№72 (8985) 22

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (8985) 19

19 қыркүйек 2026 ж.

№70 (8984) 15

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » СЫНЫ КЕТПЕГЕН СЫЙЛАСТЫҚ

СЫНЫ КЕТПЕГЕН СЫЙЛАСТЫҚ



Жұма күні алтын той, гаухар той иелері қатарында құрмет мінберіне көтерілген мерейлі жұптардың бірі – Өмірбеков Өндірбек ағамызлың отбасына арнайы соғып, жақынырақ танысуды жөнкөрдік. Өндірбек Өмірбековтың қырық жылға жуық уақыт аудандық су шаруашылығы мекемесінде абыройлы қызмет атқарғанын білеміз.
Жары Перде Бегілікқызы ширек ғасыр аудан орталығындағы №51 орта мектебінде бастауыш сыныпқа сабақ берді. Мінез-ұстанымдары солай ма, бұл екі кісіні зейнетке шыққаннан кейін көпшілік ортада еш кездестірген емеспіз. Туған жер жұртшылығының әрбірінің тыныс-тіршілгімен етене, елдің ұлы – аудан басшысының ерлізайыптыны арнайы марапаттауының сыры да осы олқылықтың орнын толтырғысы келген ниеттің көрінісі деуге де болар. Бұл өмірде отбасы орнын алмастыратын асыл мекен жоқ десек те болар. Сондықтан қос қариямен құтханасында сұхбат құрудың бөлекше ләззатын сезінгіміз келіп қарашаңыраққа ат басын бұрдық. Сабырлы қалпынан танбай төрді толтырып отырған ағамыз бен есіктен енгеннен өз анамыздай өбектеп қарсы алған ұстаз-ананың шырқ үйірілген ыстық ілтипаты мына шаңырақтың аурасына ерекше жылылық пен нұр себелеп тұрғандай. Отан соғысының ардагері, одан кейінгі өмірінде Төменарық шаруашылығында шопан болған Өмірбек Өмірәлиевтің есімі екінші тың ерлері қатарында екпінді ретінде аталып келгені есте. Екі қызын да, ұлдан жалғыз Өндірбегін де оқытуға барын салыпты. Өндірбек аға орта мектепті бітірген соң Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтында гиромелиорация мамандығын оқып бітіріпті. Еңбек жолын 1974 жылы аудандық су шаруашылығы мекемесінде инженер болып бастаған. 1980 жылдың мамыр айынан бастап Келінтөбе магистральды каналы учаске бастығы қызметін атқарады. Жаспын демей каналдарды жөндеу, басқа да құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүріп, жауапты жұмыстарды өз міндетіне алады.
1987 жылдан 1994 жылға дейін аудандық су шаруашылығы мекемесінің бастығы қызметін атқарады. Қарамағында 200-ге жуық қызметкер бар ірі мекеме тоқырау кезеңдері қиындыққа тап болып, су ақысы уақтылы төленбей, айлықжалақы қолға тимеген кезеңдер болды. Сондай кездерде мекеменің жанында қосалқы шаруашылықта өндірілген өнімдермен есептесу сынды тәсілдер де қолданылғаны белгілі. Тіпті басшының банктен кредит алып, айлық-жалақымен есептескен ауыр күндерді де бастан өткереді. Зейнетке дейін аудандық су шаруашылығы мекемесі су пайдалану бөлімі басшысы қызметін атқарып келді. Еңбегі еш кетпеді. Саланың түрлі мақтау-марапаттау қағаздарын иеленді. ҚР Су шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін иеленді. Әйтсе де саулыққа сына салған салмақты күндерде жүйкені жүндей түткен ауырпалықтардың зардабын мойындамасқа лажы жоқ. Қайта жыл сайын алдында отыратын қырық баланың тілін тауып, тырп еткізбей ұстап дәрісін тыңдатқан Перде апамыздың әлі де кәрілікке дес бермей, жас келіндей зырылдап жүргенінің сыры елдің баласына деген ерекше мейірімінен бір бөлек, осы отанға түскен күннен бастап кәрі ата-енені баққан-қаққан, сөйтіп қариялардың көл-көсір батасын ала берген алғаусыз еңбегінен деп түсіндік. Біздің бұл ойымызды Перде апаның әңгімесі тірілте түсті. – Мен өзім Тереңөзектің қызымын. Көкелеріңізбен оқып жүргенде таныстым. Әкем Бегілік соғыста мерген болған кісі. Өзінің ақындығы, өнерлілігі бір басына жетерлік сегіз қырлы, бір сырлы жан еді. Анам Жаңыл Өшкенбаева озат сауыншы болып кезінде жоғары кеңеске депутат болып сайланған.
Отбасында төрт ұл, төрт қыз өстік. Апам Сәуле де еңбек майталманы болып халық қалаулысы ретінде Мәскеуге барып, талай рет съездерге қатысқан кісі. Мен бұл шаңыраққа келін болып түскеннен бастап енемнің қолындағы бар шаруасын алмаққа ұмтылдым. Ол кісіден тірліктің көзін үйренуге барымды салдым. Жүн түтіп текемет басу, тары қуырып, сөк-талқан түю, мал сауу, осы тірліктің бәрін өз мойныма алуға ұмтылдым. Талабыма жеттім. Үлкендердің ақ батасын арқаладым. Атамызды 1996 жылы 73 жасында, ал анамызды 2006 жылы сексен жасында ақ жуып, арулап, мәңгілік мекеніне шығарып салдық, – дейді. Ол өзі оқытқан шәкірттері қатарында Нұрдин Әмитов, Алмас Әбілпатта, Айдос Мыңбаев, Мұрат Жаденов сынды озат оқушыларымен мақтанатынын жеткізді. Перде Бегілікқызы алдыңғы қатарлы ұстаз ретінде 1987 жылы Алматыда оқып келіп, аудан бойынша алғаш мектепалды даярлық сыныбы тәжірибесін ендірген ұстаз. – Перзенттеріңіз де сіздерден көрген өнегелеріне берік болар? – деп сауал қойдық қос қарияға. – Әрине, – деді олар. Баларымыз да біздің жүрген жолымызбен жүріп келеді. Отбасында басы артық айқай-шу, бір-біріне дауыс көтергенін естімей қуанып отырамыз. Өйткені өзіміз де осы жасымызға дейін бір-бірімізді орынсыз жалғыз рет те ренжітіп, көңілімізді қалдырмаған екенбіз, – дейді қос қария. Иәі, отбасында өркен жайған алты ұл-қыз да жақсы оқып, білім алып, өз мамандықтарымен халық қызметінің сан саласында еңбек етіп жүр. Қарияның өз жолын қуған тұңғышы Тұрарбек аудандық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары, одан кейінгі ұлдары Құралбек, Мұрат, Еркебұлан, қыздары Әсел, Айшабибілер «Әке көрген оқ жонар, ана көрен тон пішер» деген нақылдың нақышын іс жүзінде дәлелдеп, отбасы даңқына қылаудай мін түсірмесе, келіндерінің де үлкеннің алдын кесе өтпеген кішіпейіл енелерінің үлгісін қалыптастыра білгенін көзбен көріп, әуесіміз кеткенін жасырмаймыз. Ырыс пен құт ұялаған бақытты шаңырақ туралы «тіпә, тіпә, тілкөзіміз тасқа» деп марқайып оралдық. Әлі де болса ел ішінде ұлттың бекзат құндылықтары салтанат құрған берекелі шаңырақтар бар екен. Ақсақал өзінің бедел биігінде, отанасы өз ошағының қалғымайтын күзетшісі, ал олардың сабақтары берік күтім мен қалтқысыз қамқорлық аясында тамырынан түзу өсіп келе жатқан жас дарақтар тәрізді. Отбасын – алтын ұя, темірқазық дейтініміз содан. Орындарыңыз ортаймасын!

Баян ӘЛЕУДИНҚЫЗЫ
22 қыркүйек 2026 ж. 88 0