Құтқарушы – ерліктің символы

Жылдың төрт мезгілінде де төтенше жағдаймен тірескен құтқару қызметінде жүрген азаматтардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Қыста аязбен алысып, ерте көктемде тасқын суды тойтарып, ала жаздай жалынмен, күзде көгілдір отынмен күресетін құтқарушылардың қызметінің жауапкершілігі өте ауыр. Олардың әрбір іс-әрекетінде тіршілік иелерінің тұтас тағдыры тұр. Сондықтан қырағылық пен көзсіз батырлықты талап ететін бұл қызметте жүрген жігіттерді қалай дәріптесек те артықтық етпейді. Жаңақорған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Шынболат Айтжанұлымен төл мереке қарсаңында сұхбаттасқан болатынбыз.
Соңғы жылдары табиғи апат пен қолдан жасалған қастандықтың салдарынан тіршілік атаулы үлкен зиян шегіп келеді. Әсіресе қараусыз қалып қойған дала байлықтары алапаттың құрбанына айналып жатады. Биылдың өзінде 400-ге жуық орман өрті тіркеліп, табиғат тартуы жалынның астында қалды. Одан бөлек, үй жағдайындағы, көлік ішіндегі өрт пен су айдындарындағы төтенше жағдайлардың салдары адам шығынына да алып келгені рас.
– 19-қазан – құтқарушылар күнімен құттықтаймыз! Айтулы күннің мән-маңызына тоқталсаңыз...
– Бұл күн табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін арашалауда алдыңғы шепте жүретін, мамандарға деген алғыс пен құрмет күні. Құтқарушылар үшін басты міндет-адам өмірін сақтау, қауіптің алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Биыл ҚР Төтенше жағдайлар министірлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Сондықтан осы салада табанды тер төгіп жүрген әріптестерімді құттықтағым келеді.
– Қазір кез келген салада кадр мен базалық жүйенің сапасы маңызды. Ұжым туралы қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– Жаңақорған ауданының Азаматтық қорғау гарнизоны аудан халқының тыныштығы мен амандығы үшін тынымсыз еңбек етіп келеді. Қазір бөлімде штат бойынша 6 қызметкер бар, барлығы жоғары білімді офицерлер. №14 өрт сөндіру бөлімінде штат бойынша 35 қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 6 офицер, 4 командир, 4 аға өрт сөндіруші, 8 өрт сөндіруші, 4 радиотелефонист, 9 жүргізуші. Бөлім теңгерімінде 5 өрт сөндіру және 2 қызметтік автокөлік бар, барлық техникалар жарамды күйде. Өрт сөндіру автокөліктері авариялық құтқару құралдарымен толық жабдықталған. Қызметкерлер жауынгерлік киіммен толық қамтамасыз етілген.
Ағымдағы жылы құтқарушылармен аудан аумағында орын алған 38 өрт және 68 өртке жатпайтын жану оқиғасы сөндіріліп, 2 авариялық құтқару жұмыстары жүргізілді. Авариялық құтқару жұмыстары кезінде жол көлік оқиғасына түскен автокөлікте 2 шет елдің азаматы құтқарылды. Жалпы бөлім қызметкерлерінің жұмысы жылдың төрт мезгілінде де қайнап жатады. Олар қақаған қыстың аязы мен шіліңгір шілденің ыстығына қарамастан адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу бағытында табанды еңбек етуде. Табандылық пен төзімділікті ту еткен біздің азаматтар кез келген қауіппен бетпе-бет келуге әзір жүреді.
– Қазір жылу маусымы басталды. Сондықтан мекеме қызметкерлері ауыл-ауылды аралап, әсіресе, газ мәселесіне қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келе жатқанына өзіміз де куә болып жүрміз. Осы туралы не айтасыз?
– Әрине, қызметкерлер кент ішін және ауылдық округтерді аралап, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі, газ және электр жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ тұрғын үй секторында өрттің өсуіне және адам шығынына жол бермеу мақсатында профилактикалық іс-шараларды жүйелі өткізіп келеді. Талапқа сай жылу беру маусымында пештің түтін шығу жолдары екі-үш рет тазалануы қажет. Алайда тұрғындар түтін жолдарын мүлдем тазаламай салғырттық танытады. Көмірдің сапасына да мән беру керек. Дұрыс жанбаған көмір салдарынан улану жағдайы орын алып жатады. Жылу беру маусымы қарсаңында үгіт-насихат жұмыстары кезінде аудан бойынша әлеуметтік осал топтарға жататын 130 отбасының тізімі нақтыланды. Барлық тұрғын үйге рейдтік іс-шара барысында өрт қауіпсіздігі ереже-талаптары түсіндіріліп, 60 дана көмірқышқыл газын анықтайтын датчик тегін орнатылды.
Айта кетейік, бөлім тарапынан «Көмірқышқыл газы адам өміріне қауіпті», «Жағылған қоқыстарды бақылаусыз қалдырмау», «Сіріңке – балаларға арналған ойыншық емес», «Балаларды қараусыз қалдырмау» тақырыптарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, арнайы дайындалған жадынамалар таратылуда. Тұрғындардың жылу беру кезеңіндегі өрт қауіпсіздігіне қатысты ереже-талаптарын қатаң сақтауы, оқыс оқиғалардың алдын алу төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің басты назарында.
Түйіндей айтқанда, «апат айтып келмейді», «сақтансаң сақтаймын» дегенді қаперден шығармаған жөн. Әйтпесе, қауіпсіздікті қаперге алмаудың соңы орны толмас қайғымен аяқталуы мүмкін. Ең бастысы, қауіпті дер кезінде ауыздықтаған жөн. Сондай-ақ дер кезінде қоңырау шалып, жылдам хабарлама беру маңызды.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ



