№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Перзентхана – періштелер мекені

Перзентхана – періштелер мекені


Шыр етіп дүниеге келген сәбиді ана бауырына салып, аялы күтім жасауда абыр-сабыр тілшілігі толастамайтын мекеннің табалдырығын аттадық. Бұл – талай отбасы өркеніне өмір есігін ашып, қаншама ата-анаға бала сүю бақытын, әке-шеше атану қуанышын сыйлаған бақыт ұясы.


Есіктен кіре бергеніміз сол еді, артымыздан іле-шала толғағы жетіп келген жас ананы екі жағынан демеген мейірбикелер босану бөлмесіне беттеді. Ақ желеңділердің бірі жүкті аналарды қабылдап алып, енді бірі аман-есен босанып балапанын қолына алған анаға күтім жасап, зыр жүгіріп жүр. Міне, босандыру залынан қосарлана іңгәлаған шарананың үнінен күйбең тірлікті бір сәт ұмытып, ғажайыптар әлеміне енгендей күйге бөлендік. Сөйтіп тұрғанда, перзентхананың меңгерушісі Гүлдана Тұрлыбекова қарсы жолықты.

– Перзентхананың тыныс-тіршілігі осындай. Кейде бір сәтке тынышталып қалады, ал кейде бірнеше әйелдің толғағы қатар келіп, қай жағына жүгірерімізді білмей қаламыз. Бірақ, кәсіби міндетімізде мін жібермей, оларды аман-есен босандырып алу екенін есімізден бір сәт те шығармаймыз. Ана мен бала денсаулығын нығайту жолында мемлекетімізде барлық жағдайлар жасалып келеді. Әйел жүкті болғаннан бастап есепке алынып, дәрігерлердің қарауында болады. Егер барлық жүкті келіншектер дәрігердің нұсқауларын, ақыл-кеңесін дер кезінде орындап отырса, дені сау бала дүниеге келеді, – дейді ол.

Дәрігердің сөзінше, 2023 жылы 1062 нәресте, 2024 жылы сегіз айда 981 нәресте жарық дүние есігін ашты.
Бөлім басшысымен сұқбатымызда бөлімде шала туған нәрестені күту, ертерек емізу, ана мен баланың бірге болуы, талап бойынша тамақтандыру, босануға психопрофилактикалық дайындау, серіктес босанулар, бо­сануда және кесар тілігі операциясы кезінде жансыз­дандырудың заманауи жаңа әдістерін сауатты іске асыру жолға қойылғанын білдік. Ол үшін мамандар үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденістерін жетілдіріп келеді.
Перзентханада кешеге дейін күрделі мәселе болып келген ыстық судың жайы шешіліпті, басқа да қажетті деген жағдайлар жасалған. Жас босанған аналардың алаңсыз күтінуіне мүмкіндік мол. Бұл жайт аурухана басшылығының тікелей бақылауында екен.
– Қазір біздің бөлімде бұрынғыдай емес, әйел мен бала саулығы үшін барлығы жеткілікті. Меніңше, ауданымыздағы аналардың барлығы бұл сөзімді құптайды. Балапанын бауырына басып, қуанған ананың шаттанған жүзін көруден асқан қуаныш жоқ. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу бірінші кезекте анаға байланысты. Болашақ аналарға айтарым, баланың өмірге келуі – бұл тек қуаныш қана емес, үлкен отбасылық жауапкершілік. Жүктілікті алдын ала тексеруден өтіп, денсаулығын түзеген соң жоспарлаған дұрыс,– дейді ол.
Енді өмірге келетін сәбиімен қауышар аналар үшін перзентхана бөлімінде қандай жағдай жасалған, олар қиналмай босану үшін қандай әдіс-тәсіл қолданасыздар деген сауалымызға жоғары білікті дәрігер былайша жауап қатты.

– Соңғы уақыттары табиғи әдістерді қолдану кеңінен қолданыста. Бұрынғыдай әйелдерді креслоға жатқызып босандыру жоқ. Бүгінде босанатын бөлмеде қажетті деген жағдай жасалған. Мұның бәрі ананың табиғи босануына қызмет жасайды. Өйткені дүниеге ұрпақ әкелу физиологиялық үрдіс. Босану кезіндегі серіктестің қатысуы қиналған әйелге психологиялық жағынан да, күш-қуат жағынан да үлкен көмек. Қазір артық дәрі-дәрмекті қолданбай босандыруды жолға қойдық. Осы жағдайдың бәрі дені сау баланың өмірге келуі үшін жасалған, – деді ол.

Иә, перзентхана – адамға өмір сыйлайтын құтхана десек, онда қызмет етуде бойыңа адамдық, адалдық қасиеттерін сіңіруің қажет. Себебі, дүниеге бейкүнә перзент келетін жерде адал жандар ғана өзгелерге қуаныш сыйлай алады. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына бағынбайтын қызмет түріне тек өз ісін құрметтейтіндер ғана төзе алады.
Жас босанып, нәрестесін құшағына қысқан көп балалы ана:
– Бесінші баламды аман-есен босанып отырмын. Адамнан адам шығу оңай емес қой. Бес баламды да осы перзентханада өмірге алып келдім. Барлығы да жұмыстарына адал, бар жағдайымызды жасайды. Әсіресе, аяжандардың еңбегін жоғары бағалаймын. Күніне қанша әйелге күтім жасап, тазалыққа келтіреді, – дейді.
Перзентханада медбике болып істейтін Нағима Шоқыбаева апайымыз осы пікірді дәлелдей түсті:
– Перзентханада жұмыс жасаудың жауапкершілігі үлкен. Үлкендеріміз жүкті әйелді «Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» дегенде тар құрсағын кеңітіп, адамнан адам шығудың оңай емесін меңзеген ғой. Біз де әр әйелмен бірге толғатып, бірге босанғандай күй кешеміз. Жанымыз бір әйел болғасын жағдайын терең түсінеміз. Сондықтан аяғымыздан тік тұрып қызметімізді аямаймыз, – дейді жиырма жылға жуық тер төгіп келе жатқан ана.
Сәбидің іңгәлаған дауысын есту - әрбір отбасы үшін зор бақыт екені белгілі. Сол бақытты сезінуге көмектесетін перзентхана дәрігерлерінің еңбегі жемісті болып, халықтың алғысына бөленуіне, өмірге дені сау ұрпақ әкелетін аналардың қуанышына ортақтаса берулеріне тілектестігімізді білдірумен сұхбатымызды аяқтап, жұмыстарына сәттілік тіледік.

Әсел РЗАЕВА
07 қыркүйек 2024 ж. 559 0