№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өндірісті өркендету өз қолымызда

Өндірісті өркендету өз қолымызда

Экономиканың басты тірегі – өнеркәсіп. Онсыз өсу де, өркендеу де болмақ емес. Бүгінде экономиканы қуаттандыруда шағын және орта бизнесті қолдап, өнім өндіруді жолға қою маңызды. Ауданда кәсіпкерлік саласы сауда-саттықтың айналасынан аспай тұрғаны көңілге қаяу салады. Өнім өндеу мен өндірудің әлеуеті төмен. Ал халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсартуда өңдеу өнеркәсібінің ықпалы өлшеусіз. Міне, осы тақырыпты саралап көрелік.
Облыс әкімінің мәжілісінде Нұрлыбек Нәлібаев өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесіне ден қойып, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. «Өткен 4 айда Қызылорда облысының өңдеу өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46,9% артты. Бұл көрсеткіш бойынша бірнеше ай бойы өсім қалыптасып, өңір бірінші орынға тұрақтады. Алдағы уақытта өңірде жаңа өндірістерді құру бағытында тиісті жұмыс өз деңгейінде жүруі керек. Тоқтап тұрған жобаларға басқармамен бірге талдау жасап тиімділігіне байланысты ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Расында, ауданымыздағы сауда нүктелеріндегі өнімдердің арасында отандық, оның ішінде жергілікті өнімдерге көп мән бермейміз. Мәселен, ауданымыз мал шаруашылығанан да, ауылшаруашылығынан да көш басында. Өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмысты жандандыруға әбден болады. Өкініштісі, жергілікті жерде өнімдерін өндеу түпкілікті жолға қойылмаған. Ауыл-аймақта сүт өнімдерін өңдеу шаруасы шала күйі. Сүт өнеркәсібін айтпағанда, шағын цехтың өзі жоқ. Шыны керек, біздің тұтынып жүргеніміз Павлодармен мен Ресейдің айраны мен сүті. Содан ағарғанның бағасы да құбылып, күн сайын өсім алуда. Бүгінгі таңда республика бойынша сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша 200-ге жуық кәсіпорын бар екен. Бұл – елдегі сүт өнімдеріне деген қажеттіліктің 70 пайызын қамтамасыз етеді. Нақтырақ айтқанда, ішкі нарықта азық-түлік өнімдерінің жалпы көлемінде сүт өнімдерінің үлесі 17 пайыз. Бұл жұмыс жасап тұрған кәсіпорындардың жылына 3500 тонна сүтті өңдеуге мүмкіндігі жетеді.
Ресми статистикаға жүгінсек, 2023 жылы 184 млрд теңгенің сүт өнімдері өндірілген. Еліміздің өндірілген отандық сүт өнімдерімен қамтамасыз етілу деңгейіне тоқталсақ. Сұйық сүт бойынша 91 пайыз, қышқыл сүт өнімдері 85, сары маймен 66 пайызды құрап отыр. Қалған бөлігін импорттық өнім толықтыруда. Оның ішінде, Ресей мен Беларусь елдерінің үлесі басым. Өзіміздің ауданда және елдімекендерде мал басы көп болғанымен сүт өнімдерін өңдейтін бірде бір кәсіпорын жоқ. Сүт өткізетін орындардың жоқтығы, сүтті бір жерден қабылдап, орталыққа тасымалдайтын қызметтің ұйымдастырылмауы қарапайым шаруаға қиындық туғызатыны анық. Кәсібін аяққа тұрғыза алмайды. Олардың ірі сауда нүктелерімен байланысы әлсіздігінен көп жағдайда делдалдардың асығы алшысынан түсіп жатады. Кәсібін өрістетуде өз әлеуетіне сүйенген қаратөбелік кәсіпкер Қымбат Исақанованың сүт және сүт өнімдерін өңдеу мен өндіруді жолға қоюда тыңғылықты талабы қуантты.
