№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өңір әлеуеті – өндірісте

Өңір әлеуеті – өндірісте


Өндірісі мен өнеркәсібі өркендеген елдің әлеуметтік және экономикалық дамуы өзгеден озық тұрады. Бұл бағытта Сыр өңірінің әлеуеті алдыңғы қатарда тұр. Оның ішінде Жаңақорған ауданы өндіріс саласында да, инвестиция бағытында да көші ілгері. Яғни экономикалық тұрғыдан келсек, шикізат шығаруда, өнім өндіруде өлкенің өсу динамикасы көңіл қуантады. Бір ғана «Казатомпром» ҰАК» АҚ-на қарасты «СКЗ-U» ЖШС күкірт-қышқыл зауытының бағыт-бағдарынан ауданның бүгіні мен болашағын бағамдай беруге болады. Аймағымыздағы айтулы мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігін таразылап, бет-беделін бағамдап көруді жөн көрдік.


Облыс аумағының геологиялық құрылымы әртүрлі бағалы кен орындарының қабатымен ерекшеленеді. Арал атырабы мен Қаратаудың қойнауынан толы қазына-байлығы бүтін елге қызмет етуде. Бұл аймақтың болашағының бұлыңғыр емес, баянды екенін көрсетеді. Соның ішінде Жаңақорған ауданының халқын жұмыс­пен қамтып, қапталында орналасқан Кейден елді мекенінің бүтіндей әлеуметтік мәселесін шешуде маңызы басым «СКЗ-U» күкірт-қышқыл зауытының жай-күйіне тоқталып өтейік.
Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған күкірт-қыш­қылы зауытының бүгінде жылдық қуаты 510 мың тоннаға жеткен. Зауыт күніне 1500 тонна шикізат өндіреді. Облыстағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысында алғаш қолға алынған өндіріс орнында бастапқы жылдары 100 мың тонна күкірт қышқылы өндірілсе, кейінгі жылдары өндіріс жұмысы қалыпқа түсіп, өнімділік артты. Сонымен бірге электр энергиясын өндіріп, аудандық электр желісіне арзан бағада беруді қамтамасыз етуде.
Казатомпром ҰАК әлеуметтік жауапты комапния ретінде елдегі барлық шараларға жауапты болса, комапнияға қарасты «СКЗ-U» ЖШС елдің экономикасына үлес қосумен бірге осы әлеуметтік жауапкершілікті де қатар алып келеді. Түрлі бағыттағы қайырымдылық, демеушілік шараларынан қалыс қалған кезі жоқ. Зауыт құрылысы басталғалы Кейден ауылына көмек беруден бас тартқан емес. Ауыл тұрғындарының өтінішіне сай скважиналар қазып, оларға су тазартқыш орнатып берді. Тұрғындардың есік алдындағы учаскелеріне егін егу үшін дариядан су айдайтын электромотор орнатып беруді назардан тыс қалдырмады.
– «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауыты Қызылор­да облысының инновациялық-серпінді жобасы. Өндіріс орны 2007 жылы құрылған. Кәсіпорын 2012 жылы пайдалануға берілді. Тәулігіне 1500 тонна өнім өндіріледі. Бүгінде мұнда 273 адам жұмыс істейді. Оның 75% жергілікті ауданның азаматтары болса, оның ішінде Кейден ауылдық округінің тұрғындары да аз емес. Жалпы алғанда аудан экономикасының дамуына қомақты үлес қосып отыр.
Біздің зауыт – күкірт қышқылын дайындайтын Сыр бойындағы ауқымды өндіріс орындарының бірі. Шет елдің озық технологиялары қолдану нәтижесінде экологиялық залалсыз жұмыс істеп келеміз. Зауыт негізінен жер асты байлығын өзге қоспалардан сілті қышқылы арқылы айырып алатын өнеркәсіп орындарының сұранысын қамтамасыз етеді. Осы бағытта шикізат, яғни, күкірт Атыраудан әкелінеді, – дейді зауыттың бас директоры Ернұр Қожамбердиев.
Жоғарыда айтқандай, мекеме ауданындағы барлық қайырымдылық істердің басы-қасынан үнемі табылып келеді.
– «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді халық даналығында. Қайы­рымдылық – ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетінің, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Елімізде әр түрлі ак­циялар мен іс-шаралар өтуде, сол жұмыстардың жүруіне қайырымдылық қоры арқылы қол ұшын созып келеміз. Атап айтсақ, жағдайы төмен отбасыларына азық-түлікпен көмек беру басты назарда. Кейден ауылдық округі әкімшілігімен бірлесе қарт аналарды, аудандағы соғыс және тыл ардагерлерін мерекемен құттықтауды ұдайы ұйымдастырып келеміз. «Мектепке жол акциясы» аясында балаларды мектеп формасы және қажетті құралдармен қамтамасыз етуге айрықша мән береміз. Кейден ауылдық округіндегі ауыз су мәселесіне материалдық тұрғыда көмек беруді де назарда ұстап келеміз. Еліміздегі су тасқынына байланысты қаржылай көмегімізді бердік. Жаңа жыл қарсаңында аз қамтылған отбасы балаларына көмек беру, аудандағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлықтар жасау және Кейден ауылын техникамен қамтамасыз етіп отыруды да назардан тыс қалдырмай келеміз. Бұдан бөлек қаншама қамқорлық шараларымыз аз емес, – дейді мекеменің әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлімі басшысы Гүлнара Рустемова.
Аталмыш мекеме жыл сайын қайырымды­лық шарадан бөлек мерекелік күндерді, ұлт­тық құндылықтар мен ұлттық мейрамдарды атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ынтымақ пен достықтың кепіліндей өндірісте түрлі ұлт өкілі ауызбіршілікте еңбек етіп, әр мейрамда ұжым болып ұйыса кетеді. Өткен аптада әз-Наурыз мерекесінде болып, керемет кештің куәсі болдық.
Жақсылықтың жаршысы, жаңарудың нышаны болған, Жер ана оянып, табиғаттың босан­ған шағын қазақ халқы жақсылыққа балаған Наурыз күніне орай өткен шарада бір-біріне ақ тілектерін арнаған мекеме ұжымы қазақтың ұлттық ойындарымен күш сынасты. Әуелі ұзақ қашықтыққа жүгіруден бөлімшеаралық жарыс өтті. Кіл жүйріктер оза шапқан жарыстың үздіктері марапат төріне көтерілді. Одан кейін арқан тартыстан алыптар айқасты. Қара жердің шаңын шығарған білектілердің бәсекесінен кейін барлық ұжым ақ дастарханға жайғасып, мерекелік кештің куәсі болды. Аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасын тамашалап, бір сергіп алды.
Мерекелік шараны бас дирек­тордың өндіріс жөніндегі орын­ба­сары Дайырбек Қаленұлы, бас директордың қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Сұлтанмахмуд Шарханұлы және зауыт директо­ры Сағыныш Алмасбайұлы ашып, жылы лебізін білдірді. Одан мара­пат мінберіне бірнеше қызметкер көтеріліп, жоғары басшылықтың және аудан әкімінің алғысына бө­ленді. Марапаттан соң сахна төріне көтерілген зауыттың бас директоры Ернұр Маратбекұлы ыстық ықыласын білдіріп, мекеме жұмысшыларына құрмет көрсетті.
Елдегі апатқа байланысты Қаз­атомпром мекемесі тасқыннан зар­дап шеккен аймақтарға көмек көрсету­де. 10 сәуірден бастап Қаз­атом­пром қызметкерлері Атырау және Ақ­төбе облыстарында, сондай-ақ Орал қаласына кезекпен жіберіліп тасқын зардаптарын жоюға белсенді қатысуда.
Осы уақыт аралығында арнайы техникалар және шаруашылық-тұр­мыстық құралдар түріндегі гума­нитарлық көмек жеткізілді. Барлық бекітілген учаскелерде бөгеттер салу және нығайту жұмыстары жалғасуда. 84 арнайы техника жұмылдырылды.
Өз кезегінде, компания бекітіл­ген учаскелердегі қызметкерлері­нің жай-жағдайын және қауіпсіздігін бақылауында ұстап отыр.
– Елімізде орын алып жатқан табиғи апат барша қазақтың қа­бырғасын қайыстырып тұр. Біздің ұжым, мекеме қызметкерлері де қаржы­лай демеушілік жасап, қинал­ған ағайын­ға қол ұшын создық. Бұл біздің азаматтық парызымыз.
Былтырғы жылды біздің мекеме табысты түйіндеді. Мұның барлы­ғы бірліктің, тындырымды тірліктің арқасында. Биыл да меже айқын, ең бастысы, сапалы қызмет жасаудың жолын жүйелей түсуіміз керек. Келе жатқан мерекелермен баршаңызды құттықтаймын! – деп бас директор ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік шара ән-күймен өрі­ліп, қошқар көтеру және футболдан жарыстар жалғасты.
Иә, мемлекеттің табысты болуы­ның тетігінде өндіріс пен өнеркәсіп, қайта өңдеу сынды салалар тұ­рады. Бұл экономикаға ғана емес, әлеуметке де демеу бола алады. Мұны “Қазатомпром” ҰАК АҚ-ның өндірісінен, оның ішінде «СКЗ-U» күкірт-қыш­қыл зауытының тыныс-тіршілігінен де байқауға болады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
23 сәуір 2024 ж. 1 033 0