Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Солдат хаты: соғыс сызы, сағыныш сыры

Солдат хаты: соғыс сызы, сағыныш сыры


Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 79 жыл. Бұл соғыстың қасіреті бүгінге дейін аз айтылған жоқ: кітап болып жазылды, кино болып түсірілді, тарих болып хатталды. Елге аман-есен келген жауынгердің сыр сұхбаты болып та баяндалды. «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» ұстанымын атадан балаға өсиет ету бүгінгі қаламгерлердің басты мақсаты десек, артық айтпаған болар едік. Бір анығы, эпистолярлық жазбалар, яғни ұрыс даласы мен бейбіт өмірді жалғаған жауынгер хаттары әлі де болса ғылыми тұрғыда арнайы зерттеу нысанына айналмауы елдігімізге сын дер едім.


Жауынгер хаттары – солдаттың ел­ге деген сағынышы ғана емес, майдан өмірі, окоп шындығы. Дала поштасынан жолданған бұл хаттардың көбі бүгінгі күнге жеткен жоқ. Алайда елім деп еңіреген ерлердің үшбу сәлем хаттарын еміренген елі, асыл аналар көздің қарашығындай сақтап, ұрпағына рухани мұра қылып жеткізді. Бізге дейін аман жеткен сарғайған сары хаттардың сырын ашқымыз келеді.
Жауынгер жігіттің қан майданнан жолдаған үшбу хаты аудандық өлкета­ну музейінде көздің қарашығындай сақталыпты. Қос ғасырды көрген құжат әбден сарғыштанып, әріптері өше бастаған. Сұрапыл соғыс жылдарында майдан шебіндегі жауынгермен елде қалған туған-туыстың арасын хаттар жалғаған. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де осы хаттардағы әр жол оқыған адамның жүрегі елжіремеуі мүмкін емес. Жаңақорған аудандық музейі қорында соғыстан жазылған барлығы 64 дана хат жинақталып, зерттелінген. Осы хаттардың бірегей коллекциясын Жаңақорған ауданының тумасы Райс Пәзілбекұлының соғыста жазған хаттары құрайды. Жауынгердің 55- тен астам хаты жеткен, соның барлығы өзінің анасына жазып отырған. Сондай ақ, Қызыл Армияның әскер қатарында бөлімше командирі қызметін атқарған Баймырза Өскенбаев, қатардағы жауынгер Мыр­зақасым Бекбенбетовтің де ұрыс дала­сынан жазған хаттары сақтаулы.
1924 жылы Жаңақорған кентінде туып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған Исмаил Сарбасовтың ауылдағы інісі Әмірге келген 3 дана хаты бар. Соның бірін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Хат былай деп басталады. «Жаннан артық көруші көкем Өтеге, апам Әмилаға, Әмірге, Сабырға, Насырға Исмаилдан сағынышты сәлем! Аман-есенсіздер ме?! Құдайдың құдіретіне шүкір етіп отырған боларсыздар. Мені ойлап жүдемеңіздер. Сіздерден хат алғаным жоқ. Сіздерден қат ала алмай кетемін ау! Бір қат алсам жақсы болар еді. Сіздердің қандай халде екендеріңізді, аманшылықтарыңызды білсем болар еді. Туған туысқанға, нағашыларға, елге сәлем айтарсыз. Бәріне бірдей жазуға болмайды. Насырды сағындым. Амал қанша? Құдай аманшылықпен жолықтырсын. Балаңыз қазір аға сержант. Кәмәндір болып істеймін. Көке, уайым қылма. Аман болсақ неміс фашистерді жеңіп, елге қайтамыз. Қош болыңыздар. Хат жазушы балаңыз, аға сержант Сарбасов Исмаил.»
Бораған оқтың ортасында жүрген солдаттың алыстағы ағайынға сарқылмас сағынышы, жұбаныш тілегі осы хатта түйілген. Бұл оның майдан даласынан 1943 жылдың 18 сәуірінде жазған ең соңғы хаты еді. Содан хабарсыз кеткен. Қайда жерленгені белгісіз. Хатта дала поштасының мөрі басылған, әскери бөлімшесінің нөмірі жазылған. Боздақ жауынгерден қалған жалғыз белгі еді.
«Әскер жиып аттандық,
Бектай еді тұрағым.
Айқайлап жауға тигенде,
Ағатай, Беріш – ұраным» – деп ұрысқа ұрандап кірген ер Махамбеттей, ұлттың асқақ рухын айқындатып, ел басына күн туған қасіретті өлең жолдарына сиғызған ақын жауынгерлер де аз болмады. Олар ерлік жасады ма, жасамады, әңгіме ол жайында емес. Ол өз хикаясын жазды. Жасөспірім іні бауырларын жігерлендіріп, ой тастады.
Пазылбек Қалыбеков 1940 жылы Жаңақорған ауданына қарасты Қанды­арал орталау мектебін бітіріп, Қаплан­бекте оқуын жалғастырады. 1942 жылы 27 маусымда майданға аттанады. Чкалов қаласындағы әскери даярлықтан өтіп, қазан айында Уфа қаласынан соғысқа кіреді. Ең соңғы хатын 1943 жылы шілдеде жазып, содан хабарсыз кеткен. Ол өз інісі Тазабекке жолда көргендерін өлеңмен үзбей жазып отырған. Соның бірі былай деп басталады:
Тазабек қалқам, шырағым,
Көлге біткен құрағым.
Майданнан сәлем жолдаймын,
Салып бір көрші құлағың .
Алыстағы елді ойлап,
Сенімді жүрміз құлатпай.
АйдаҺардай ысқырып ,
Темірден құрсау күш құрып .
Жалмауыздай жалындап,
Әлемді мынау ыс қылып.
Жау жағадан алып тұр,
Әділдік үшін барлық ұлт .
Шығып тұр ұлы жорыққа ,
Намысты қолдан бермейміз ,
Осыны жеткіз халыққа.
Мені ойламай, елді ойла,
Елің бір үшін ет пайда.
Қан құйлы жауды талқандап,
Жеңелік оны қалайда.
Тылда да майдан қарағым,
Тәртіпті бұзба, абайла.
Үйдегі Ата-Анаңның
Қас-қабағына қарайла!
1942 жыл.»
Жаңақорған аудандық тарихи өл­ке­тану музейі қорындағы майданнан жазылған хаттардың тарихы осындай. Жүрегінің тұсында бойтұмарындай сақ­таған үшбу хаттардың арқалаған аманаты – батырлар ерлігі уақыт өткен сайын жаңғыра береді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
07 мамыр 2024 ж. 240 0