Соңғы жаңалықтар

№36 (8850) 17

17 мамыр 2025 ж.

№35 (8849) 13

13 мамыр 2025 ж.

№34 (8848) 10

10 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Батыр Әбен Үржігітов

Батыр Әбен Үржігітов


Майданнан елге аман-есен оралып, туған жердің топырағын түлетіп, ауылдың ажарлануына, экономикасы мен әлеуетінің артуына аянбай қызмет еткен батырлардың барлығы бүгінде мәңгі мекеніне аттанып кете барды. Ауданда бірде-бір соғыс ардагерінің көзі қалмады. «Тау алыстаған сайын, биіктей береді» демекші, сол сарбаздардың арамыздан алыстаған сайын ерліктері ұлықтала береді.


Жалпы ұрыс даласына Жаңақорған ауданынан 5 мыңға жуық азамат аттанды. Тең жарымы соғыс даласында жан тапсырып, туған елге оралмады. Ал аман қалғандары елге келіп, түрлі салада еңбек етті. Солардың қатарында Әбен Үржігітов те болды. Соғыстан кейінгі жылдары аудан экономикасының өрлеуіне, әлеуметтік саланың артуына қалтқысыз қызмет қылған батыр биыл 105 жасқа толды. Сүйегі асыл сарбаз туралы толғануымыздың сыры осында.
Иә, бүгінгі азат елдің арайлап атқан таңы осы жауынгер жүректі батырлардың ерлікпен суарылған қиямет өмірлерінің өтеуі деуге болады. 5 жыл елден жырақтап, от пен оқтың, өмір мен өлімнің ортасында жүрген бабалар батырлығын әсте ұмытуға тиіс емеспіз. Әбен майдангер де 5 жыл бойы ұрыс даласында болып, туған мекенге жеңіспен оралған қаһарман.
Әбен Үржігітов 1920 жылы 15 ақпанда Жаңақорған қонысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1939 жылы аудандық кітапханада кітапханашы болып бастайды. Соғыс басталғанға дейін аудандық прокуратурада хатшы болып та істеген. 1941 жылы майдан даласына аттанады. Алғашында Челябинск қаласында кіші командирлер даярлайтын курсты үздік бітіріп, аға сержант атағын алған ол взвод командирінің орынбасары ретінде 1943жылдың ақпан айына дейін Батыс майданында шайқасады. Тучина қаласында командирлер даярлайтын курсты үздік бітіріп аға лейтенант атанады. 1943 жылдың маусым айынан бастап №78 айрықша десанттар ротасының командирі болып тағайындалады. Кескілескен ұрыста жарақаттанған жас жігіт дала әскери госпиталіне түсіп, денсаулығы түзелген соң қайтадан қаруын қолына алып, майдан шебіне кіреді.
Елге 1945 жылдың күзінде оралған сарбаз 1946-58 жылдары аудандық мәдени ағарту бөлімінің меңгерушісі, аудандық кадр бөлімінің меңгерушісі, «1 май» колхозының төрағасы, Жаңарық ауылдық Кеңесінің төрағасы, «Ленин» колхозының төрағасы қызметтерін атқарған. Осындай қызметтер атқара жүріп 1975 жылы зейнеткерлікке шықты. Халық қалаулысы атана білген ол 1958 жылдан Жаңарық ауылдық Кеңесіне депутат болып сайланды. Өзі басқарған жылдары ауылдың әлеуметтік хал-ахуалының артуына, халқының мәдени деңгейінің өсуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Қандай қызметте болмасын талапшыл, принципшіл, темірдей тәртібімен көпті тиянақты жауапкершілікке тәрбиеледі. Әскери дағдысына сай тәртіпке бағындыра білген партия жауынгері қарапайым еңбек адамдарына қамқорлық жасауға келгенде жүрегі кең, жаны жомарт еді.
Ауылшарушылығының дамуына дем беріп, шаруалардың еңсесін тіктеуіне қажыр-қайратын аямады. Ауыл келбетін ажарландырып, жасыл желекке көмкеруде бастамашылдық талабынан танбады. Елді айрандай ұйыған ауызбіршілікке үндеді. Үлкен жүрек иесі осындай азаматтың үлгісінен зейнеткерлікке шыққан соң да ажырамады. Қашан болсын ел тағдырына келіп тірелетін мәселелерде ақсақалдық ақыл-өсиетін, төбелі елге төрелігін айтып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Әсіресе жастарға жол көрсетіп,бағыт-бағдарын түзеп отырды. Міне осындай еңбегін бағалаған елі де оны ардақтай білді.
Кең кеудесінде «Қызыл жұлдыз»,«I дәрежелі Отан соғысы» ордені және бірнеше медальдары жарқыраған атамыз салтанатты шаралардың қонағы болып, бір жасап қалатын. Бұл адал еңбек пен шынайы қызметке деген құрметтің белгісі. Перзенттерін қанағатшылдыққа, адалдыққа, турашылдыққа тәрбиелеген батыр зайыбы Үріш Тұрсынбайқызы екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан немере-шөбере сүйді. Бүгінде 3 ұл, 7 қыздан 50-ден аса немере 100-ге жуық шөбере өніп-өсуде. Отан алдындағы перзенттік борышын адал атқарған рухы асқақ ӘбенҮржігітовтің перзенттері түрлі салада еңбек етуде.
81 жасында дүниеден өткен батырдың есімін ұлықтауды мақсат еткен ауылдастары ол кісінің атына көше берген болатын. Біз мақтан еткен ержүрек жауынгер туралы қысқаша жазба осы. Әбен Үржігітов секілді батырлардың өзі өмірден өткенімен ерлігі ел есінен ешқашан өшпейді. Біздің бақытты ғұмыр кешуіміз осындай жауынгерлердің арқасы...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
10 мамыр 2025 ж. 130 0