» » Теміржолшылар династиясы

Теміржолшылар династиясы


Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырары анық. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілетуді және қарапайым еңбек адамдары мамандықтарын дәріптеу арқылы нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді.


Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов пен теміржол саласының ардагері, Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің директоры Ербол Сәулебеков, қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ибрагим Басықараев «Магистралды желі» бастауыш партия ұйымында болып, теміржолшы мамандармен, сондай-ақ салада ұзақ жылдар табанды еңбек етіп, өңір экономикасының дамуында өзіндік қолтаңбалары бар теміржолшылар кездесті.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында елімізде техникалық және кәсіби білімге басымдық берілуде. Биыл сала мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артты. Оның ішінде 65 пайызы техникалық мамандықтар. Сонымен қатар өңірлерде әлемдік деңгейде беделді оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Жыл сайын шамамен 500 ғалым шетелде машықтануға мүмкіндік алады», – деді Алмасбек Есмаханов.
Осы кездесуде Жаңақорғандық Рзаевтар әулеті де арнайы шақырту алды. Өйткені, тіршілігі теміржолмен біте қайнасып, темірдей тәртіпке бағынған Рзаевтар әулеті Жаңақорғандықтарға жақсы таныс. Себебі бұл отбасының барлық мүшесі ел экономикасының күретамыры саналатын күрделі салада еңбек етуде. Бір ерекшелігі, олардың бәрі де қарапайым жұмысшыдан басшылық лауазымға дейін адал еңбекпен көтерілген жандар.
Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан отбасы мүшелерінің жалпы еңбек өтілі 500 жылдан асады екен. Әулеттің үлкені Құлтас, Битас Рзаұлынан тараған ұрпақтар түгел теміржол саласында. Бұл отбасының тірлігі теміржолмен біте қайнасып, құрыш білекпен болат жолдың бойында еңбек ететін ұрпақтар бүгінде ата дәстүрін бұзбай, атакәсіптің құлағынан ұстағандарын мақтан тұтады. Осы мақалы жазу барысында осы әулеттің үлкені, жақында ғана зейнетке шыққан Оразбек Құлтасұлымен әңгіме дүкен құрған едік.
– Қызылорда жол бөлімшесі бойынша танымал Ырзар әулетінің ата қонысы осы Жайылма станциясы. Жері малға жайлы. Жолдың арғы бетінде суы терең, балығы мол Бозкөл жатыр. Жайылмада туып-өсіп, өмір бойы теміржол да жұмыс істеген Рза Әбілезімовтің әкесі Әбілезім 1900-1904 жылдары «Орынбор-Ташкент» теміржолының топырақ төсемін салуға қатысады. Теміржол пайдалануға берілгеннен кейін ұзақ жыл жол жөндеуші болып жұмыс істейді. Үйленеді. Балалы шағалы болады. Өзінің алты баласының үшеуі әке жолын қуып теміржолшы болады. Содан бергі уақытта Рза ұрпағының төртінші буыны теміржолда жұмыс істеп, әулет жолын жалғастырып келеді. Жасыратыны жоқ шойын жолдың бойында балалық шағымыз да өтті. Тепловоздың гудогі, темір доңғалақтардың гүрсілі бала кезімізден құлаққа таныс. Атамыз Рзаның үлкен баласы Бектас теміржолда жұмыс істеп жүріп Ұлы Отан соғысына алынады. Соғыстан қайтып келіп 1969 жылы өмірінің соңына дейін Жайылма станциясында кезекші болып жұмыс істейді. Одан кейінгі әкеміз Құлтас теміржолда 45 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан адам. Кіші ұлы Битас Ташкенттегі теміржол инженерлік институтын бітіріп, еңбек жолын жол бригадирі болып бастайды. Қызмет бабының барлық сатысымен өсіп, Қандыағаш жол дистанциясының бастығына дейін көтеріледі. 1981 жылы туған жер топырағына қайтып келіп, Шалқия теміржол кешенін салуға қатысады. Төртінші ұлы «Құрметті теміржолшы» Абдулла зейнетке шыққанға дейін Шиелі жол дистанциясында еңбек еткен адам, – деді Оразбек Рзаев бізбен әңгімесінде.
Иа, ата жолын қуған Рзаевтар әулетінің өнегелі жолы көпке үлгі. Барлығы да қуатты Қазақстаның темір жол саласындағы тарландары деп атасақ артық айтқандық емес.
Бізбен сұқбаттасқан әулеттің үлкені Оразбек Құлтасұлының еңбегі ерен. Ол кісі мықты маман ғана емес, тәлімгер ұстаз. Қаншама шәкіртті баптап, мамандыққа бейімдеген. Тіпті, қос ұлы Бауыржан мен Олжас та теміржол саласын менгерген. Ал інілері Арыстанбек пен Бақытжан белгі беру және байланыс дистанциясының аға механигі. Оған қоса Абдулла Рзаевтың қызы Меруерт Қызылорда жол бөлімшесінде жауапты қызметте. Ал Рзаның үлкен баласы Бектастың немересі Жансая Есенжолқызы «Атасу Групп» тасымалдау компаниясында логист болып жұмыс жасайды. Сонымен қатар Битастың қызы Гүлнар Қызылорда қаласында Белкөл станциясында жауапты қызметте.
Түйіндей айтқанда, теміржолшылардың тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайраты қуатты Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлесін қосуда. Өйткені, айшылық алыс жерлерге аман-есен жетуде, жолаушының жол азабын азайтуда, оған қоса жүк тасымалының қарқынды дамуында теміржолшылардың темірдей тәртібі менмұндалап тұр. Мұның қатарында жалпы еңбек жолы өтілін есептегенде 500 жылдан асқан, ынтымағы ұйысқан Рзаевтар әулетінің еселі еңбегі елге үлгі. Әулеттің әрбір мүшесі теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешуде. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәуелі шаңырақта бүгінде төртінші буын өзінің қызметін теміржол саласымен байланыстырып, ризығын теруде. Тірлігі теміржолмен біте қайнасып келе жатқан өнегелі отбасы теміржол саласында қызмет ететіндерін мақтан етеді. Рзаевтар әулетінің әр мүшесі теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп өскен жандар. Олардың мамандық таңдаудағы өзара сыйластығын да осыдан аңғаруға болады.

Әсел Кеңесқызы

15 сәуір 2025 ж. 127 0