Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мектебім, саған мың алғыс!

Мектебім, саған мың алғыс!


Тағы бір оқу жылы аяқталды. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан кешегі періште пейілді балғындар бүгін үлкен өмірге қанат қақты. Он бір жыл ұстаз тәлімін алып, болашақ баспалдағына қадам басқан түлектер ыстық ұямен қоштасып, соңғы қоңырау соғылды. Бала шақтан болашаққа бет бұрған мектеп бітіруші түлектер мектебіне мың алғыс айтып, ұстаздарына бас иді.


Ел бойынша 2023-2024 оқу жылын 3,8 млн оқушы аяқтайды. Соның 186 мыңы алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басады. Былтырғы оқу жылында 3,7 млн білімгердің 172 мыңы мектеп бітіруші түлек. Биыл облыс бойынша 11-сыныпты 8 240 түлек тәмәмдаса, олардың 589-ы «Алтын белгіге» үміткер.
Бұл күні аудан бойынша барлық мектептерде соңғы қоңырау үнi сыңғырлап, түлектер жаңа да жауапты өмiрге аяқ басты. Алтын ұясымен қимай қоштасқан оқушылардың көңіл-күйіне ортақтасу үшін аудан орталығындағы №286 тірек мектепке арнайы барып, «Мектебім, саған мың алғыс!» атты түлектердің қоштасу шарасын тамашаладық.
Иә, бұл – алтын ұя мектебімен қоштасып, қияларға қанат қағатын жас түлектер үшін ең бір қымбат, қимас, ұмытылмас күннің бірі. Бітіруші сыныптың жетекшісі Назерке Биманова бастап шәкірттер сахна төріне көтерілді. Биыл бұл білім ордасын 21 оқушы бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққалы отыр.
– Алдымен барлық ұстаздар мен шәкірттерді оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын. Бұл күн ерекше тебіреніс пен толғаныстың, қуаныш пен қимастықтың күні. Ұстаз тәрбиесін алған әрбір перзенттің келешекке қадамы үл­кен жауапкершілікті жүктейді. «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаздар қауымының жылдар бойы төккен маңдай тері, қажырлы қызметі қашанда құрметтеуге лайық. Соңғы қоңырау үнін ұстазға тағзым деп қабылдауға болады. Ең бастысы, біздің болашағымыз – жас өрендердің қадамдары құтты болып, ертеңгі елдің мықты тірегі болуына тілектеспіз, – деді мектеп директоры Ләззат Нәлібаева. Ол мектеп бітірушілерге аудандық білім бөлімі басшысының «Алғыс хатын» табыс етті.
Әр саланы таңдаған түлектер ұстаздарына ізгі тілегін өлең шу­мақ­тарымен жеткізді. Арман ағайларымен бірге «Армандастар» әнін орында­ды. Мектептің дәстүрі бойынша «Білімнің алтын кілті» келесі жылғы түлектерге табыс етілді. Ән айтылып, қоштасу вальсі биленді. Келесі кезекте мектепішілік ата-аналар комитетінің төрайымы Мейрамкүл Бураханова ыстық ықыласын білдірді.

– Көзді ашып-жұмғанша 11 жылда өте шығыпты. Кеше ғана тұлымы желбіреп жүрген құлыншақтар бүгін үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Ұстаздарына мың алғыс, бұйырса олардың еткен еңбектері еш кетпей, алдағы ҰБТ және болашақта жемісін береді деп сенемін. Олар еккен шыбық мәуелі ағашқа айналып, көлеңкесін ертеңгі ұрпаққа түсіріп, ел үшін қызмет жасайтын тұлғаға айналсын дейміз. Түлектерге сәт сапар тілеймін, ең бастысы, өмірде өз орындарын тауып, таңдаған мамандықтарының биігінен көрінулеріне тілекшіміз, – деді Мейрамкүл апай.

Жалпы, жаңа мектептің жетістігі орасан. Ғы­лы­ми жобалар мен пәндік олимпиадалар және мектепшілік шаралар, аудандық семинарлар жиі өткізілуде. Бұл да бала болашағына даңғыл жол ашатыны белгілі.
Сонымен, он бір жыл білім беріп, тәрбиелеген алтын ұя мектеппен, аяулы ұстаздарымен қимай қоштасқан түлектер үлкен өмірге қадам басты. Оларды алда талай сынақ күтіп тұр. Біздің тілек, өрендеріміз сол сындардан сүрінбей өтсін.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
28 мамыр 2024 ж. 307 0