Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Болашақ мамандар өндірісте

Болашақ мамандар өндірісте


«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің студенттері «Казатомпром» ҰАК АҚ-на еншілес аудандағы «СКЗ-U» ЖШС мекемесіне арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Күкірт-қышқыл зауыты басшылығы мен колледж ұжымының өзара келісіміне сәйкес бітіруші түлектер кәсіпорын қызметкерлерінің бір күндік жұмысын көзбен көріп, болашақ төл мамандықтарының өзіндік қырларына қанықты. Олай дейтініміз, бұл күні өндіріс орнын келешек зауытқа қажетті дәнекерлеуші, электрик сынды мамандықта оқып жатқан шәкірттер тобы аралап қайтты.


Өндірісі мен өнеркәсібі өркендеген елдің әлеуметтік және экономикалық дамуы өзгеден озық тұрады. Дамыған елдердің тәжірибесінен осыны аңғаруға болады. Мемлекет басшысы да соңғы Жолдауында өнеркәсіп саласына үлкен мән берді. Мұнда тек шикізат шығарып, оны пайдалану ғана емес, өнім өндіруге басымдық беруді тапсырды. Әсіресе, қазба байлықтан қазынаға қыруар қаржы түсіру де күн тәртібінен түскен емес. Бұл тұрғыда Жаңақорғандағы өндіріс ошақтарының орны бір төбе. Уран өндіретін зауыттарға дайын өнім жеткізіп отырған «СКЗ-U» зауытының аймақ экономикасына қосып келе жатқан үлесі орасан. Сондықтан оқу орнының басшылығы осы өндіріс аймағын таңдап, сту­денттерді жыл сайын дәстүрлі түрде тәжірибе алмасуға жіберіп тұрады.
Колледж директорының оқу өндірістік жө­ніндегі орынбасары Дәулетхан Мадиярханұлы бастаған студенттермен бірге күкірт қышқыл зауытын біз де аралап көрдік. Алдымен зауыттың бас директоры Сағыныш Орынбасаровтың қабылдауында болып, одан әрі бөлімдердің жұмыстарымен таныстық. Мекеменің конфе­рен­ция залында өткен басқосуда бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесі, одан кейін жұмыс­қа орналасу ахуалы және мекеменің іргетасы қаланған күннен бүгінге дейінгі тарихы баяндалды. Одан соң зауыттың сызбасы, орналасқан көрінісімен танысқан студенттер арнайы киім киіп, өндірісті түгел аралап, еңбек процесін көзбен көріп шықты.
– Біздің мақсат – студенттердің келешегіне бағыт көрсетіп, жол ашу. Теориялық біліммен қоса практикалық процестермен көзбе-көз жете танысудың маңызы зор. Ертең диплом алған әрбір шәкірт жұмыссыз қалмауы керек. Сондықтан осындай өндіріс мекемелері және жеке кәсіпкерлермен келісім-шартқа отырып, білімгерлерді практикаға жіберіп, мүмкіндік болса тұрақты жұмысқа орналастыруға мүд­деліміз. Әзірге теориялық оқығанын іс жүзінде ойға орнықтыру талабымен осында әкеліп тұрмыз. «СКЗ-U» ЖШС басшылығына арнайы алғысымызды айтамыз. Жастарды қолдап, үне­мі байланыста болады. Бос жұмыс орындары болса әрдайым көмектесуге дайын, – дейді директордың орынбасары.
Оқу орны жалпы 500 орынға лайықтал­ған. Қазірде 447 студент білім алуда. Былтыр 177 түлек бітіріп шыққан. Әр жылы колледж­ді бі­тірген түлектердің жұмысқа орналасуы бо­й­ы­н­­­ша сараптап отырады. Кәсіби мамандан­­ған, қолында арнайы дипломы бар жастың жұ­мыс­қа орналасуына кедергі кем, керісінше сұра­ныс басым дейді. Әсіресе өз ауданымызда жеке кәсіпкерлер электрик, дәнекерлеуші, аспаз мамандықтарына зәру, тек жастарда ынта болса болғаны.
Өткен оқу жылында бітіруші 10 түлек аудандағы кәсіп­орындарға жолдама арқылы жұмысқа орналасқан екен. Сол секілді жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары еңбек адамының құқына құрметпен қарап, құзіретіне мін түспеуіне мүдделі болу керек дейді басшылық.
Сонымен жұмыстың алғашқы сағаты көрші аймақ Атыраудан келетін күкіртті күтіп алудан басталды. Арнайы вагондармен келген шикізатты балқытқан түтін көз алдымызда мұнарланды. Студенттер ауа үрлеу қондырғыларының ғимараты, механикалық, компрессорлық бөлмелер мен су тазалағыш, бу қазандығы сын­ды орындардың қызметімен танысты. Өздеріне қажетті токарь, дәнекерлеуші және механизаторлық жұмыстардың да жобасын бақылады. Орталықтан басқару аумағын, энергия кешенін, соңына қарай зертханалық бөлменің қызметін көрді. Су мен күкірттің сапасын, тазалығын күн сайын бақылап отыратын мамандармен тілдесті. Массаның үлесі, темір қалдығының тексерілуіне мұқият мән берді.
