«АЙБЫН – 2025»: оқушылар бәсекесі

Мектеп оқушылары арасында әскери қолданбалы спорт түрлерінен «АЙБЫН – 2025» әскери патриоттық жастар жиынының аудандық іріктеу сайысы өтті.
Дәстүрлі мектеп біріншілігі бұл жолы М.Нәлібаев ауылындағы №196 орта мектеп базасында ұйымдастырылды. Аудандық сайысқа Орталық аймағы (№110, №163, №286, №289, №293, А.Абдуллаев мектебі), Ордакент аймағы (№3, №169, №193, Ө.Жұмәділлә мектебі), Сығанақ аймағы (№52, №53, №162, №166, №195 мектебі), Ынтымақ аймағы (№86, №164, №208, №221, №254 мектебі), Тау аймағы (№54, №160, №161, №180, №239 мектебі), Сыр аймағы (№167, №168, №196, №213, №224, №245 мектебі), Аққорған аймағы (№184, №192, №209, №256 мектебі) мектеп командаларынан 90 оқушы қатысып, бақтарын сынады.
Алдымен мектептің спорт залында командалар сапқа тұрғызылып, мемлекеттік ту енгізіліп, әнұран орындалды. Пневматикалық винтовкадан жатып ату, АК-74 оқу қаруын жартылай бөлшектеу және жинақтау, кермеде тартылу, шалқалап жатып денені көтеру, әскерилендірілген эстафета, әскерилендірілген кросс және арқан тарту сайыстары бойынша үздіктер анықталып, іріктелді.
Бәсеке барысында сайысқа қатысушыларға кезекшілер ұйымдастырылды.
Барлық қауіпсіздік ережелері ескерілді. Аудандық іріктелуге арналған «АЙБЫН – 2025» әскери-патриоттық жастар жиынында бас жүлде Орталық аймағына бұйырды. 1-орынға Аққорған аймағы жайғасса, Тау аймағы екінші, Сығанақ аймағы үздік үштікті түйіндеді.
Қорытынды бөлімінде сайыстың барлық бағдарламалары бойынша және жалпы командалық жүлделі орындарымен, Жаңақорған ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі басшысының дипломдары және қоғамдық даму бөлімі Жастар ресурстық орталығының кубок, медалдары табысталды. Сайыс бағдарламалары бойынша үздіктер облыстық кезеңге жолдама алды.
Диана ЕРГЕШБАЙ