№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КӨЗГЕ ДЕ КҮТІМ КЕРЕК

КӨЗГЕ ДЕ КҮТІМ КЕРЕК


Адам жанының арашасысы деген қастерлі мамандық иелерін қаншалықты айтсақта артық етпейді. Осы тұста, «Гиппократ антын» өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам саулығының сақшысы атанып жүрген дәрігердің бірі – Бақытжан Әжібеков. Ол – аудандық емхананың көз дәрігері.
Жасыратыны жоқ, бүгінде офтальмолог дәрігеріне қаралушылар саны күн санап артуда. Оған қоса, денсаулық сақшылары көз аурулары «жасарып» бара жатыр деп дабыл қаққанына қаншама жылдар өтті. Әрине, оған түрлі факторлар әсер етеді; компьютер, теледидар, ұялы телефон, экологияның нашарлығы. Міне, өзекті мәселелердің түйінін тарқатып, көз күтіміне қандай алдын алу шаралары бар екенін білмек мақсатта Бақытжан Қанжарбекұлын сөзге тарттық.
Әуелі әлқиссаны әріден бастасақ, бозбала Бақытжан 2002 жылы арман қуып, Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түседі. Қазақстандағы маңдайалды тұңғыш медициналық жоғары оқу орнын 2008 жылы жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша тәмамдайды. Одан кейін бір жыл бойы интернатурада машықтанып, алты жыл бойы оқыған-тоқығанын тәжірибеде жүзеге асырады. Жауапкершілік жүгін сезініп, денсаулық сақшысы атанады. Осылайша 2010 жылдан бастап, алғашқы еңбек жолын аудандық емханада аймақтық дәрігер болып бастайды. Арада аз уақыт өткенде Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында 6 ай бойы оқып, туған өлкеге көз дәрігері ретінде қайта оралады. Міне, сол жылдан бастап, Бақытжан Қанжарбекұлы аудандық емхананың көз дәрігері ретінде елге қызмет етуде.
– Ұлт саулығы – мемлекет байлығы. Тәні саудың – жаны сау екендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан бүгінгі таңда көз ауруларының алдын алу біз үшін өте өзекті болып табылады. Келешек ұрпақтың көзінің қырағы, болашағының баянды кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – біздің дәрігерлік борыш. Бұл бағытта 2013 жылы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында микрохирургия курсы бойынша және бірнеше мәрте біліктілікті арттыру бағытында республикалық семинар, конференцияларға қатыстым. Соңғысы жақында ғана Татарстанның Қазан қаласында Жоғары білім беретін медициналық технология орталығында «факоэмульсификация» санаты бойынша білім арттырдым, – дейді Бақытжан Әжібеков.
Иә, Қазан қаласынан білімін жетілдіріп келген көз дәрігері шетелдік заманауи офтальмологиялық аппараттардың жетілдірілген түріне таңданысын жасырмады. Әрі ол аппараттар Татарстанның әрбір ауыл-аймақтарында қолжетімді екен. Десе де, біздегі офтальмологиялық жабдықтардың жай-күйін сұрауды ұмытпадық.
– Қазан шаһарынан келген бойда «Инфинити», «Сентюрум» аппаратына облыстық медициналық орталыққа өтінім бердік. Бұл заманауи құрылғылардың артықшылығы – көздегі катарактіге ота жасайды және тілген кезде білінбейді. Яғни, науқастар жергілікті жерде ем қабылдауға мүмкіндік алады. Одан бөлек өзімізде бүгінгі таңда авторефрактометр деген аппарат бар. Бұл – диагностикалық ақпаратын толықтай көрсететін және аметропиялық диагностикалау үдерісін сапалы ететін құрал. Сондай-ақ саңылау шамы және «Топкон» деген көздің қысымын өлшеуге арналған жапониялық аппарат пен «Вскан» ультра дыбыстық зерттеу құрылғысы бар, – деді көз дәрігері.
Тілдесу барысында денсаулық сақшысы қазіргі қоғамда тұрғындардың әсіресе, жастар мен жасөспірімдердің саулыққа деген немқұрайлықтың соңы, көзәйнекке телміруге ұласуда екенін жеткізді. Яғни, компьютер, ұялы телефон, смартфон, планшет тағысын тағы. Бұл гаджеттер бүгінде кез келген жастың сенімді серігіне айналғаны жасырын емес. Интернеттің әлегіне түсіп, ертелі-кеш әлеуметтік желідегі ақпараттарды ақтарады. Жалықса виртуалды ойын ойнайды. Қаласа фильм көреді. Осылай денсаулығына аса мән бермеген уақыттар уақыт өте өзінің көз жанарына зиянын келтіретін тілге тиек етті. Негізі 14 жасқа дейінгі өспірімдер ұялы телефонды күніне 2 сағат қана қолдануы керек екен. Алайда күнделікті көріп жүргеніміздей бүгінгі жастарға 24 сағаттың өзі аздық етуде. Десе де, сұхбат соңында көз дәрігері Бақытжан Қанжарбекұлы көзге де күтім керектігін сөз етті.
Иә, жас пен кәріге көмек қолын созып, дертіне шипа іздегенге дәнекер болып жүрген мақала кейіпкерінің бұл салада жүргеніне он жыл болыпты. Осындай халық саулығына еткен еселі еңбегі еленіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет» грамотасына, аудандық емхана мен қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің, аудан әкімінің «Алғыс хатына» ие болған. Бұл да болса, алдағы атқарар жұмыстарға жігер беріп, ел иігілігі жолында қажымай еңбектенуге дем беретіні сөзсіз.

Әбдісамат ӘБДІШ.
11 маусым 2018 ж. 1 440 0