№100 (8914) 31

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (8913) 27

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 (8912) 23

23 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Үздіктер топ жарған жыл

Үздіктер топ жарған жыл


Жылдың ең жарқын да жүрекке жылу сыйлайтын мерекесінің бірі – жаңа жыл. Осыған орай аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде өткен мерекелік кеш көпшіліктің көңілінен шығып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


Салтанатты шараның шымылдығы жарқылдаған өнерпаздардың би шашуымен ашылды.
Алғысөз алған аудан әкімі Мажит Самитов тұрғындарды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Одан әрі аудан көлемінде жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, аудандағы әлеуметтік-экономикалық даму жолында қол жеткен жетістіктерімізді тарқатты.
– Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бірлік пен бейбітшілік, ырыс пен береке сыйлаған жылан жылымен қоштасып, санаулы сәттерден соң үмітіміз бен сенімімізді арқалаған жылқы жылына қадам басқалы тұрмыз.
Жыл тоғысында «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деп айтуымыз бекер емес. Расында, бұл жыл бізге толайым табыстар мен игілікті істер сыйлады. Жыл бедерінде берекелі бастамалар сәтті жүзеге асып, елдік мәні зор айтулы даталар кең көлемде аталып өтті.
Атап айтсақ, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуын, Конституцияның 30 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын, Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жылдығын және 20-дан астам елімізге белгілі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мерейтойларын жоғары деңгейде атап өттік, – деді аудан әкімі.
Жаңа жыл әр шаңыраққа құт-береке, молшылық пен шаттық әкелсін, дей келе, аудан халқының отбасына аманшылық, таусылмас бақыт пен толағай табыс тіледі.
Келесі кезекте ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері марапат мінберінен көрініп, арнайы төсбелгілер мен номинациялар табысталды. Марапат иелерінің қатарында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасымен «Айдархан» шаруа қожалығының төрағасы Олжас Айдарұлы, Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен «Жаңақорған шипажайы» акционерлік қоғамының директоры Бақытжан Аманкелдіұлы, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қалдыбек Мұсаев, «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС-нің бас инженері Ғабит Алмағанбетов, Жаңақорған орман шаруашылық мекемесінің Түркістан орман шаруашылығының басшысы Айдархан Толқынбаевтар марапатталса, облыс әкімінің «Алғыс хатымен» Сәйділлә Мелденұлы, Бибайым Әшімқызы, Қанат Шәмшіахметұлы, Нұрдәулет Төребекұлы, Рахымжан Намазов, Әділжан Мақсұтұлы және тағы да басқа үздіктер марапатталды. Сонымен қатар, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» атағымен еңбек ардагері Садулла Омаров, аудан әкімі Мажит Самитұлының бастамасымен Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарды құрметтеу мақсатында арнайы «Жаңақорған ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен Әсет Жиенқожаұлы, Дәулетбек Әмелбекұлы, Азия Әбдіхалыққызы, Ғалымжан Жарқынбекұлы, Бақтияр Мадиярұлы марапатталды. Сондай-ақ, ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірнеше сала қызметкерлері марапатталды.
Иә, жаңа жыл – әрбір адам үшін жаңа үміттің, тың бастамалардың, жарқын армандардың бастауы. Бұл күн сол асыл ниеттің айшықты ажарын танытты.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
31 желтоқсан 2025 ж. 1 544 0