Мейірім мен ізгіліктің ордасы

Бірлік ауылындағы №7 «Қызғалдақ» балабақшасының 20 жылдық мерейтойы ауыл өміріндегі ең айтулы оқиғаның біріне айналды. Ауыл халқы бас қосқан салтанатта тәрбие ордасының тарихы таразыланып, бүгінгі жетістіктері жарқын көрініс тапты. Қуанышқа ортақтасқан көпшілік балабақшаның тынысы мен өркендеу жолын көріп, ұстаздардың еңбегіне зор құрметін білдірді.
№7 «Қызғалдақ» балабақшасы осыдан жиырма жыл бұрын ауыл балаларына сапалы тәрбие беру, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында ашылған еді. Сол күннен бастап бұл мекеме балалардың алғашқы тәлім мектебі, мейірім мен жылылықтың ордасына айналды. Балабақшадан тәрбиеленіп ұшқан түлектер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр.
Шара барысында балабақшаның тынысы, тарихы, жетістігі жайлы арнайы бейнеролик көрсетіліп, тәрбиеленушілердің ән-шашуы көпшілік көңілінен шықты. Балалардың өнер көрсетулері – балабақша ұжымының кәсіби дайындығын, тәрбие жұмысының жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын айқын аңғартты.
Салтанатты жиында балабақша меңгерушісі Гүлбану Момынханова сөз сөйлеп, қонақтарға ізгі тілегін арнады. Жиырма жыл бойы қолдау көрсеткен ата-аналарға, ауыл басшылығына, ардагер ұстаздарға және ұжым мүшелеріне алғысын жеткізді.
– Бүгінгі мерейтой – біздің балабақшаның ғана емес, тұтас ауылдың қуанышы. 20 жыл ішінде мыңдаған бүлдіршіннің жүрегіне жылулық ұялатқан тәрбиешілер еңбегі қашанда құрметке лайық. Біз балаларға жарқын болашақ сыйлау үшін қызмет етеміз, ал олардың әрбір жетістігі – біздің еңбегіміздің жемісі. Баршаңызға қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын, – деді ол.
Ауыл ақсақалдары мен ардагер ұстаздар да сөз алып, балабақшаның қоғамдағы орны, ұжымның жанкешті еңбегі туралы жылы лебіздерін білдірді. Әсіресе бала тәрбиесіндегі жүйелі әдістеме, ұжымның ұйымшылдығы мен ауыл балаларына жасаған қамқорлығы туралы жүрекжарды сөздері көңілді елжіретті.
Аудандық білім бөлімінің аға маманы Мира Жандарбекова балабақшаның жұмыстарын жоғары бағалап, ұжымға алғыс хат табыстады.
«Қызғалдақ» балабақшасы – аудандағы белсенді әрі бала тәрбиесіне ерекше жауапкершілікпен қарайтын құтты мекеннің бірі. Сапалы тәрбие мен заманауи әдістерді енгізу жолында ұжым үздіксіз еңбек етіп келеді, – деді ол.
Шара барысында көп жылдарын бала тәрбиесіне арнаған ардагер тәрбиешілер марапатталып, гүл шоқтары табысталды. Ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан аналардың еңбегі бүгінгі күн зор құрметпен аталса, жас мамандарға да қолдау көрсетілуі, оларды алдағы уақытта шығармашылық пен шабытқа жетелері хақ.
20 жылдығын дүркіретіп атап өткен №7 «Қызғалдақ» балабақшасы – Бірлік ауылы үшін үлкен мақтаныш. Екі онжылдық ішінде өз орнын айқындап, талай баланың жүрегіне жылулық дарытқан бұл тәрбие ордасы алдағы уақытта да өзінің игі жолын жалғастыра беретіні сөзсіз.
Балалардың шат күлкісі, тәрбиешілердің мейірімі мен еңбегі – ауылдың ең үлкен байлығы. Ендеше, біз де «Қызғалдақ» балабақшасының мерейтойы құтты болсын дегіміз келеді.
Әсел РЗАЕВА




