"ШОЙЫН ЖОЛДА ШЫҢДАЛҒАН АБЫЛХАН" КЕЗДЕСУ КЕШІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны баршамызға мәлім. Бұл бастама – еңбек адамдарының мәртебесін арттырып, олардың қоғамдағы орнын айқындауға, сондай-ақ жас ұрпақты еңбекқорлыққа, жұмысшы мамандықтарына баулуға бағытталған маңызды қадам.
Осы орайда Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастырумен өткен Жаңақорған ауданы, Аққұм бекетінің тұрғыны, теміржол саласында үздіксіз еңбек еткен құрметті теміржолшылар әулетінің өкілі – Абылхан Аятбекұлымен «Шойын жолда шыңдалған Абылхан» атты кездесу кеші өткізілді..
Қазақстан аумағындағы алғашқы теміржол желісі – Орынбор -Ташкент теміржолы XIX ғасырдың соңында салынып, кейін қазақ даласы арқылы өтетін ірі магистральға айналды. Сол тарихи бағыттың бойында орналасқан Жаңақорған бекеті 1905 жылы пайдалануға беріліп, бүгінде де ел игілігіне қызмет етіп келеді. Аққұм бекетінде теміржол тарихының бастауында тұрған тұлғалардың бірі – алғашқы отарба жүргізуші Жақыпұлы Төлек атамыз еді. Ол кісіден бастау алған еңбек дәстүрі бүгінде 670 жылдық жалпы қызметтік әулеттік тәжірибеге ұласып отыр. Бір ғасырдан астам уақыт бойы бірнеше ұрпақ теміржол саласына адал еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келеді.
Шара барысында қонақтар аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Пахмаддин Айнахожаев, "Жаңақорған тынысы" газетінің бас редакторы Баян Үсейінова, Жастар Ресурстық орталығының маманы Бекзат Өмірзақов, Шалқия кенті А.Адилов атындағы № 86 орта мектебінің 9 «А» сынып оқушылары және тарих пәнінің мұғалімі А.Ашимова, музей қызметкерлері қатысты.
Шара соңында кездесу кешінің қонағына Аятбекұлы Абылханға және мектеп ұжымына музей ұжымы атынан сый-сияпат пен алғыс хат табысталды.




