№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

№39 (8853) 27

27 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Ізімнен ерген өркенім, аманат саған мектебім!

Ізімнен ерген өркенім, аманат саған мектебім!


Тіршіліктің адамзат баласына ортақ заңдылығы бұл. Жас өспей ме, көкейді теспей ме деген осы, кеше ғана мектеп есігін ашқан көкөрім кеудесі көк тіреп, әні-міне үлкен өмірдің желкеніне жармасып, өз өмір жолын табуға аттанып барады. Жүректе қимастық, жанарда жас. Себебі неде десеңіз, маңдайына күн, желкесіне жел тигізбеген әке мен шеше, ата-анасынан бетер өбектеп жағдайын ойлап шырқ үйірілген аяулы ұстаздары, партада бірге отырып таудай қуат болып жүрген қатар-құрбыларымен бірге өткен қызық дәурен, бәрі-бәрі артта қалып, тылсым мұхиттың толқынында қақпақыл қағып ала жөнелер болашақ күтіп тұр алда.


Жүздері бал-бұл жайнап, құшағы гүлге толған Жаңарық ауылындағы №167 мектеп оқушылары бұл күні ерекше толқыныста. Аталған білім ордасы осы оқу жылында «Жайлы мектепке» қоныс аударып, көл-көсір қуанышқа кенелді. Жарқыраған жаңа мектепке жаңа жетістіктер тарту ету осындағы барлық шәкірттің арманы.
Алтын ұяда білім алған он бір жылда тек «бестік» баға алып келген 5 түлек үздік атанып отыр.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Әнұран орындаудан бастау алды. «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты шараны мектеп директоры Қалдыбай Елемесов ашып, жас түлектерге сәт сапар тіледі.
– Биылғы оқу жылы біздің мектептің тарихында алтын әріптермен жазылған сәтті жыл болды. Біз жаңа мектеп ғимаратына қол жеткіздік. Шәкірттеріміз де өз біліктіліктерін түрлі сайыстарда дәлелдеп келеді. Бұл – біздің ұжымның еңбекқорлығының арқасы.
Ұлт болашағы – бүлдіршіндеріміз аман, ел іргесі бүтін, тыныш заман болсын. Біздің көзіміздің нұры, болашағы­мыз – сендерсіңдер! Сондықтан да сендердің жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматтары атануларыңа тілектеспін. Мектептің жүрегі – ұстаз. Ұжым тәжірибелі, білімді, ізденімпаз мұғалімдерден құралған. Алдағы уақытта білімді шәкірт тәрбиелеп, елдің ертеңгі тұтқасын берік ұстайтын жастарды тәрбиелеп шығару жолында мектептің ұстаздар ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, – деп ыстық лебізін білдірді.
Кеш бимен жалғасып, әнмен әрленді. Түлектер мектеп кілтін ізінен ерген төменгі сынып оқушыларына табыстады. «Мектеп вальсін» соңғы рет билеген түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. Кеш аяғында күмбірлей жөнелген жез қоңырау жүректері лүпіл қағып, қимастық пен қуаныш сезімдері қатар қабысып, жүздері бал-бұл жанған жас түлектер үшін соңғы рет соғылды.
Осы күні аудан орталығындағы №169 Н.Илялетдинов атындағы орта мектебінің соңғы қоңырау соғу мәртебесін 11 в сыныбы оқушысы, “Алтын белгі” иегері Тұрғанбек Ақниет (суретте) иеленді.

***

Елімізде жас өрендерді халықаралық білім стандартына сай біліммен қаруландыруда мемлекеттік білім мекемелерімен қатар жеке мектептердің де ролін арттыру міндеті қойылып отыр. Ауданымызда осы бағытта ашылған білім ошақтары қатарында Амангелді Абдуллаев атындағы зият­керлік мектеп-интернатының орны бір бөлек. Білім ошағында жалпы 20 сынып комплектісі 424 оқушыны қамтиды. Оларды 57 ұстаз білім нәрімен сусындатып келеді.
Бүгінгі соңғы қоңырау салтанатты мерекесінде Арайлым Ергешбай жетекшілік ететін мектеп бітіруші 25 түлек соңынан ерген оныншы сыныптықтарға аманаттарын тапсырып, ізгі тілектерін жолдады. Мектеп директоры Серік Абдуллаев сөз алып, оқу ордасының жетістіктерін паш етті. Биыл мектеп бітірушілер қатарында 3 үздік, 3 «Алтын белгіге» үміткер, тоғызыншы сыныпты бітірген 6 «Үздік аттестат» иегері бар. Сондай-ақ, республикалық деңгейде ұйымдастырылып келе жатқан пәндік олимпиадалар мен интеллектуалды байқауларда үздік танылып жүрген жеңімпаздар осы күні мектеп басшылығының Алғысын иеленді. Олардың қатарында оқу үздігі Бибатыр Динара, «Алтын белгіге» үміткерлер Бекасыл Рүстемұлы, Төлепбай Гауһар, Еділжан Асанов, дзюдо-дан облыс чемпионы Қуанышбек Наурызбай, гандболдан спорт шеберлігіне үміткер Сәния Бейбіткүл, Ұлттық ойындардан спорт шеберлігіне үміткер Шералы Мирас, «Айбын-2025» әскери сайысының облыстық чемпионы Берден Абдул Мұхамедқазы, еркін күрестен облыс біріншілігінің 1 орын иегері Нұрдин Асылжан, «Алтын сақа» республикалық математикалық байқауының 2 орын иегері Қайрат Томирис, республикалық конкурстың 1 дәрежелі диплом иегері Тәңірберген Нұрсая, «Абай оқулары» конкурсының 1 орын иегері Әбдуали Зарина, «Жарқын болашақ» байқауының 3 орын иегері Әмит Аяулым, «Мерген ару – 2025» әскери патриоттық сайысының 1 орын иегері Ерсін Самал, республикалық пән олимпиадасында қазақ тілінен 1 орын иегері Әбдікерім Кәусар, орыс тілінен 2 орын иегері Еркін Арна және тағы басқа түрлі салада үздік танылып жүрген шәкірттер марапат мінберінен көрінді.
Мектеп бітірушілердің соңғы қоңырау салтанатына арнайы шақырылған ауданның бас имамы Әбдіхалық Наметов сөз алып, қасиетті Құранда 650 жерде «Оқы» деген әмірдің кездесетін айтты. Яғни ислам білім­ге шақырады. Білім – адамдықтың, ізгіліктің айнасы. Сондықтан бүгін қанаттанып ұшып бара жатқан өрен­дердің болашағының тұғыр қазығы олардың көркем мінезді де бойға сіңіріп, кіішіпейіл ұстанымды тірек етуімен кемелдене түсетінін өсиет етті. Жеткіншектердің тест сынағынан мүдірмей өтуіне ақ батасын берді.
Жиын соңы мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндердің аға-апаларына арнауларына және мектеп өнерпаздарының ән шашуына жалғасты.

Баян ҮСЕЙІНОВА, Әсел РЗАЕВА
24 мамыр 2025 ж. 296 0