№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » САРҒАЙҒАН ХАТТАР СЫРЫ

САРҒАЙҒАН ХАТТАР СЫРЫ


Үшбұрышты жауынгер хаты.Адамзат басына төнген тажалды тойтармаққа тас-түйін бекініп артына қарай-қарай кете барған талай боздақтың бойтұмары. Өзі болмаса да сөзі. Жауынгер жүрегінің дүрсілін, сарғайған сағынышын арқалап келіп, қара жұртымен қауыштыратын қасиетті хабаршы. Сол бір жапырақ қағазды бүкіл ауыл жиылып оқып, бір жылап, бір күліп мауқын баспаушы ма еді? Сол бір жапырақ қағазда қаншама ықылас, қымбат сезім, елді, туған жерді сағынған солдат саусағының ыстық табы тұнып тұр.


Жүректің қанымен жазылғандай ақ қағаз бетіне мөлдірей төгілген жауынгер хатының әрбір сөйлемін тебіренбей оқу мүмкін емес. Аудандық тарихи өлкетану мұражайының қойма меңгерушісі Рахима Абсаттарова алдымызға бір папка жауынгер хаттарын қойды. Солдат хаттарын бір-бірлеп қолымызға алдық.
«Амандық хабар. Қымбатты апа,жеңеше! Қалдарыңыз қалай? Денсаулықтың арқасында басқа түскен қиыншылықтың қандайын болса да жеңіп, жүріп жатырсыздар ма? Менің де тілегім сол. Мұнда сіздердің тілектеріңіздің арқасында күліп-ойнап жүрмін. Жолшыбай салған хаттарымды алған боларсыздар? Саратов жеріндеміз. Бір жаман жері ойламаған жерден Әділбекпен айырылысып кеттік. Әбілпейіс екеуміз бір ротадамыз. Тек екеуіміз екі минометтің расчетындамыз. Жанымызда тағы 2-3 жаңақорғандық бар. Келісімен жылы киім(мақта шалбар, күпәйке, құлақшын) берді. Ауылдың үлкен-кішісіне менен сәлем айтыңыздар. Амандықпен жүздесуді жазсын.»
Адрес: Полевая почта 2190
683-әскери бөлімшесі. Райс Абдуллаев.
Келесі хатта Сарбасов Смайыл деген жауынгер былай деп жазады:
Амандық хат
Жаннан артық көруші көкеме, Әмилаға, Әмірге, Сабырға, Насырға Смайылдан сәлем. Менен әл-жай сұрасаңыз, қазір жазылып қалдым. Сідер хатты көп жаза бермеңіздер. Мен ол хаттарды ала алмаймын. Сосын, сіздерге айтарым, мені көп ойлай бермеңіздер. Менен хат көп келмей кетті-ау деп қамықпаңыздар. Сіздерге 42-нің 1 ноябрінен бастап хабарсыз кеттім. Жазайын десем, ол жақта жүріп жазуға болмайды. Өйткені, бүгін осы жерде тұрсаң, ертең басқа жерде. Ұлы тойда жүріп хат жазуға болмайды.
Мен Калачка қаласындағы госпитальге түскенімде, оң жағыма қарасам, Мансүр жатыр екен. Сол жерде бір-бірімізді көріп, жылап алдық. Содан екеуіміз Пензедегі госпитальге бірге келдік. Содан ол жерде бізді басқа жаққа бөліп жіберді. Мен Уфаға кеттім, Мансүр әсті Қазанға кеткен шығар.
Көке, туған-туысқанға, нағашыларға, тағы басқаларға сәлем айтарсыз. Бәріне бірдей хат жазуға уақыт тар. Амал қанша, Құдай аманшылықпен жолықтырсын.
Балаңыз Смайыл.
Амандық хат
Қалайсыздар? Тегіс аман жүрген болар­сыздар? Биімбеттің үй-іші қалай? Шарбан, Айымжан сияқты сұлу жеңгелер шапқылап жүрген болар? Сіздерден алты ай болды, хабар білмеймін. Өздеріңнен хат алсам, бір сөйлескендей болар едім. Мырзақасымның хабарын айтып тез хат салыңыздар. Менен амандық білмек болсаңыздар денім сау, тамақ тоқ. Әзір аманбыз. Тірі болсақ, елді де көретін күн болар. Ден сау болса болғаны. Құдайдың басқа салғанын көреміз де. Айымжан, Әбдіқадырға менен сәлем де. Менен кейін әскерге әулеттен кім кетті? Мені сұрағандарға сәлем айтарсыздар.
Адрес: Полевая почта
197 88 У 20.05.1943
Хатты акоп ішінде жазып отырмын. Сәлеммен Баймырза Өскенбаев.
Міне осылай жалғасып кете берер солдат хаттары кезінде елде қалған кемпір-шал, әйел, бала-шағаға қаншама қуат, қамыққан көңілге қаншама шуақ сыйлады десеңізші.
Әр түрлі мәнде жазылғанымен барлығына ортақ ұқсастық – уайым-қайғыға берілмеуі, сыртынан тілеулес болып отырған бауырға ауыр күйді білдірмеуге тырысқан азаматтықтары, жан тазалықтары.Басын қатерге тігіп, ажал оғының ортасында жүрседе үрей шақырмай, үйдегі қалғандарға үлкен жігер бере білуі байыпты ұстамдылықтың үлгісіндей.
Майдан даласынан жеткен үшбұрышты хабар әманда амандықты ғана білдірмейді. Қайғы-қасіретті де арқалап жетіп бүтін бір отбасын аңыратып кететін жағдайлар да көп болған. Сонымен қатар, сыртына мөр басылған далалық почтамен талай жерді шарлап жететін сағыныш-сәлемі қаншама жүндей үгітіліп кете жаздаған жүйкенің иесіне қайрат пен қуат сыйлап, ақылына ақыл қосты, үмітті үмітке жалғады.
Бүгінде осы хаттарды сақтап отырған бірден-бір тарихи орын – орталықтағы музейге жас жеткіншектерді ертіп әкеліп, жауынгер жазбаларымен таныстыру әрбір тәлімгерге қажетті міндетті жүктейді. Осының өзі келешек буынды патриоттық бағытқа, Отансүйгіштікке тәрбиелеудің тағылымды тетігі десе де болатындай.
«Ер күресте сыналады». Соның бір жарқын дәлелі – жауынгер хаттары.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
09 мамыр 2019 ж. 1 753 0