№78 (8789) 1

01 қазан 2024 ж.

№77 (8788) 28

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (8787) 24

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » » Ұстаз ұлағаты мәңгілік

Ұстаз ұлағаты мәңгілік


Ұстаздық ету – ұлы жол. Шыңы биік, мінер баспалдағы ауыр жол. Оқу мен тынымсыз еңбектің жолы. Қуаныш пен күрсіністің жолы. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дейді қазақ. Қырық жылдан бері елдің баласының көкірек көзін ашып, азамат етіп тәрбиелеу жолында еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз Теміржан Дандаевтың алдынан тәлім алған шәкірттері бүгінде егеменді мемлекетіміздің түкпір-түпкірінде абыройлы қызмет атқарып жүр.


Балғын балауса жүрегіне білім нәрін сепкен кең жүректі ұстаз №240 Ғани Мұратбаев атындағы мектепте 1986 жылдан бастап еңбек етіп келеді. 1988 жылдан бері тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары болып қызмет атқарды.
Ол 2000 жылдан бастап №229 «Абызтөбе» мектебінің директоры болып тағайындалып, атаулы білім ордасын 15 жылға жуық басқарды. Бүгінде №240 мектепте ұстаздық жолын жалғастырып, балаларға білім беруде.
Оқушыларының жеткен жетістігі мен бағындырған белесін қазынасына балап, олардың өмірден өз орнын тапқанына жас баладай қуанатын ұстаздың білім саласында жеткен жетістіктері бір төбе. Ұстаздың қырық жылға жуық ағарту саласында атқарған тынымсыз еңбегі мен үздіксіз ізденісі ескеріліп, облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақ комитетінің, аудандық білім бөлімінің грамоталармен және 2010 жылы «Жылдың үздік мектеп директоры» атағын иеленді. Шәкірт тәрбиесін бәрінен жоғары қойды. Ал, отбасында асқар тау әке, өнегелі ата. Алланың берген бес перзентін азамат етіп, ұлын ұяға, қызын қояға қондырып, немеренің қызына бөленіп отырған жан.
Сондай-ақ, Теміржанның ұстаз болғанын қасында жүрген әріптестері мен шәкірттерінен артық білетін ешкім жоқ шығар. Солардың қатарында әріптесі Бағлан Елеуов:
– Педагог – ертеңгі елдің тірегін өз тұғырында нықтап жан-жақты тәрбиелеп шығарады. Бұл мамандықтың құндылығы да осында. Демек, мектеп табалдырығын аттаған өспірім ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу әрбір ұстаздың міндеті. Ол жас өренге білім беріп қана қоймай, олардың бойында мақсатқа жетуде табандылық танытуды үйретуі тиіс. Сонда ғана өмірге бейім, қоғамда белсенді тұлға қалыптасады. Теміржан Оспанұлы сондай жаңашыл ұстаздың қатарынан. Бұл кісі өте білімді, сауатты, еңбеккөр ұстаз десем артық айтпас едім. Жүрегі өте кең. Ұстаз болу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін ауыр міндет. Ұстаз – білмегеніңді үйрететін, қатені түзейтін, бар білімін шәкірт санасына құятын адам. Міне, біз білетін Темір дәл осындай тұлға. Өзі жүрген ортасында сыйлы, ағайын-туыстың алғысын алып келе жатқан жан – деп бағасын берді.

P.S.: Мектептің жүрегі – ұстаз. Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, туған жерді сүйетін, парасатты азаматтарды қалыптастыруда мұғалімнің еңбегі ерен екенін кім де болса мойындары хақ. Осы орайда, Теміржан Дандаевтың жеткен биігі мен қол артқан жетістіктері көпке үлгі.
Өмірде зейнетке шықпайтын, өзінің ұлағатын тынбай жалғастыра беретін жалғыз мамандық бар. Ол – ұстаздық. Осындай қасиетті борыштың туын жықпайтын жігерлі жанның дені сау, ғұмыры ұзақ болсын!

Жұмабай Исабеков
01 қазан 2024 ж. 112 0