№35 (8746) 4

04 мамыр 2024 ж.

№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Қоғамдық кеңестің атқарар ісі ауқымды

Қоғамдық кеңестің атқарар ісі ауқымды


Ашықтық пен әділдік – қазіргі күннің басты талабы. Осы бағытта мемлекеттік органдар жұмысының жүйелі, нәтижелі болуы үшін қоғамдық кеңестің маңызын арттыруға баса мән беріліп келеді. Мемлекет пен халық арасындағы диалог алаңына айналады деген мақсатпен құрылған жаңартылған құрам сәрсенбінің сәтті күнінде аудан әкімдігінің кіші залында бас қосты. Алғашқы отырысқа қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмысшы тобының басшысы Мұрат Рыспанбетов, аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков және жұмыс тобы отырысының ашықтығы мен обьективтілігін қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі қатысты. Мақсат Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында 2021 жылдың 3 қаңтарындағы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңнамаға өзгерістер енгізілгені таныстыру.


Алдымен қоғамдық кеңестің негізгі міндеттеріне тоқталсақ. Олар халық үнін жеткізуші болғандықтан, мәселелерді жергілікті деңгейде талқылау мен шешім қабылдауда азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және қоғамдық пікірді ескеру, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және атқарушы билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қам­тамасыз ету болып табылады.
Қазақстанның барлық өңірін қам­тыған қоғамдық кеңестер 2016 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Министрліктердің, орталық атқарушы органдардың жанынан, сон­дай-ақ мемлекеттік басқарудың респуб­ликалық және жергілікті деңгейлерін­де консультативті-кеңесші, бақылаушы орган ретінде құрылған бұл институт бюджет қаражатын тиімді пайдала­нуға, мемлекеттік қызметтің сапасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске оң ықпалын тигізеді. Яғни, атқарушы органдар қоғамдық кеңестер арқылы шешім қабылдарда қоғамдағы маңызды мәселелерге мән беріп, көпшіліктің пікіріне жүгінеді. Бұл әрі мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді. Алайда қоғамда әлі күнге дейін аталған институтты жетілдіру, оның жұмысын ұйымдастыру мен жүргізуге қатысты сын-ескертпелер толастамай тұр. Қоғамдық кеңестердің құрылғанына көп бола қоймаса да осы ұйымның жұмысын ілгерілетуде көлбеңдейтін көлденең мәселелер де аз болмағандықтан, мұндай пікірдің қалыптасуы орынды. Сондықтан биыл сайланған кеңес мүшелері осы жаңсақ пікірдің алдын алуда, ел мен билік ара­сында алтын көпір орнатуда жұмыс жа­сайтын құрам екенін көрсететін бола­­ды.
Бұған дейін кеңес құрамында ег­де жастағы кісілердің басымдығы, гендер­лік тепе-теңдіктің сақталмай келгені және жастардың үлесі жоқ екені айтылып келген болатын. Осыны назарға алған қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмысшы тобының басшысы Мұрат Рыспанбетов қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын іріктеу барысында аталған мәселені назарға ала отырып жұмыс жасады. Құрамға қатысты сарапшылар тарапынан тағылатын сынды алға тартып, әртүрлі сала мен санаттағы өкілдерді мүшелікке бекітіп, елдің ортасында талқыланып жатқан мәселені шешуде дәнекер болатына сенім білдірді.


– Қандай бағытта болмасын құрылған қоғамдық кеңестердің негізгі міндеттерінің бірі халықтың мәселесін билік өкілдеріне жеткізіп, шешімін табуға қол ұшын созу. Бірақ, тұрғындар әбден қиналып біткен кезде ғана арызданады. Жұмыс барысын білмей жатып, сырттан қарап баға береді. Осындай жағдайларды болдырмау үшін қоғамдық кеңес мүшелері қоғам мәселесін ортаға салып, өзіндік пікірін білдіріп, ұсыныс айтып нәтижесін шығаруға дейін атсалысатын болса, одан ешкім ұтылмасы анық, – деді аудан әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы.

Сонымен аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 1 сәуірдегі кезекті XVII сессиясының № 194 шешімімен бекітілген қоғамдық кеңестің дербес құрамына аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев, аудандық мәсли­хат депутаты, «Шиелі жарығы» ЖШС филиалының директоры Жасұлан Амал­беков, жеке кәсіпкер Асылхан Шайыхов, №163 мектеп мұғалімі, «Жаңақорған аудандық Ауғанстан Ар­дагерлер және патриот жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Аблакимов, зейнеткер Халммұхамбет Тажіқұлов, «Ынтымақ»ЖШС-нің заңгер маманы Төребай Сапарбаев, «Жаңа­қорған тынысы» газетінің тілшісі Лаура Бибасарова, зейнеткер Ерубай Қалдыбек, «Ақжол» сауда ұйымының бөлім басшысы Қоғамбек Бейсембаев, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Жаңақорған ауданы бойынша өкілі Нұрхан Айдаров, өзін-өзі жұмыспен қамтыған Нұрман Жаханов, аудандық мәслихат депутаты, аудандық кітапхана меңгерушісі Әсем­күл Тілеубергенова, «Қызылорда облы­сы бойынша сыбайлас жемқорлықты жою комитеті» қоғамдық бірлестігінің Жаңақорған бойынша өкілі Қарасай Әшірбеков және «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы жаңа­қорған ауданы бойынша директоры Асылжан Жолдасбеков қабылданды.
Жалпы, билік пен қоғам арасындағы байланыстың дәнекері саналатын қо­ғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру, жаңғырту үшін оның дамуына ықпалын тигізетін осы жандар өз міндетін толықтай атқаруға дайын.
Жиын барысында күн тәртібіне қойылған мәселелер: Кеңес ережесін бекіту, кеңес төрағасын сайлау, қоғамдастық кеңес комитеттері немесе комиссия құру және олардың құрам­дарын айқындау және соңғысы кеңес төралқасының құрамын сайлау болды.
Жиын ашық түрде өтіп, кандидаттар заң талаптарына сәйкес бір-біріне ашық дауыс берді. Нәтижесінде кеңес мүшелерінің ең көп даусын жинаған Халмұхамбет Тәжіқұлов кеңес төрағасы болып сайланды.
Отырыс соңында қоғам белсендісі Қарасай Әшірбеков пен Нұрман Жаханов кеңес құрамынан өз еркімен шығатыны жөнінде мәлімдеп, жаңа құрамның алдағы ісіне сәттілік тіледі.
Өз кезегінде кеңес төрағасы Хал­мұхамбет Жолмырзаұлы: «Бұрын ел арасындағы түрлі түйіткілді мәселелер мен дау-дамайларды аузы дуалы ақсақалдар бір ауыз сөзбен шешсе, қазір сол ақсақалдардың орнын қоғамдық кеңес басты. Көпшіліктің көкейіндегі мәселені қозғап, елдің мүддесін қорғап, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізуде қоғамдық кең­естің рөлі зор. Осы ретте жауапты міндетті маған жүктеген екенсіздер, жұмылған жұдырықтай бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара жұмыс жасайтынымызға сенейік» дей келе жиналысты қорытындылады.

Лаура БИБАСАРОВА
09 сәуір 2022 ж. 335 0