– Ауданда мұндай зауыт барын естігенімен бірінші рет келіп тұрмыз. Жұмыстың қаншалықты қиын екеніне үйренер тұсымыз көптігіне көзіміз жетті. Менің мамандығым дәнекерлеуші, жалпы бұл сала өндіріс орындарының тоқтаусыз мехнаизмі екеніне көзім жетті. Бұйырса, диплом алсам мамандығым бойынша осында келемін, – дейді Рахымжан есімді студент.
Биылғы жылды қарапайым кәсіп көзін тапқан азаматтарға мол мүмкіндік немесе еңбек адамына деген құрметтің төрі деуге келеді. Екінші жағынан болашақтың мамандарын бүгіннен дайындауға зор серпін береді. Сондықтан әрбір сала, мекеме мен өндіріс орындарының басшылығы қарамағындағы қызметкерлердің хал-ахуалына, кәсіби тұрғыда маманданып, одан әрі өсіп-өркендеуіне жан-жақты жағдай жасап, мүмкіндіктер қарастыруға басымдық береді. Осындай бастаманы «Казатомпром» ҰАК АҚ-на еншілес аудандағы «СКЗ-U» ЖШС күкірт-қышқыл зауыты тиянақты өрістетуге ден қойып отыр.
Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған күкірт-қышқылы зауытының бүгінде жылдық қуаты 510 мың тоннаға жеткен. Зауыт күніне 1500 тонна шикізат өндіреді. Облыстағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысында алғаш қолға алынған өндіріс орнында бастапқы жылдары 100 мың тонна күкірт қышқылы өндірілсе, кейінгі жылдары өндіріс жұмысы қалыпқа түсіп, өнімділік артты. Сонымен бірге электр энергиясын өндіріп, аудандық электр желісіне арзан бағада беруді қамтамасыз етуде.
Казатомпром ҰАК әлеуметтік жауапты компания ретінде елдегі барлық шараларға жауапты болса, компанияға қарасты «СКЗ-U» ЖШС елдің экономикасына үлес қосумен бірге осы әлеуметтік жауапкершілікті де қатар алып келеді. Түрлі бағыттағы қайырымдылық, демеушілік шараларынан қалыс қалған кезі жоқ. Зауыт құрылысы басталғалы Кейден ауылына көмек беруден бас тартқан емес. Ауыл тұрғындарының өтінішіне сай скважиналар қазып, оларға су тазартқыш орнатып берді. Тұрғындардың есік алдындағы учаскелеріне егін егу үшін дариядан су айдайтын электромотор орнатып беруді назардан тыс қалдырмады.
– «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауыты Қызылорда облысының инновациялық-серпінді жобасы. Өндіріс орны 2007 жылы құрылған. Кәсіпорын 2012 жылы пайдалануға берілді. Тәулігіне 1500 тонна өнім өндіріледі. Бүгінде мұнда 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның 75% жергілікті ауданның азаматтары болса, оның ішінде Кейден ауылдық округінің тұрғындары да аз емес. Жалпы алғанда аудан экономикасының дамуына қомақты үлес қосып отыр. Біздің зауыт – күкірт қышқылын дайындайтын Сыр бойындағы ауқымды өндіріс орындарының бірі. Шет елдің озық технологияларын қолданудың нәтижесінде экологиялық залалсыз жұмыс істеп келеміз. Зауыт негізінен жер асты байлығын өзге қоспалардан сілті қышқылы арқылы айырып алатын өнеркәсіп орындарының сұранысын қамтамасыз етеді. Студенттердің жыл сайын келуін біз де қолдаймыз. Мүмкіндік болса ұсыныс білдіріп, жас жұмысшыларды алып қалуға тырысамыз, – дейді зауыттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлім басшысы Гулнара Рүстемова.
Түскі астан кейін жас өрендер бір күнгі сапардан алған әсерлерімен бөлісті. Мекеменің кандидаттарды іріктеу қағидалары туралы көбірек мәлімет алғанын алға тартты. Нrekap.kazatomprom.kz жүйесіне қалай тіркелу керектігін, ары қарай бос жұмыс орындарын таңдау тетіктерін түсінді. Соңынан мекеме басшылығы қонақтарға сый-кәде жасауды да ұмытпады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
27 қыркүйек 2025 ж. 1 208 0