Өнермен өрілген апта

Мектепке дейінгі тәрбиенің негізі – баланың бойындағы табиғи қабілетті дұрыс бағыттап, оның табиғи бейімін, сөйлеу мәдениетін, өзін еркін ұстау дағдысын дамытуға жетелейді. Осы мақсатта Түгіскен ауылындағы «Раушан» бөбекжай бақшасында ерекше мазмұнға ие, тәрбиелік мәні зор «Бір апта – сахна әлемінде» атты театр апталығы ұйымдастырылды.
Атаулы театр апталығы «Балапан» және «Бүлдіршін» топтарының қатысуында сәбилер мекенін апта бойы нағыз өнер ордасына айналдырды. Әр күннің өзіндік тақырыбы, мазмұны, тәрбиелік бағыты болды. Бүлдіршіндер ертегі кейіпкерлерін сомдап, сахналық мәдениеттің қыр-сырын меңгерсе, кішкентай топтағы тәрбиеленушілер өнерге алғашқы қадамдарымен танылды. Бұл – тәрбиешілердің жас ерекшелігіне сай жұмысты ұйымдастыра білгенінің айқын көрсеткіші дер едік.
Қойылымдарда балалардың тіл байлығы, қимыл-қозғалысы, эмоцияны жеткізе білу қабілеті біртіндеп ашыла түсті. Әсіресе ұлттық тәрбиені, салт-дәстүрді дәріптейтін көріністер көрерменнің көңілінен шығып, үлкендердің жүрегіне жылылық ұялатты. Балалар тек дайын мәтінді орындап қана қоймай, кейіпкер мінезін сезініп, сахналық образды жан-жақты ашуға тырысты. Бұл – олардың шығармашылық тұрғыдан өсіп келе жатқанын айқындайды.
Театр апталығының жабылу салтанаты концерттік бағдарлама үлгісінде ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күйге ұласты. Сахна төрі ерекше безендіріліп, әр топтың өнері өз ретімен көрермендерге ұсынылды. Әсем әндер шырқалып, көңілді билер орындалды, шағын қойылымдар көрсетілді. “Балапан” тобының балдырғандары өздерінің пәк қылық, аңғал іс-әрекетімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, 2-4 жастағы бүлдіршіндер сахнада еркін ойнап, көрерменмен байланыс орната білді. Бұл кеш – бір апталық еңбектің жарқын қорытындысы болды.
Аталған шараның ауқымы да кеңейіп, көрші аймақтардағы балабақшалардан қонақтар келіп қатысты. Бұл өз кезегінде тәжірибе алмасуға, шығармашылық байланысты нығайтуға үлкен мүмкіндік берді. Қонақтар «Раушан» балабақшасының өнер мен театр бағытындағы жүйелі жұмысына, педагогтердің кәсіби шеберлігіне, балалардың сахнадағы жүріс-тұрысына, орындаушылық мәдениетіне жоғары бағаларын берді.
Салтанатты кешке арнайы қатысқан “Айдана” балабақшасының тәрбиешісі Дина Науанова өз ойларымен бөлісіп, театр апталығының бала тәрбиесіндегі маңызына ерекше тоқталды.
– Бүгін біз балалардың сахнада рөлді еркін және шынайы сезініп орындайтынын көрдік. Бұл – үлкен дайындықтың жемісі. “Раушан” балабақшасы бала бойындағы қабілетті ашуға, шығармашылықты дамытуға айрықша мән беріп отырғаны байқалады. Әсіресе кішкентай тәрбиеленушілердің сахналық қойылымдарға белсенді қатысуы баланың ашыла түсуіне жол ашады. Театр арқылы бала өзін таниды, сөйлеуге үйренеді, ұжыммен жұмыс істеуге дағдыланады. Біз бұл тәжірибені өз балабақшамызда қолдануды жоспарлап отырмыз, – деп жылы лебізін білдірді.
Шынында да, театр – баланың ішкі әлемін байытатын, сезімін тәрбиелейтін, ойлау қабілетін дамытатын ерекше өнер саласы. «Раушан» балабақшасында өткен бұл апталық балалар үшін тек қызықты ойын-сауық қана емес, үлкен рухани мектепке айналды. Әрбір қойылым сайын олардың бойындағы сенімділік, батылдық, жауапкершілік қасиеттері қалыптасып, сахна мәдениеті біртіндеп орныға бастағаны анық байқалды.
Шара барысында ата-аналар тарапынан да ризашылыққа толы пікірлер тиегі ағытылды. Тіпті балаларының сахнада ойнап, өнер көрсеткенін көріп, көздеріне жас алған ата-аналар бала бағбандарының телегей теңіз еңбегін шын мойындағандай. Бұл – педагог еңбегіне берілген ең үлкен баға.
Қорыта айтқанда, Түгіскен ауылындағы «Раушан» бөбекжай бақшасында өткен «Бір апта – сахна әлемінде» атты театр апталығы – тәрбиелік мәні зор, мазмұны бай мәдени шара болды. Осындай игі бастамалар арқылы бүлдіршіндердің өнерге деген сүйіспеншілігі артып, олардың болашақтағы тұлғалық қалыптасуына берік негіз қаланатыны сөзсіз.
Жәмила ЕРМАХАН