– Төрт түліктің қасиетін түсініп, бала жасымнан бойға сіңірдім. Қазірде сиыр сауып, айран ұйытып, құрт жайып, май шайқаймын. Жазда 10-12 сиыр, қыста 4-5 бас сиыр малынан өнім алып, кәсібімді жалғап келемін. Қыс мезгілінің өзінде 30-40 литр сүтті отта пісіріп, оны ұйытып, май мен құрт жасаймыз. Жиналған өнімді аптасына бір рет Түркістан қаласына базарға нарық бағасынан төмендеу етіп өткіземіз. Аудан орталығы бізге алыс әрі тез өте қоймайды. Байқайтыным, жұртшылық дүкендегі жылтырақ қалташадағы қоспасы көп айран мен сүтті, 5-6 данасын бір пакетке әдемілеп салып қойған әк қосылған құртты алып жатады.
Ал, ауылда сүт пен айран өте қоймайды. Өйткені барлығының қорасында бірлі-екілі бұзаулы сиырлары бар. Сондықтан отбасымызбен шағын кәсіпті қолға алып, қаймақ, май өнімдерін шығаратын шағын цех ашқымыз келіп отыр. Соңғы кезде мал шаруашылығына ешқандай грант беріліп жатқан жоқ деген желеумен оған да қолымыз жетпеді – дейді ол.
Жалпы, Қазақстан Сүт одағының мәліметіне сенсек, бүгінде нарықта айран, қаймақ, пастеризацияланған сүт, өңделген және тазартылған сүт өнімдеріне сұраныс мол. Халықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуде әлеуетіміз жеткілікті. Бірақ немқұрайлылық пен бейқамдық өндірістің өрістеуіне қолбайлау болып отырған секілді. Оның үстіне, біздің жергілікті өнім халыққа толық жетпегендіктен экспорт көлемі күн санап артуда. Әлбетте, төрт түліктен ағарған ғана емес, оның жүнінің өзі орасан пайда әкелетіні сөзсіз. Төрт-түліктің етін жеп, сүтін ішіп, тіпті өзге аймақтарға саудалап та жатырмыз. Бірақ оның терісі мен жүнін кәдеге асыра алып жатырмыз ба? Жылына мыңдаған бас қой қырқылады. Мал сойылады. Олардың терісі мен жүні ауылдың шетіндегі қоқыста жатады. Бұрын жүннен киіз басылатын, кілем тоқылатын, көрпе, көрпеше тігілетін.
Статистикаға жүгінсек, ілгеріде елімізде жылына 100-105 мың тонна жүн өндірілген. Тері өңдеу табысты болған. Бүгінде өзге елдерде қат саналатын малдың терісі де, жүні де кез келген жерде қоқырсып, өртеліп жатыр. Өнім бар, оны өндіріске қажетке жаратуда кенжелеп келеміз. Байқағаным, өзімізде бар шикізаттың қадіріне жете алмай желге ұшырып, сол жүн-жұрқадан өңделіп келген тауарларды қыруар қаржыға сатып алып жүрген жайымыз көңіл құлазытады.
Қызық, қытай, жапон, түркі, қырғыз халықтары түйе, қой жүнін өңдеп тон, күрте тігіп әлемдік нарыққа шығаруда. Көрші Моңғолияда тері, жүнді былай қойып, мүйіз, тұяқтар өңделеді. Моңғолияда қой саны 40 миллионға жақындаған. Солай бола тұра ысырап болған бір уыс жүн мен бір шөкім тері жоқ. Құрылысқа пайдаланатын «стекловата» деген материалды қойдың жүнінен жасап, әлемге таратуда. Байқасақ, шет елде тері өңдеу технологиясы қатты дамыған. Ал біз керісінше, төрт түліктің терісі мен жүнін сол мемлекеттерге татымайтын теңгеге экспорттап күнелтіп келеміз.
Осы тұста мал шаруақожалығының иесі Алтай Ағаділовты сөзге тарттық.
