Облыстан олжалы оралды

Облыс орталығындағы №15 мектеп-лицейінің базасында облыстық спорт және қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен «Үздік алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімі – 2025» байқауы жоғары деңгейде өткізілді. Облыстық байқауға өңірдің барлық аудан-қалаларынан алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің үздік мұғалімдері қатысып, кәсіби шеберліктерін, әдістемелік деңгейін және педагогикалық жаңашылдықтарын көрсетті.
Байқау бағдарламасы бойынша 1-турда «Мен қазіргі заман педагогімін» тақырыбы таңдалды. Қатысушылар таныс емес 10-11-сынып оқушыларымен ашық сабақ өткізіп, кәсіби құзыреттілігі мен сабақ беру әдісінің тиімділігін дәлелдеді. 2-турда «Таныстыру кезеңі» өтті. Өзін-өзі таныстыру, авторлық идеялар, патриоттық және әскери-рухани тәрбиеге бағытталған әдістерді қолдану туралы болды. Одан кейін, авторлық бағдарламаны қорғау жүргізілді. Қатысушылар өздерінің авторлық әдістемелік жобаларын қорғап, тәжірибедегі жаңашылдықтарын таныстырды.
«Мектепішілік іс-шаралар» кезеңінде мектепте өткізілген әскери-патриоттық жұмыстар, «Ұлы Жеңіс күні», «Мерген ару», «Әскерге шақырылушы» тақырыбындағы және Ауған соғысына арналған іс-шаралар мен әлеуметтік жобалар таныстырылды.
Байқау қорытындысында Жаңақорған ауданы атынан қатысқан Келінтөбе ауылы, №192 орта мектебі АӘТД пәні оқытушы-ұйымдастырушысы Арман Егембердиев жүлделі ІІІ орын иеленді. Бұл жас мамандарға үлкен мотивация және үлгі боларлық сын. Сын сағатта үздіктер арасында үштікке енген жерлесімізден келер жылы алтын жүлде күтеміз.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ




