№42 (8856) 10

10 маусым 2025 ж.

№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Кент көшелері төрт түлікке төр емес

Кент көшелері төрт түлікке төр емес


Аудан орталығындағы қараусыз жүрген ірі қара мен ұсақ малдар тұрғындар үшін де, табиғат үшін де үлкен мәселеге айналды. Әсіресе көктем мен жаз мезгілінде сиыр, жылқы, қой секілді төрт түліктің топ-тобымен көше бойын кезіп жүргенін жиі байқаймыз. Бұл көрініс кейбіреулер үшін үйреншікті көрінер, бірақ кенттің келбетіне, тазалығы мен табиғатына зардабын ұмытпайық.


Көшелерді көгалдандыруға арналған тал-теректер, гүлзарлар мен шөптесін өсімдіктер мал тұяғының астында тапталып жатыр. Аудан әкімдігі мен мекеме қызметкерлері жыл сайын көркейту-көгалдандыру бағытында жүз­деген түп көшет отырғызып, гүл егумен айналысып келеді. Алайда сол еңбекті қараусыз жүрген малдың бір сәтте зая кетіріп жатқанын көргенде көңіл қынжылады.
Кент тұрғыны, зейнеткер Ырыскүл апа бұл мәселеге былай деп пікір білдір­ді:
– Менің үйім орталық көшеге жа­қын. Бұрын гүл егіп, есік алдын таза ұстайтынбыз. Қазір әркімнің сиыры мен жыл­қысы күн сайын есік алдына келіп, бәрін таптап, ластап кетеді. Үйге кіру мүмкін емес, көң иісі мүңкіп тұрады, – дейді.
Кенттің көркі, тазалығы осы қарау­сыз малдан қатты зардап шегіп отыр. Көшелерге үй жануарларының қиы жағымсыз иіс таратып, түрлі зиянды бактериялардың көбеюіне ықпал етуде. Бұл әсіресе балалардың денсаулығына кері әсер ететіні сөзсіз. Балабақша мен мектеп маңына жайылып жүрген малды жиі көруге болады. Мұндай жағдай – болашақ ұрпаққа жайлы орта қалыптастыруға үлкен кедергі.
Кент әкімдігі бұл мәселеден хабарсыз емес. Тұрғындардан түскен шағымдар негізінде арнайы рейдтік тексерулер де ұйымдастырылып келеді. Алайда шешімі табылмай отырған түйіндер әлі де жетерлік.
Жаңақорған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі ма­мандарымен әңгімелескенімізде:
– Қараусыз жүрген мал біз­дің бақы­лауымызда. Тұрғындар арасын­да түсін­діру жұмыстары жүргізілуде. Мал иелеріне ескерту жасалып, қайталанған жағдай­да айыппұл салынады. Бірақ кейбір азаматтар бұған бейжай қарап келеді. Қазір арнайы мал ұстау алаңы мен қамайтын орын жайлы да жоспарлар бар. Дегенмен, бұл тек әкімдікпен шешілетін шаруа емес. Мал иелері жауапкершілікті сезінуі тиіс, – дейді.
Шындығында, көше бойында жүрген мал қарасы көлік жүргізушілеріне де үлкен қауіп төндіреді. Көптеген жүргізуші жол бойында кенеттен шыға келген жылқыдан немесе сиырдан жалтарып, апаттық жағдайға ұшырай жаздағанын жасырмайды. Адам өміріне қауіп төндіріп отырған мұндай жайттарды көзге ілмеу – жауапсыздықтың көрінісі.
Жаңақорған – жылдан-жылға көркейіп келе жатқан аудан. Мұндай келеңсіз көріністер дамуды аяқтан шалары сөзсіз. Қараусыз малдың көшеде жүруі – тек бір үйдің емес, тұтас қоғам мәселесі. Сондықтан әрбір тұрғын малын қамауда ұстауға, қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтауға атсалы­суы қажет. Сонда ғана ауданымыз шын мәнінде таза, көрікті, қауіпсіз мекенге айналады.

Жәмила Ермахан

17 мамыр 2025 ж. 94 0