» » Жаңа құрам – жаңа леп әкелсе игі

Жаңа құрам – жаңа леп әкелсе игі


Қоғамдағы әлеуметтік-эканомикалық маңызы бар мәселелерді талқылауда жергілікті жердегі азаматтардың белсенділігі биліктің назарынан тыс жатқан мүмкіндіктерді зерделеп, түбегейлі шешімдердің тамырына қан жүгіртетініне қалыпты өмірде көз қанықтыра бастадық. Бұл ретте қоғамдық кеңес халықтың мәселесін шешуде кеңесші орган болып табылып отыр ма?


Еліміз бойынша 249 қоғамдық кеңес ұйымдары бар екен. Олар барлық түйткілді мәселені шешіп беруге қауқарлы деп те айта алмайды екенбіз. Оған кешегі қаңтар оқиғасы да дәлел бола алады.
Дегенмен, жаңаруға ден қойған мемлекетімізде қоғамдық кеңестер жұмыс мазмұнын жаңашыл, соны бағытқа бұрып, Президентіміз айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді іске асыруға кірісуі керек.
Жаңақорған ауданында жаңадан жасақталып жатқан кеңес ә дегеннен таптаурын тәсілден арылып, түп қазығын өзгеше арнада бекемдеуге бел буыпты.
Биыл қоғамдық кеңестің төрағасы жаңақорғандық кәсіпкер Мұратбек Рыспанбетовтың басқаруымен арнайы жұмысшы тобы құрылып, (комиссия құрамында мүшелері – Нұрдин Исмайлов және Баянбек Қалжанов) кеңес құрамына өтуге тілек білдірген 27 кондидатураның өтінішін қабылдап, әңгімелесу арқылы іріктеу сынамасынан өткізді.
Үміткерлердің еңбек өітілі, алған марапаттары, қоғамдық кеңес құрамында атқаратын жұмыстарының бағыт-бағдары жөнінде ескеріліп қана қоймай, кеңес құрамына өте қалған жағдайда қандай салада мақсатты жоспары бар екені жөнінде пікір алмасылды...
Осындай бағытта нақты ұсыныстарымен көзге түскен азаматтар қатарында «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» Қалмахан Тәжіғұлов: «46 жыл еңбек өтілі бар. Ауданды ауыз сумен қамтамасыз етуде еңбегім зор. Әлі де елге пайдамды тигізгім келеді. Бізде құрылыс саласында шығынды аз қажет ететін резервтер бар. Мен соның көзін білемін. Стадион аумағында 2 гектардай бос жатқан жер бар. Соны саябаққа айналдыруға мүмкіндік бар. Осы маңда жаңадан түскен мектепке баратын жолды тиімді схема арқылы төте және жан-жақты қарастыруға болады десе, тағы бір үміткеріміздің жерге орналастыру бойынша мәселелерді шешуге атсалысамын деген сенімді талабы қуантты.
Жалпы, бұл жолы қоғамдық кеңеске мүшелікке талапкерлердің көбі жастар екені сүйсіндіреді. Қоғамдық кеңестің құрамына жұмысшы топтың сүзгісінен өткен, бойындағы білімін іскерлікпен ұштастыра алған топ еніп, жаңа леп әкеле алса нұр үстіне нұр.

Баян ҮСЕЙІНОВА
15 наурыз 2022 ж. 211 0