Қыз жүрегіндегі қайсарлық

Өрт сөндіру бөліміндегі құтқарушылардың жұмысы хабарлама қабылдаудан басталады. Кез келген оқыс оқиғаны дұрыс қабылдап, сауатты жеткізудің өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Егер кезекші радиотелефанист ағаттық жіберсе, бүкіл бөлім қызметкерінің жоспары бұзылады. «101» телефонына түрлі шағым айтып, қоңырау шалатындар өте көп. Жалған ақпарат беретіндер де жоқ емес. Сондықтан қоңырауды қабылдайтын маманның шебер әрі сауатты болуы шарт. Психологиялық кеңес беретін қабілеті болса ол да бір артықшылық. Міне, осындай қырағы қызмете жүрген нәзік жанның еңбегі қандай құрметке болса да лайық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Тоғжан Ергешбаеваның бір күндік жұмысынан үлкен жауапкершілік жүгін көрдік.
Иә, қазір қай саланы алсаңыз да ерлермен қатар еңбек етіп жүрген аруларымыз аз емес. Күрделі салалардың күрмеуінде жүрсе де жігер танытып, елдік жолда ерлік көрсетіп жүрген қыздар жетерлік. Қоғамда әр мамандықтың өз жауапкершілігі бар. Соның ішінде өрт сөндіру және төтенше жағдайлар саласы – батылдықты, табандылықты және сабырлықты қатар талап ететін ерекше мамандық. Көпшілігі бұл саланы ерлердің мамандығы деп қабылдайды. Алайда бүгінде ел қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген нәзікжандылар жетіп артылады.
Тоғжан Талғатқызы Жаңақорған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің №14 өрт сөндіру бөлімінде радиотелефонист болып қызмет атқарады. Оның күнелікті міндеті-бөлімде байланысты қамтамасыз етіп, әрбір шақыртуларды жедел әрі нақты жеткізу. Бір сәтке де қателесуге болмайтын бұл мамандық зейін мен қырағылықты қажет етеді.
– Шыны керек, өзім радиотелефоншы қызметінде жұмыс істесем де, осы салаға қатысты барлық ақпаратты білуге тиістімін. Өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы телефон қоңырауларына ғана жауап бермейді. Күнделікті тіркелген ақпаратқа толық қанық болуға тиіспіз. Жоғары тұрған бөлімшеге саптық хабарлама беріп отырамыз. Кезекшілікке ауысуға келген өрт сөндірушілердің саны, бөлімшеде қандай жауынгерлік техника есепте тұр, онда қанша өрт сөндіретін заттар – су мен көбік түзуші, бөлімшеде қанша тыныс алу органдарын қорғау құралы бар, барлығы есепте болуы керек. Оған қоса кезекшілік кезінде әкімшілік-басқару жұмысын орындауға тура келеді. Күзетілетін объектілерден хабарламаларды қабылдау, оны басшылыққа баяндау, қарауыл бастығының өкімін жеке құрамға жеткізу де біздің міндетіміз. Біз бір жағынан психолог болуға тиістіміз. Хабарласқан адамды сабырға шақырып, көмекті дер кезінде жіберіп отырамыз, – дейді радиотелефоншы ару.
Иә, кейіпкеріміз радиотелефонист болғандықтан кезекшілікте 24 сағат бойы белгіленген күн тәртібі бойынша еңбек етеді. Әсіресе өрт оқиғасы орын алған кезде оның жұмысы қауырт. Бөлімшенің немесе қарауылдың шақыру орнына шығуына жолдама толтырып, өтініш берушіден бірқатар мәселелерді нақтылау да оның міндеті. Радиотелефонист тек қоңырауларды қабылдап қоймайды. Ол ақпаратты нақтылап, оқиға орнынан алынған мәліметтерге қарап, жөнелтілетін техникалар мен өрт сөндірушілердің санын анықтайды. Одан бөлек диспетчер, полиция, жедел-жәрдем және басқа да қызметтермен хабарласады.
Төтенше жағдайлар кезінде радиотелефонисттің сабырлығы мен ұқыптылығы – құтқарушылардың табысты іс-әрекетінің кілті. Тоғжан өз ісіне адалдықпен қарап, әріптестерінің қауіпсіздігін қакмтамасыз етуге үлес қосып келеді. Өрт сөндіру саласындағы қыздардың еңбегі – ерлікпен тең. Олар тек байланыс арнасында емес, өмірдің әр сәтінде де батылдықтың, төзімділікті, жауапкершіліктің үлгісі болып жүр.
Бүгінгі жаһандану кезеңінде әйелдер адамзат ұрпағын жалғастырушы ғана емес, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістердің қозғаушы күшіне айналып отыр. Жаны нәзік болса да қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін күні-түні табанынан тік тұрған аруларға деген құрмет қашанда биік.
Әлібек ТЕМІРБЕК




