№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жерлестердің тартуы

Жерлестердің тартуы


Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде елім деп еміреніп, жұртым деп жұмылған жерлестеріміз туған топырағына деген ыстық ықыласын виртуальды әлемде білдірді. Олар туған жерге тағзым ету әр азаматтың перзенттік парызы деп санайды. Жабырқаулы халықтың көңіліне медеу болған жандардың бұл тартуы жақсылыққа жетеледі.

«Туған жердің жері де көрікті, елі де сүйікті», «Әркімнің өз жері Мысыр шаһары», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас». Иә кім-кімге де кіндік қаны тамған жері, балалық шағы өткен өлкесі ыстық. Шет жерде жүрсе де қасиетті домбыраның қоңыр үнін шырқатып, ән өнерін серік еткен жандарға елдің жырақтығы кедергі болмайтынын көрсетті. Жаңақорған топырағынан түлеп ұшқан жерлестеріміз вирус таяп, сынаққа алған сәтте туған жеріне деген сағыныш, атамекендегі бауырларына рухани күш, патриоттық сәлемін «Туған жерге тағзым» атты онлайн концертте жолдады. Аумалы-төкпелі кезде бұл да жаңақорғандықтарды бір серпілтті. Бірі туыстың, бірі дос-жаранның жолдаған сәлем-сауқатына ризашылықтарын білдірді.
Коронавирус тығырыққа тіреп, халықтың мазасын қашырған уақытта елінің аман, жұртының тыныштығын тілеген қиырдағы қандастар көкірегін кернеген өнерімен елді сабырға шақырды. Манап Көкенов атындағы мәдениет үйі өнерпаздары ұйымдастырған онлайн концерт «Жаңақорған мәдениет пен өнері» фейзбук парақшасында өрбіді. Ресей мемлекетінің Белгород қаласында тұратын өнерлі отбасы Нұрлан Байдалиев пен жары Ақмарал Ашимова Тұманбай Молдағалиевтің «Құстар қайтып барады», «Костер», «Синяя птица», «Клён» әндерін әуелетіп, көпшіліктің көңілін көтерді. Түркия елінің Конья қаласында қазақтың қасиетін қара домбыраның күмбірімен танылып жүрген талант иесі Ержан Арқабаев Сүгірдің «Шалқымасын» тартып, дала күмбірін көз алдымызға әкелді. Жұдырықтай жүрегімен нағашы жұртына ыстық ықыласын жолдаған ресейлік Алина Кайп даниялық композитор Людвиг Шиттенің «Этюдін» орындап берді. Сондай-ақ ол Абай мен Мұқағалидің көркем шығармаларын оқып, көпшілікті таңғалдырды.
Аудандық мәдениет үйінің өне бойы жаңашыл идеяларға толы өнерпаздары бастамасы оң нәтижесін көрсетті. Мұны мәдениет майталманы Талап Тотаев былай жеткізді: «Туған жерге тағзым ету бұл қазақилығымызға тән  қасиет. Алғаш рет ұйымдастырылған бұл концерт жерлестеріміздің бойындағы еліне, жеріне деген патриоттық сезімінің белгісі. Аудан жұртшылығы да керемет бір көңіл-күймен  қабылдады. Мұның бәрі сары уайымға салынған халыққа бір сәт болса да көтеріңкі көңіл сыйлау үшін жасалды. Жырақта жүріп елінің амандығына тілеулес болған ағайынға мың алғыс».
Бұл – отанға деген сүйіспеншілік, қиын сәтте қолдау. Тіпті қайырымдылық десек те болады. Расында қайырымдылық тек қаржылай көмекпен өлшенбейді. Қолдан келген амал жасап, қиналған жанға рух берсе болғаны.

Майра ҒАНИЕВА
26 сәуір 2020 ж. 969 0