Өндіріс өркені – өңір келбеті
Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл қарапайым кәсіп көзін тапқан азаматтарға мол мүмкіндік немесе еңбек адамына деген құрмет деуге келеді. Екінші жағынан болашақтың мамандарын бүгіннен дайындауға зор серпін береді. Сондықтан әрбір сала, мекеме мен өндіріс орындарының басшылығы қарамағындағы қызметкерлердің хал-ахуалына, кәсіби тұрғыда маманданып, одан әрі өсіп-өркендеуіне жан-жақты жағдай жасап, мүмкіндіктер қарастыруға басымдық береді. Осындай бастаманы «Казатомпром» ҰАК АҚ-на еншілес аудандағы «СКЗ-U» ЖШС күкірт-қышқыл зауыты тиянақты өрістетуге ден қойып отыр.
Алдымен зауыттың жаңа басшысы, яғни бас директорымен таныстық. Бұл лауазымға Сағыныш Орынбасаров тағайындалыпты. Сағыныш Алмасбайұлы өндіріс орнының іргетасы қаланғаннан еңбегі сіңген білікті маман. Бұған дейін де осы мекемеде бірнеше қызмет баспалдағынан өткен. Еңбек жолын зауыттың техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженері қызметінен бастаған ол зауыттың директорлығына дейін жетті. 15 жылдық адал еңбек, маңдай тер, толысқан тәжірибенің арқасында зауыттың бас директоры қызметіне лайық деп танылды.
Сағыныш Алмасбайұлы 2006 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің химия-технология факультетін бітіріп, қызмет жолын Атырау өңіріндегі «Тенгиз» мекемесінде бастаған. 2009 жылдан бастап қызметін жылдық қуаты 500 мың тонна, күніне 1500 тонна шикізат өндіретін осы зауытта жалғастырды.
– Былтыр мекеме жоспарлы межені орындады, биылғы жылға атқарылар шаруа қыруар. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайынан бөлек олардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік беруді көздеп отырмыз. Ол үшін мекеме жанынан жабық спорт алаңын салуды көздедік, бұйырса, бұл жоба биыл жүзеге асады. Одан бөлек, іргелес жатқан Кейден ауылының да әл-ауқатының жақсаруына жұмыс жасайтын боламыз, – деген мекеменің бас директоры жоспарларымен қысқаша бөлісті.
«СКЗ-U» ЖШС жаңа жыл қарсаңында компания жұмысшыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында 120 орындық жұмысшылардың жуыну және кір жуатын ғимаратының құрылысын аяқтап, қолданысқа берді. Бұл жоба – қызметкерлердің жайлылығын арттыруға бағытталған компания саясатының маңызды бөлігі болып табылады деді мекеме басшысы.
Жаңа нысанның ашылу салтанатында сөз алған бас директор Сағыныш Орынбасаров ұжым қызметкерлерінің еңбегіне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, салтанатты кеште Кейден ауылдық округі әкімі Сырлыбек Кенжебай мен Кейден ауылының ақсақалы Оразәлі Әбжанов арнайы сөз алып, көптің қуанышымен бөлісті. Оразәлі ақсақал жылы лебізін білдіріп, ақ батасын берді.
Құрылыс бұрынғы бас директор Кожамбердиевтің бастамасымен басталып, бүгінде толығымен аяқталды. Кейден ауылының маңында орналасқан зауыт, ауыл тұрғындарының өмірінде маңызды рөл атқарады. Зауыт жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосуда. Әсіресе, көршілес Кейден ауылы тұрғындарының тыныс-тіршілігіне тікелей араласып, әлеуметтің ахуалына дем беріп келеді. Аяқсу, жарық және өзге де мәселелерін шешуге жәрдем-көмегін аяған емес. Сонымен қатар, өндіріс орнында алдымен жергілікті жердің халқын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету басты назардан түскен емес. Өндірістің өркендеуі өлке дамуына үлкен мүмкіндік беретінін осыдан-ақ көруге болады.
Әли ТЕМІРБЕК