– Қолға пышақ ұстап мал союға кіріскен сәтте әкем, "терісін бүлдіріп алмай іре, тон тіктіреміз" дейтін. Ол кезде он теріге бір тон тіктіруші еді. Ал аталарымыз теріні өздері илеп, одан өрім қамшы жасайтын. Ол кезде қой жүні кәдеге асты. Әжелеріміз қой жүнін жуып, жіп иіріп, одан шұлық тоқитын. Қой етіне сұраныс көп, оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Бірақ, терісі мен жүнін қабылдайтын орын жоқ. Бұрындары Түркістан қаласынан жігіттер келіп жүнін де, терісін де жинал кететін. Оның өзі әжептәуір пайда әкелетін. Соңғы төрт жылдың көлемінде ешкім келіп алмайды. Өзіміз апарып өткізетін жер жоқ. Әлбетте, ішіміз ашиды. Бір қойдың жүнін қырқудың өзі оңай емес. Қойды екі мезгіл қырқамыз. Көктемде жабағы, күзде күзем жүнді пайдаға жаратамыз. Жабағы жүн іске аспауда. Күземнен киіз үйдің туырлығы, үзігі, түндігі, басқа да жабдығы басылады. Бұрындағы аналарымыз киіз басып, қолғапшұлыққа жүн иіретін. Қазір отар-отар қойдың жүні қажетсіз болып қалып жатыр. Ал, бірлі-екілі өткізетін жерге апарғаныңмен бағасы жарытпайды, май-пұлды да ақтамайды, – дейді шаруақожалық иесі. Мемлекет басшысы отандық өнімді қолдауды жиі айтып жүр. Мойындау керек, сырттан арзан әрі сапалы тауар ағыны артқанда бұқараның соған ұмтылары анық. Бұл тұрғыда импортты ырықтандырудың жалғыз жолы бар. Ол отандық, оның ішінде жергілікті өнімдерді әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Яғни, президент айтқан «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана тауар өтімді болып, сырттан келіп бізді ешкім жарылқамайды.
Осы ретте «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековтің ойын білдік.
– Бүгінде біздің ауданның өндірісі жақсы. Аудан тұрғындары өзіміздің жергілікті күрішті тұтынады. Жылыжайды дамытып, кәсіптің көзіне айналдырып отырған шаруалар да бар. Біздің кәсіпкерлік палатадан қолдау тауып, ісін дамытып жатқандар бар. Дей тұрғанымен тері, жүн бағытындағы өндіріс орындары бізде кенжелеп тұр. Осы бағытта арнайы үлкен қалаларда іссапарда болып, тері өңдейтін зауыттардың жұмысымен танысып қайтқанбыз. Біздің аймағымызға да тері өңдейтін өнеркәсіп ауадай қажет. Өйткені, төрт түліктің терісі мен жүні тау-тау болып әржерде жарамсыз болып жатыр. Теріден өте көп зат жасауға болады. Мәселен, киім, аяқ киім немесе тамақ өндірісінде де қолданады. Біздің аудан аграрлы аймақ болғандықтан, бізде мүмкіндік өте көп. Малдың терісінен бөлек, сүтінің өзі орасан табыс көзі болар еді. Бірақ, соны өз деңгейінде кәдеге асыра алмай отырмыз. Одан бөлек, Ташкенттің жылыжайында дәрімен өскен қияр, қызанақтар жалтырап, көзге әдемі көрінеді. Қарапайым халық кез келген өнімнің сапасын бағалап үйренбеген. Осы тұста айтқым келеді, өз өнімдерімізді кеңінен насихаттауымыз керек. Біздің ауданда халыққа керекті тауарлар жеткілікті. Мәселен, кәсіпкерлер дайын өнімді сырттан тасымалдаудан гөрі өндірісті қолға ала бастады. Құрылысқа қажетті ішкі әрлеу жұмыстарына керекті желімдер, шлакоблок, бардер, брусчатка, газаблок, полистиролбетон, плита бетон шығару қарқынды жұмыс жасап жатыр. Аудан халқы осындай жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, шеттен келген тауарды емес, өз өнімдерімізді қолданса, кәсіпкерлердің де өрісі кеңейер еді. Қазір мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған, түрлі бағдарламалар қарастырылған, – дейді ол.
Бұл қатарға Кейден елді мекендегі жүгері сусыны шағын цехын, Жаңаауыл мөлтек ауданы аумағындағы тор сетке және жиһаз жасайтын нысанды мысалға келтіруге болады. Десек те, отандық өнімнің тағдыры ең алдымен оны тұтынатын жергілікті халықтың сұранысына тәуелді. Егер біздің жергілікті өнім сатылмайтын болса, онда кіріс те болмайды. Елде өндіріс те өркен жаймайды.

Әсел РЗАЕВА

31 шілде 2024 ж. 142 0