№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Сыңғырла, алғашқы қоңырау!

Сыңғырла, алғашқы қоңырау!


Елімізде 2024-2025 жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды.
1 қыркүйек – Білім күні алғаш мектеп табалдырығын аттаған шәкірттер алғашқы қоңырау сыңғырымен ыстық ұясына қадам басты. Бұл күн ұстаз бен шәкірттің қауышатын күні. Ата-аналар үшін де бұл тебіреніске толы сәт. Осындай керемет күні оқушылар қуанышының куәсі болып қайттық. №289 орта мектебіне арнайы барып, мерекелік көңіл-күйді сезініп, бір сәт балалық шаққа саяхаттадық.


Шараға аудан әкімі Мажит Самитұлы, аудан­дық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек, аудандық полиция бөлімінің бастығы, поли­ция полковнигі Нұрлан Ибраев және аудан ардагерлері арнайы қатысып, ұстаздарды құт­тықтап «Алғашқы қоңырау» күнімен құт­тықтап, шәкірттерге сәттілік тіледі.
Мерекелік шара бишілердің мың бұралған биімен ашылды. Салтанатты шеруді мектепке алғаш қадам басқан бастауыш сынып оқушылары бастады. Ұстаздары Гүлдана Сәкенқызы және Гүлмира Ермаханқызының қанатының астына жиналған бірінші сыныптықтарға биыл мектеп бітіруші түлектер Әліппе үлестіріп, ақ жол тіледі. Өз кезегінде 1-сынып оқушылары әннен шашу шашты. Алғы сөз алған аудан әкімі Мажит Самитұлы:
– Әрбір жаңа оқу жылының басталуы – ұстаз үшін де, мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушы мен ата-ана үшін де қуанышты әрі жауапты сәт. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ұлан-ғайыр еңбекті талап ететін жауапкершілігі ауыр, салмақты міндет. Сондықтан ізгілік пен ізденісті жоғары қойып, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие берудегі қызметтеріңізге табыс тілеймін. Білім саласына деген оң бетбұрыс, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың, қамқорлықтың барлығы жарқын келешегіміздің кепілі.
Әрбір оқушының тәуелсіз еліміздің игілігі жолында сапалы білім алуға асығып, болашақта озық ойлы, өрісі кең азаматтар қатарынан таныларына сеніммен қараймыз. Алған білімдеріңіз бен ұлағатты тәлімдеріңіз жарқын болашаққа жол ашсын, – деп ізгі тілегін білдірді.
Жалпы білім саласына мемлекет тарапынан қолдау өте үлкен. Жыл сайын заманауи үлгідегі мектептер мен балабақшалар бой көтеріп келеді. Бірер күн бұрын Байкенже ауылынан 150 орындық мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. Бүгінгі күні «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаңарық ауылында 300 орындық және Жаңақорған кенті Саяжай мөлтек ауданында 600 орындық мектеп ел игілігіне берілмек. Билібай ауылындағы №255 негізгі мектепке қосымша спорт залы мен 20 орындық асхана, Бесарық ауылындағы мектеп жанынан 375 орындық бастауыш сынып оқу корпусы және Жаңақорған кентінде 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектептерінің құрылысы қарқынды жүруде.
Мұның барлығы білім саласына деген үлкен қамқорлықтың жемісі. Нәтижесінде ауданда білім саласында айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткіздік.
Сонымен көптен күткен алғашқы қоңыраудың үні естіліп, келген қонақтар мен ата-аналар мектеп табалдырығын аттап, білім ошағының жай-күйімен танысты. Мектеп директоры Ұланбек Бимбетов мектептің ішкі әлеуетімен және бала­лар асханасының мәзірімен таныстырды. Жаңа білім ошағының бастауыш сыныбына 46 оқушы қабылданса, 145 бала тамақпен қамтылған. Оларға 45 ұстаз білім береді.
Аудан басшысы бастаған қонақтар бірінші сынып оқушыларына сәттілік тілеп, естелікке бірге суретке түсті.
Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында Сыр өңірінде 17 мыңнан аса бала мектепке алғаш қадам басса, аудан бойынша 1 сыныпқа 1708 оқушы қабылданды.
– Бүгін немерем алғаш мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Кеше ғана бесіктегі бала еді, міне жігіт болды деген осы. Біздің қуанышымыз, болашағымыз осы балалар ғой. Сондықтан олардың жақсы білім алып, ертеңінің жарық болуын тілейміз. Осы жолда бар еңбегін аямайтын ұстаздарға алғысымыз шексіз, еңбектерінің жемісін көрсін, – деді Ұлбибі апай.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
03 қыркүйек 2024 ж. 320 0