Алтын қолды Асылтай

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жер жүзі халқының жартысына жуығы тіс ауруына кезігеді екен. Яғни әрбір үш адамның бірі тіс дәрігеріне жүгінеді деген сөз. Сондықтан қазір медицина саласында тіс дәрігерлеріне деген сұраныс өте жоғары болып тұр. Сұранысқа сай мамандықты меңгеріп, бүгінде аудан тұрғындарына сапалы қызмет етіп жүрген маманның бірі де бірегейі – Асылтай Жақсыбай. Жас маманның қызметіне жүгінетіндер оның жауапкершілікпен, ұқыптылықпен еңбек ететініне дән разы.
1998 жылдың 7 қарашасында дүние дидарын ашқан Асылтай Сарыбайұлы бұл салаға кездейсоқ келген жоқ. «Әке көрген оқ жанар» демекші, ол бала кезінен әкесінің ізінен еруді мақсат етіп, мектеп қабырғасын тәмамдаған соң С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне оқуға түседі. Стоматология факультетін бітіріп, дипломын алғаннан соң туған өлкеге оралып, қызметке кіріседі. Бүгінде аудандық емхананың білікті тіс дәрігері қызметінде. Небәрі 3 жылдан аса қызмет өтілінде жүрсе де жас дәрігердің тәжірибесі толысып, көптің ықыласын алып үлгерді. Оны әріптестері де растап отыр.
Шыны керек, қазір ауданның өзінде тіс дәрігеріне жүгінетіндер өте көп. Тіс жұлдыру, емдету, салдыру және өзге де қызмет түрлеріне жүгінетіндер өте көп. Әсіресе, бала тісіне алаңдайтындар жиі кездеседі. Дерт түрлі жағдайлардан болатыны анық, оны дер кезінде емдеу өте дұрыс болады. «Тіс саулығы – жан саулығы» деп бекер айтпаса керек-ті.
Айта кететіні, кейіпкеріміз отау тігіп, бүгінде бір ұлдың әкесі. Әке аманатын арқалаған Асылтайдың арманы осы салада үлкен жетістіктерге жету ғана емес, халқына адал қызмет жасай алу. Ол әзірге осы жолда бар білім-білігін сарп етіп келеді. Әкесі Сарыбай Жақсыбайұлы ауданға танымал дәрігер. Осы жақсы ізді, жақсы атқа кір келтірмей келе жатқан ұлдың мақсаты айқын деуіміз орынды.
Қорыта айтқанда, заманауи медицинаның барлық жетістігіне қарамастан, тіс ауруының алдын-алу әлі де тіс саулығын сақтаудың ең жақсы әдісінің бірі болып табылады.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ




