санаты кең. Мамандардың айтуынша, бекітілген тізім бойынша психикалық және жүйке аурулары, жүрек-қан тамырлары аурулары, созылмалы бронхит, пневмония, ағза мүшелерін ауыстырған науқастар, асқазанның ойық жарасы, бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі, онкологиялық қатерлі ісік аурулары, созылмалы В және С гепатиті, бронх демікпесі, жүректің созылмалы жеткіліксіздігі, сүйек-буын аурулары, сондай-ақ гематологиялық және неврологиялық аурулардың бірқатарына байланысты дәрілер тегін беріледі.
Бұл тізімдегі аурулардың басым бөлігі ұзақ мерзімді емді қажет ететінін аңғаруға болады. Мәселен, жүрек-қан тамырлары аурулары бар кейбір науқастар дәріні бірнеше ай емес, жылдар бойы қабылдайды. Сол сияқты қантамыр, тыныс алу, бүйрек, бауыр, онкологиялық және басқа да созылмалы аурулар кезінде дәрілік терапияны үзу науқастың жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жай ғана әлеуметтік жеңілдік емес, ауруды бақылауда ұстаудың маңызды тетіктерінің бірі. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі балаларға қолданыстағы тізімге сәйкес дәрілік заттарды медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін босату қарастырылған. Жүктілік кезеңінде созылмалы қан жетіспеушілігіне байланысты белгілі бір ауру түрлеріне шалдыққан әйелдер де тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін санатқа жатады. Бірақ тұрғындардың арасында «емханада есепте тұрсам, дәрі міндетті түрде қолыма тиеді» деген түсінік болуы мүмкін. Бұл жерде де мәселенің екінші жағы бар. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін препараттың бекітілген тізімде болуы, дәрігердің тиісті рецепт жазуы және жүйеде науқастың мәліметтері дұрыс енгізілуі қажет. Дәрі алу процесінің электронды жүйеге көшірілуі осы мәселелерді біріздендіруге бағытталған. Бұрын қағаз құжаттарға тәуелді болған көптеген процесс бүгінде цифрлық жүйе арқылы бақыланады. Е-Gov арқылы рецепттің рәсімделуі де пациент үшін белгілі бір деңгейде ыңғайлылық береді. Алайда цифрлық жүйенің жұмыс істеуі үшін азаматтың деректері медициналық ақпараттық жүйеде дұрыс болуы және оның диспансерлік есебі уақытылы жүргізілуі қажет. Сондықтан азамат өзіне немесе баласына тегін дәрі берілуі тиіс деп есептесе, алдымен учаскелік дәрігерге жүгініп, диагнозы бойынша диспансерлік есепте тұрғанын анықтағаны жөн. Одан кейін қажетті дәрінің бекітілген тізімге кіретін-кірмейтінін дәрігерден немесе емхананың тиісті маманынан нақтылауға болады. Тағы бір маңызды мәселе – дәрінің емханаға немесе дәріханаға уақытылы жеткізілуі. Кей жағдайда тұрғындар рецепт жазылғанымен, қажетті препаратты бірден ала алмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдай дәрі қорының жеткізілу мерзіміне, сұраныс көлеміне немесе логистикалық мәселелерге байланысты болуы ықтимал. Сондықтан тегін дәрі жүйесінде тек рецепт жазу емес, препараттың жеткізілуі мен босатылуы да маңызды кезең болып саналады. Бұл жерде тұрғындардың да өз жауапкершілігі де бар. Диспансерлік есепте тұрған адам белгіленген уақытта дәрігерге қаралып, денсаулық жағдайын бақылауда ұстауы керек. Дәріні өз бетінше тоқтату, дозасын өзгерту немесе басқа препаратпен алмастыру денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Тегін беріліп тұрған дәрінің өзін дәрігердің нұсқауынсыз өзгертуге болмайды. Аудандық емхана мамандарының айтуынша, тегін дәрі мәселесінде тұрғындардың ең жиі қоятын сұрақтарының бірі – «маған неге дәрі тегін берілмейді?» деген сауал. Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, диагноз тегін дәрімен қамтамасыз етілетін аурулар тізіміне кірмеуі ықтимал. Екіншіден, пациент диспансерлік есепте тұрмауы мүмкін. Үшіншіден, нақты препарат сол диагноз бойынша бекітілген тізімде болмауы мүмкін. Төртіншіден, дәрігердің медициналық көрсеткіші бойынша басқа емдеу тәсілі таңдалуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар өз құқықтарын білуімен қатар, сол құқықтың қандай талаптар арқылы жүзеге асатынын да білуі қажет. Мемлекеттік қамтамасыз ету нақты нормативтік базаға, диагнозға, жас ерекшелігіне және медициналық көрсеткішке сүйенеді. Мәселен, балаларға қатысты ақпараттың өзінде ата-аналар мұқият болуы керек.
Гүлсара Қалдыбекова атап өткендей, 1-5 және 12-18 жас аралығындағы балаларға тиісті тізім бойынша тегін дәрі қарастырылғанымен, 6-12 жас аралығындағы балаларға тегін дәрі босатылмайды. Бұл ата-аналар үшін білуге тиіс нақты ақпарат. Бірақ мұнда да баланың жасынан бөлек, ауру түрі мен қажетті препараттың бекітілген тізімге сәйкестігі ескеріледі. Сондай-ақ тегін дәрі-дәрмек жүйесінің тиімділігі тек мемлекетке немесе медицина ұйымына байланысты емес. Пациенттің де белсенділігі маңызды. Өзінің диспансерлік есепте тұрған-тұрмағанын білу, рецепттің қашан жазылатынын анықтау, дәріні қай дәріханадан алуға болатынын сұрау, қажетті препарат болмаған жағдайда тиісті маманға хабарласу азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің көрінісі.
P.S.: Тегін дәрі-дәрмек – мемлекет тарапынан көрсетілетін маңызды қолдау. Дертке шалдыққан жанға қажетті емнің қолжетімді болуы үлкен көмек. Дегенмен, ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды. Уақытылы тексеріліп, дұрыс тамақтанып, дене белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын ұстану арқылы талай сырқаттың алдын алуға болады. Демек, тегін дәріге қол жеткізу мүмкіндігі барын білген жақсы, ал сол дәріге мұқтаж болмауға ұмтылу – одан да жақсы.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
22 қыркүйек 2026 ж. 74 0