Шырша шамы жағылды

Жаңақорған төрінде жаңажылдық шырша шамы жағылды. Аудан әкімі Мажит Самитов, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек және ардагер аға буын өкілдері қатысуымен орталық алаңда сән түзеген көрікті шырша айналасы шуақты мерекеге бөленді. Туған жер жұртшылығын жаңа жыл мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Мажит Самитов:
– Биыл Жаңақорған ауданы үшін толайым табыстарға толы жыл болды. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің және аймақ басшысының ерекше қолдауының арқасында ауданымызда серпінді жобалар жүзеге асырылды. Сәулетті ғимараттар бой көтеріп, әлеуметтік-экономикалық дамуда оң тенденция қалыптасты. Негізгі көрсеткіштер бойынша облыста алдыңғы қатардамыз. Сапалы инфрақұрылым жүргізу бағытында нақты шаралар қабылдадық. Кәсіпкерлік даму, жол, құрылыс саласында едәуір ілгерілеушілік бар. Аудан экономикалық дамуының жетекші саласы – ауылшаруашылығы жыл сайын тұрақты дамып келеді.
Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналық бар. Алдымызда айқын мақсаттар мен нақты жоспарларымыз көп. Ортақ мүдде жолында аянбай еңбек етуге бар күш жігерімізді саламыз. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз бүтін болсын. Жаңа жыл жаңа жетістіктер мен тұғырлы табыстар ала келсін! – деп ыстық ықыласын білдірді.
Аудан басшысы Мажит Самитұлымен бірге жаңажылдық шырша шамын жағу құрметіне қол добы мен пара қолкүрестен ұлттық құрама сапында жүрген жас спортшы Жания Тәжібаева және Исламхан Батырхан ие болды. Мерекелік іс-шара көңілді концертке ұласып, жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.
Әли ТЕМІРБЕК




