№42 (8856) 10

10 маусым 2025 ж.

№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Міндетім – адамдарға жарық сыйлау

Міндетім – адамдарға жарық сыйлау


Аудандық электр жүйелерінің жұмысын жолға қоюда маңдай терін төккен қарапайым еңбек адамы Сейітхан Алтынбековтің өмір жолы өнеге. Ғұмырын бір салаға арнаған ол байланыс саласында 35 жыл еңбек етіпті. Қоғамда көзге көп көрінбесе де, күнделікті тыныс-тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналған мамандықтың бірі – электромонтер. Ал осы мамандықты адал атқарып, қоғам дамуына үнсіз үлес қосқан бүгінгі біздің кейіпкеріміз бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отыр.


Кейіпкеріміздің таңдауы да, тағдыры да – еңбекпен өрілген жол. Қарапайым отбасынан шыққан ол бала кезінен тоқ желілерінің тетіктеріне қызығып, техникалық салаға бейімділігімен көзге түсті. Уақыт өте келе бұл қызығушылық нақты мамандыққа айналып, 1968 жылы электр жүйелері мекемесіне электромонтер болып орналасады. Содан бері қолындағы құрал-сайманы мен жүректегі жауапкершілікті қатар алып жүрген азамат бүгінде өз ісінің майталманына айналған. Еңбек адамының зейнет демалысына шыққанына да ширек ғасыр уақыт дөңгелепті.
– Мен жұмысқа кірген уақытта барлық нәрсенің тапшы кезі. Соның кем-кетігін жұмыскер қолдың күшімен толықтырдық. Негізі, электромонтердің жұмысы өте күрделі әрі жауапты. Қанша техника дамыса да, ток желілері мен жарық жүйелері – адам өмірінің негізгі жүйесі. Бір ғана қателік үлкен апатқа әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір іс-әрекетті он рет өлшеп бір рет кесетін едік, – деп еске алды Сейтхан аға.
Әлі күнге дейін әріптестері Сейітхан ағаның еңбекқорлығын, сабырлылығын, тиянақтылығын ерекше бағалайды. Ол ешқашан өз жұмысын ешкімнен төмен санаған емес. Керісінше, «менің міндетім – адамдарға жарық сыйлау» деп қарапайым ғана жауап береді екен. Бірақ осы қарапайым жауаптың артында үлкен мағына жатыр.
Қатарластарының сөзінше, кейіпкеріміз күннің ыстығында да, жауын-шашын мен боранда да тоқ станциясының басы-қасынан табылыпты. Ауыл-аймақты, мекемелерді жарықпен қамтамасыз ету үшін ерте тұрып, кеш қайтып, қай жерде ақау болса, соған жедел жетіп, түннің бір уағына дейін тынымсыз еңбектенетін кездері аз болмапты. Бірақ ол ешқашан мұны міндетсінбейді. Себебі бұл – оның таңдаған жолы, өмірлік миссиясы.
Еңбек жолын 1968 жылдары бастаған ол аудан көлеміндегі барлық елдімекенге тоқ тарту, байланыс орнату секілді жұмыстарға үлес қосқан майталманның бірі.
Қысы-жазы қар мен жаңбыр демей, ауылды аралап жүріп, сым жалғап, баған орнатып, трансформатор жөндеп, байланыс жүйесін іске қосты.
Өз тәжірибесін кейінгіге үйретуден жаңылмаған ол «нағыз қадірлі мамандық – адал еңбек» деп айтып отырады. Өзі де сол сөзге өмір бойы адал болды. Бір сәттік пайда емес, ұзақ жылдық абыройды биік қойған еңбек адамы бүгінде ұрпағына да, ортасына да үлгі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – тек бір мамандықтың шебері ғана емес, тұтас бір дәуірдің еңбек адамы. Ол кісінің қолымен тартылған сым – бүгінгі өркениеттің тамыры десек те болады.

Әсел РЗАЕВА
20 мамыр 2025 ж. 151 0