Адам папиллома вирусы

Адам папиллома вирусы дегеніміз не және одан өзімізді қалай қорғаймыз? Бұл вирус жиі кездеседі. Негізінен, вирусты жыныстық қатынас барысында жұқтырады, сонымен қатар тұрмыстық жағдайларда да жұқтыру мүмкіншілігі жоғары. Көбіне вирусты жұқтырғанда (жұқтырған) адам бұл вируспен зақымданғанын білмей де қалады, өйткені вирус өзінің клиникалық көріністерін айқын көрсетпеуі де мүмкін.
Адам папиллома вирусы (АПВ) – папиллома вирустық топтардан құралған. Бес тұқымдастықтан шыққан 27 түрі кездеседі, 200-ден астам типтес вирустық топ, вирустың кейбір штамдары онкология тудырады.
Адам папиллома вирусы (АПВ) – өзімен-өзі кетіп қалмай, жатыр мойнының жасушаларына көптеген өзгерістер алып келуі мүмкін. Сондай-ақ обыр алды қабынуларға да, уақтылы емделмеген жағдайда жатыр мойны обырына алып келуі мүмкін. Статистикаға сүйінсек, папиллома вирусын жұқтырған адамдарда инкубациялық кезең бірнеше айлардан 10-15 жылдың ішінде жатыр мойны обырының өршуіне алып келуі мүмкін. Ең қауіп тудыратыны – 6, 11, 16, 18 тұқымдастықтан туындайтын вирустар тобы.
Адам папиллома вирусын қалай анықтауға болады? Вирус папилломасы терінің шырышты, кілегейлі қабықтарында білінбейтін кішкене өсінділердің пайда болуымен ерекшеленеді. Жыныстық мүшелердің шырышты қабаттарында да үшкірленген кондиломалар, өсінділер байқалуы ықтимал. Теріде сүйел, ұшық, өсінділердің пайда болуымен ерекшеленеді. Уақтылы емделмесе осы айтылған жатыр мойны обырына алып келуі мүмкін. Жұғу жолдары – тұрмыста жанасқанда, жыныстық жолмен, жүкті әйелден ішіндегі балаға жұғады. Осыған орай, дәрігерлер дабыл қағуда. Өйткені статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жатыр мойны обыры таралуы бойынша барлық жастағы әйелдердің арасында сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр және 25-44 жас аралығындағы әйелдерде көп кездесіп, өлім-жітімге алып келуде.
Аурудың алдын алу шаралары:
- кездейсок адамдармен жыныстық қатынасқа түспеу;
- иммунитетке мән беру, жыныстық ағзаларды таза ұстау, жарақат алмауға, қабынуға жол бермеу. Адамның иммунитеті жоғары болса, вирусты әлсіретіп басып жоюы мүмкін. Ал егер иммунитеті күрт төмендесе, онда вирустың әсері жоғарылап, асқынуларға алып келуі ықтимал;
- әйел адамдарға уақтылы, жылына екі рет дәрігерге көрініп, тиісті зертханалық зертпеге анализ тапсырып отырғандары дұрыс;
- ең бастысы, АПВ-ны алдын алудың негізгі жолы – вирусқа қарсы екпе алу.
Адам папиллома вирусына қарсы вакцина жатыр мойны обырынан қорғайды, сонымен қатар адам вирус папилломасына қарсы вакцина әйелдің бала туу қабілетіне әсер етпейді.
АПВ-ға қарсы вакцинациялау әлемнің 135 елінде жүргізіледі, Әлемдік деңгейде АПВ-ға қарсы вакцина өзінің тиімділігін дәлелдеген. Сонымен бірге жасөспірім қыздар арасында вакцинациялаудан кейінгі жағымсыз реакциялар тудырғаны жөнінде дәйек тіркелмеген.
Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау 11 жастағы қыздарға жасалады. Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қырқүйектегі №11 қаулысында ата-аналардың (заңды өкілдерінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін 12 жастан бастап, 13 жас 11 ай 29 күнді қоса алғанға дейінгі жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы толықтыра вакцинациялау жүргізілуде.
Вакцина емдеу орындарында егу бөлмелерінде тегін жүргізіледі. Вакцинациялауға ата-анасынан немесе қамқоршыларының ақпараттандырылған келісімдерімен жүргізіледі. Сонымен қатар вакцинациялауға денсаулығында ақауы жоқ, сау балаларға дәрігердің тексерулерінен кейін, қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда жүргізіледі. Вакцинация Гардасил вакцинасымен жүргізіледі, алты ай интервалымен екі рет егіледі.
Жасөспірім қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинациялау туралы шешім қабылдата отырып, сіз оларды болашақта жатыр мойны обырынан қорғайсыз.
Ш.Айдарова,
Жаңақорған аудандық санитариялық
эпидемиологиялық бақылау басқармасы
басшысы
эпидемиологиялық бақылау басқармасы
басшысы