“Мерген ару – 2023”
Соңғы жылдары денешынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәніне жіті көңіл бөліне бастады. Республикалық, облыстық және аудандық спартакиадалардың жиі өтуі оған нақты дәлел. Соның бірі аудандағы білім беру ұйымдарының алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні бойынша 9 – 10 – 11 сынып оқушы қыздары арасында әскери қолданбалы спорт түрінен «Мерген ару – 2023» әскери – патриоттық сайысы аудан орталығындағы № 110 мектеп лицей базасында өткізілді.
Салтанатты жиында Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні әдіскері Нұрсұлтан Тұрмаханов, Жаңақорған ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының көмекшісі, әскери патриоттық жұмыс және Қарулы Күштері ардагерлерімен жұмыс жөніндегі маманы Гүлмира Исабаева, ардагер ұстаз Ахмет Нахипов және №52 орта мектептің алғашқы әскери және технологиялық пәнінің мұғалімі Мақсат Нысанбай салтанатты жиынды ашып, сайысқа қатысушы мектеп командаларына сәттілік тіледі. Сайыстың мақсаты – оқушыларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Кеңес одағының батырлары Ә.Молдағұлова, М.Мәметовалардың ерлігі мен есіміне тағзым ету. Әскери – қолданбалы спорт түрлеріне шыдамдылық, жылдамдық, қасиеттерін дамытып, оқушы қыздарды жүйелі түрде мергендік үйірмелеріне тарту болатын. Мектептің спорт залында мектеп командалары сапқа тұрғызылып, Қазақстан республикасының мемлекеттік туы енгізіліп, мемлекеттік гимн орындалды. Барлық командалар жиналып, мандаттық отырысында қатысушы командалардың құжаттары жиналып, жеребе тасталды. Сайысқа мектеп командаларынан орталық аймақ №110, №125, №163, Ордакент аймағы №3, №51, №56, №169, Ақүйік аймағы №55, № 195, №221, Төменарық аймағы №52, №53, №194, №223, Бесарық аймағы №54, №254, Сыр аймағы №167, №168, №245, Түгіскен аймағы №184, №192, №209 мектептен, барлығы 35 оқушы қыздар бақтарын сынады. Сайыс бағдарламасы 7 бағыттан тұрды. Олар: Пневматикалық винтовкамен нысана ату сайысы, пневматикалық винтовкамен жылдамдыққа нысана ату, АК-74 М оқу қаруын жартылай бөлшектеу/жинақтау, АК74 М оқу қаруының оқатарын патрондармен жарақтау, газтұмылдырықты уақытқа кию, серіппелі дене қимылы, алғашқы дәрігерлік көмек сайыстары бойынша сынға түсті. Ауданның мектеп командаларынан жиналған мерген қыздар шеберліктерін паш етті. 35-тен аса оқушы қыз бағын сынаған жарысқа тыңғылықты дайындалыпты. Сонымен мерген арулар сайысында аудан бұрымдылары нысана көздеуде тәп-тәуір өнер көрсетті. Сайыс өте қызықты да тартысты өтті. Сайыстың барлық бағдарламалары бойынша командалық жүлделі орындар белгіленді. Жаңақорған ауданы білім бөлімінің және Жаңақорған ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің арнайы дипломдарымен марапатталып, сыйлықтар табысталды. «Мерген ару – 2023» жарыс қорытындысы бойынша әскери – патриоттық сайысында 1-ші орынды Төменарық аймағы ( № 52, № 53, №194, № 223 мектептері) иеленсе, 2-ші орынды Түгіскен аймағы (№184, 192, 209 мектебі) иеленді, 3-ші орынды Ақүйік аймағы (№55, 195, 221 мектебі) қанжығалады. «Үздік мерген аруы» деп танылған оқушылар «Мерген ару – 2023» әскери – патриоттық сайысының облыстық кезеңінде жолдама алды. – Аудандық «Мерген ару» сайысының мақсаты жастардың отанға деген сүйіспеншілігін патриоттық сезімін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, оқушыларды әскери тәртіпке, елжандылыққа, әдептілікке, парасаттылықққа тәрбиелеу, – деді бірлестік жетекшісі Арман Егембердиев.