АУЫЛҒА ЖОЛДАНҒАН ХАТ

Кейде сарғайған бір жапырақ хаттың салмағы тұтас бір тағдырдың жүгін арқалап тұрады. Майдан даласынан жеткен сондай хаттарда оқ пен оттың арасындағы өмір, туған жерге деген сағыныш, анаға деген алаң көңіл, бауырға деген ыстық ықылас жатады. Сол хаттардың әр жолы – тарих. Әр сөзі – жүректің үні.
Ұлы Отан соғысы жылдарында елден жырақта жүрген жауынгерлерге ең үлкен медеу – туған жерден келген бірауыз хабар болатын. Ал өздері ауылға жолдаған хаттарына сағынышын, мұңын, үмітін сыйғызды. Сондай тағдырлы хаттардың бірі – майдангер Нұрлыбаев Сейдан атамыздың елге жазған өлең-хаты. «Кел қиялым кеңесейік екеуміз...» деп басталатын бұл хатта жауынгердің туған елге, анасына, бауырларына деген сағынышы анық сезіледі. Жылға жуық елден хабар ала алмай, көңілі құлазыған сарбаздың жан сыры жүректі тебірентпей қоймайды. «Рәбия, Бегай мені ұмытты ма, көп болды елден хабар үзілгелі» деген жолдарда майдандағы жауынгердің туған-туысқа деген аңсары жатыр. Сейдан атамыз хатында майдан шебіндегі ауыр күндерді де жасырмай жазады. 1944 жылдың мамыр айында жауды өкшелей қуып бара жатқанда иегінен оқ тиіп ауыр жараланып, он екі күн бойы тілге келмей, су жұта алмай жатқанын баяндайды. Иегінің үстіңгі бөлігіне снаряд жарықшағы тиіп, ажал аузынан аман қалған сарбаздың өмір үшін күресі – нағыз ерліктің көрінісі. Ол өз хатында: «Соғыс бітіп, жау жеңіліп, қуылып, Деп тілеймін елге тыныштық орнасын!» деп жазады. Бұл – майдандағы әр жауынгердің арманы еді. Олар соғыста бейбіт өмір үшін қан кешті. Туған жердің тыныштығы үшін күресті. Нұрлыбаев Сейдан 1925 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Қожамберді ауылында дүниеге келген. 1943 жылы небәрі он сегіз жасында майданға аттанады. Алдымен Петропавл қаласында әскери дайындықтан өтіп, кейін соғыс даласына жіберіледі. Мергендік курстан өткен жас сарбаз пулеметті тез меңгеріп, ұрыста батылдығымен көзге түседі. Бірде рота командирінің: «Жарайсың! Қазақтар батыр болады» деп арқасынан қаққаны оның рухын одан сайын көтере түседі.
Бұл – қазақ жауынгерлерінің қайсарлығы мен ерлігін өзге ұлт өкілдерінің де мойындағанының дәлелі еді. Ол кезде Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Төлеген Тоқтаров сынды батырлардың даңқы шартарапқа жайылып тұрған шақ болатын. Сейдан атамыз майданда көрсеткен ерлігі үшін 1944 жылы «Қызыл Жұлдыз» және «Отан соғысының І дәрежелі» ордендерімен марапатталған. Бұл – оның Отан алдындағы адал қызметінің айқын дәлелі. Соғыстан аман оралған соң да елге адал еңбек етті. Қазалыдағы малдәрігерлік курсты тәмамдап, аудандық ветеринария саласында, туған ауылында ветсанитар, есепші қызметтерін атқарды. Саналы ғұмырын еңбекпен өрген ардақты азамат 1985 жылы зейнеткерлікке шықты.
Жұбайы Жұмагүл әжемізбен бірге 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, үлкен әулеттің алтын діңгегіне айналды. Бүгінде ұрпағы өсіп-өніп, 29 немере мен 16 шөбере сүйіп отыр. Артында қалған ұрпағы үшін Сейдан атамыз – тек майдангер ғана емес, адамгершіліктің, қарапайымдылықтың, әділдіктің символы. Ол кісінің өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Себебі ерлік тек майданда жасалмайды. Ерлік – елге адал қызмет етуде, ұрпақ тәрбиелеуде, туған жерге деген сүйіспеншілікте. Иә, уақыт өтеді. Бірақ Отан үшін от кешкен ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды. Сейдан атамыздың ерлігі мен өнегелі ғұмыры – ұрпақ жадында мәңгі сақталатын асыл мұра. Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын.
Мақпал МАРҚАБАЙ




