Халықаралық деңгейдегі жетістік

Кейінгі жылдары еліміздің жас ғалымдары әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми дәрежелер алып, отандық ғылымның абыройын арттырып келеді. Солардың бірі – «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританиядағы Ноттингем университетінде докторлық оқуын сәтті аяқтаған Бауыржан Қазиев. Ол жуырда Ұлыбританияда PhD Viva қорғауынан сүрінбей өтіп, білім саласы бойынша философия докторы (PhD in Education) ғылыми дәрежесін алды. Бұл – жеке жетістік қана емес, еліміздің білім саласының халықаралық деңгейде мойындалуы болмақ.
Оның халықаралық академиялық жолы Ньюкасл университетіндегі академиялық ағылшын тілі курстарынан басталып, 2016–2017 жылдары Манчестер университетінде магистратурада жалғасты. Әлемнің үздік 30 университетінің қатарына кіретін бұл оқу орнын Бауыржан Қайырбайұлы үздік дипломмен тәмамдады. Кейін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ноттингем университетінде докторантураға түсіп, білім саласындағы ғылыми зерттеуін жүргізді. «Бұл академиялық доктор дәрежесін алуда «Болашақ» бағдарламасының берген мүмкіндігін айтып өту керек. Себебі осы мүмкіндік арқылы әлемнің үздік университетінде ғылыми зерттеу жүргізіп, әлемдегі атақты профессорлардан сабақ алып, солардың жетекшілігімен жұмыс жүргіздім. Ноттингем университеті QS рейтингі бойынша әлемдегі үздік 100 университеттің қатарына кіреді. Білім саласын басқару бойынша атақты профессорлар Тони Буш, Кристофер Дэй, Пәт Томпсон, Тоби Грини, Кей Фуллер сынды мамандардан сабақ алып, олармен бірге жұмыс жасауға мүмкіндік алдым. Менің докторлық ғылыми жетекшілерім профессор Тоби Грини (Toby Greany) мен профессор Пәт Томпсон (Pat Thomson) болды. Бұл кісілер білім саласындағы көшбасшылық бойынша мықты мамандар. Солардың арқасында докторлық зерттеуімді сәтті қорғадым. Зерттеу жұмысым туралы айтсам, менің докторлық зерттеуімнің тақырыбы «Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептердегі көшбасшылық ұғымы мен тәжірибесі» деп аталады. Бұл диссертациялық жұмыс еліміздегі жалпы білім беретін мектептердегі білім беру көшбасшылығының тұжырымдамасы мен тәжірибесін қарастырады. Білім саласындағы халықаралық зерттеулер айтарлықтай көп болғанымен, посткеңестік және Орталық Азия аймақтарындағы білім саласындағы көшбасшылыққа бағытталған зерттеулердің жетіспеушілігі байқалады», дейді ол.
Оның айтуынша, бұл феноменологиялық зерттеу еліміз мектептерінде көшбасшылықтың қалай тұжырымдалып, ұйымдастырылатынын, сондай-ақ оны қалай жүзеге асырып, институционалдық ережелер мен нормалардың білімдегі көшбасшылық тәжірибесін қалай қалыптастыратынын зерттейді. Сол үшін де аталған зерттеу әртүрлі контексте орналасқан үш мектепке: ауылдық, қалалық, аудандық мектептерге бағытталған және де сапалық зерттеу дизайнын қолданады. Деректер мектептердегі жоғары басқарушы құраммен, ата-аналармен жартылай құрылымдалған сұхбаттар және мұғалімдермен фокус-топтық талқылаулар арқылы жиналады.
«Бұл феноменологиялық зерттеу білім саласындағы тәжірибеде иерархиялық, бюрократиялық дәстүрлер мен демократиялық, контекске бейімделген көшбасшылық тәжірибелері арасындағы өзара байланысты көрсетеді. Бұл докторлық диссертация білім саласына айтарлықтай үлес қосады. Біріншіден, бұл зерттеу Қазақстандағы білім көшбасшылығы туралы эмпирикалық негізделген ақпарат береді, осылайша батыстық емес контекстердегі білім көшбасшылығын түсінуге үлес қосады. Екіншіден, бұл зерттеу мемлекеттік саясат пен мектеп деңгейіндегі тәжірибелер арасындағы өзара әрекеттесуді талдау үшін жаңа институционализм теориясын пайдаланады. Үшіншіден, бұл зерттеу Орталық Азиядағы Қазақстан контексіндегі білім көшбасшылығына қызығушылық танытқан саясаткерлер мен мамандарға түсінік береді», дейді Бауыржан Қайырбайұлы.
Ол зерттеу жұмысын жасай жүріп, Англияда түрлі салада жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Ең алғашқы жұмысы білімдегі көшбасшылық және менеджмент мамандығы бойынша магистратурада оқитын студенттердің курстық жұмыстарын тексеруден басталды. Содан соң кейіпкерімізді атақты профессор Кристофер Дэй (Christopher Day) өзінің «Білім саласындағы тиімді көшбасшылық және өзгеріс» модулінен (пәнінен) сабақ беруге шақырды. Ол – дүниежүзі бойынша Білімдегі көшбасшылық және менеджмент бойынша жазылатын академиялық жарияланымдарда ең көп сілтеме жасалынатын үздік үш автордың бірі. Сондықтан мұндай мықты маманнан шақырту алу қазақ баласына үлкен мақтаныш болса, бір жағынан сын-тегеурін болды. Сол сәтті ол: «Мен алғашында ағылшынша деңгейім жете ме деп қорықтым. Бірақ профессор сенің өте мықты тәжірибең бар, магистрлерге сабақ беруге лайықсың дегенде қуанып, өзіме деген сенімім артты. Өзімнің мықты тұстарымды білімдегі білікті сарапшылар бағалап жатқан кезде ғана ұғындым. Сондықтан да біздің елдегі мұғалімдердің тәжірибелері, оқыту әдістері өте жоғары екеніне көзім жетті», деген мақтаныш сезіммен баяндап берді.
Бұнымен қоймай, Бауыржан Қайырбайұлы Англияның бастауыш және негізгі мектептерінде де сабақ беріп, өзіне және мамандығына көптеген тәжірибе жинады. Оның мақсаты – ағылшын елінің білім жүйесін тереңірек білу. Осылайша, ол жұмыс барысында көптеген айырмашылық, ұқсастық, артықшылық пен кемшілікті байқайды. Ағылшындардың балаларды 4 жастан бастап кітап оқытып, есеп шығартып, жазу жаздыртатынын көңіліне түйеді. Оның айтуынша, Англия мектептеріндегі оқыту жүйесінде кемшіліктері де жетерлік. Мысалы, оларда физика, химия, биология сабақтары біріктірілген. Алайда бұл пән бойынша оқушылардың білім деңгейлері өте төмен, себебі оқушылар өздері не оқып жатқандарын түсіне бермейді. «Ең қызығы, сол ғылым сабағын денешынықтыру мұғалімі де беріп жүр. Бұл жағынан келгенде біздің елдегі бұл пәндерді бөлек оқыту жүйесі дұрыс деп түсінемін. Қазіргі таңда Англия үкіметі осы жүйенің дұрыс емес екенін түсініп, пәндерді бөлек оқытуға көшу мәселесін қарастырып жатыр», дейді ол.
Қазір ол Ноттингем университеті халықаралық колледжінде сабақ беріп жүр. Оның жетекшілігімен студенттер ағылшын тілін жетілдіріп, магистратураға дайындалып жүрген студенттерге зерттеу жобасы модулін оқытады.




